Қос мерейтой аталып өтті
Биыл Шу ауданының қазығы қағылып, уығы қадалғанына тура 95 жыл толғаны жалпақ жұртқа мәлім. Сондай-ақ композитор, дала серісі, білекті баһадүр Балуан Шолақ (Нұрмағанбет) Баймырзаұлының туғанына 160 жылдан асып отыр. Күллі қазақ халқына ортақ қос қуаныш өткен аптаның соңында кең көлемде аталып өтті.
Алашқа сауын айтып шақырылған дүбірлі думан өңіріміздегі «Наурызтөбе» алаңында өтті. Оған Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, өңір тұрғындарын қос мерейтоймен құттықтады. Сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері Б.Жексембин, А.Кәрентаев, Қ.Төлендиев, С.Батыршаұлы, Ә.Жолшыбеков, О.Асанғазы, М.Нәбиев тойдың салтанатына куә болып, жүрекжарды лебізін жеткізді. Сонау Ақмола облысынан Балуан Шолақтың немересі Шайдолла Шолақовтың дүбірлі думанға қатысуы шараның салмағын еселей түскенін айта кеткен жөн.
Ербол Шырақпайұлы бастаған қадірлі меймандар ең алдымен қазақ хандығының құрылуы туралы театрландырылған көріністі тамашалады. Одан кейін қонақтар Билер, Абай, Батырлар ауылымен танысты. Билер ауылында Төле бидің батасы ұсынылса, келесі киіз үйде Абай Құнанбайұлының қара сөздерінен композициялық көрініс көрсетілді. Ал үшінші ауылда Кеңес одағының батырлары Саттар Естемесов пен Сәду Шәкіров бейнелерінен инсталяциялық көрме қойылды.
Ақшаңқан үйлер маңында қыз-жігіттер алтыбақан аясында ән шырқаса, Балуан Шолақ ауылында тұлғаның мадақ-марапатқа ие болғаны жайлы сахналық қойылым көрсетілді. Дүбірлі думанда шеберлер ауылында саусағынан өнер тамған жандардың туындыларынан көрме жасалып, Достық ауылында өңірдегі этномәдени бірлестіктердің ынтымағы дәріптелді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінен жасалған фотозона да мерейтойдың шырайын келтіріп, келген қонақтардың алма-кезек суретке түсіп жатқанына куә болдық.
Мерейтойға арналған мерекелік сазды бағдарлама шымылдығы аймақ басшысының ақжарма тілегімен түрілді.
-Шу жай ғана өлке емес. Қазақ тарихының қасиетті қонысы. Бұл өңір елдік пен берекенің, ынтымақ пен ырыстың ордасы. Бүгінгі тойымызды еселей түскен Балуан Шолақ бабамыздың 160 жылдығы. Ол тек алып күштің иесі ғана емес, сырлы сазға, нәзік өлеңге, өр мінезге толы ұлы тұлға. Біз осындай мақтанышымызды ұлықтай отырып, ұрпағымыздың бойына ұлттық рух пен патриоттық сезім дарытамыз,-деді Жамбыл облысының әкімі.
Мұнан кейін К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының ұжымы мен жергілікті өнерпаздар әсем әндерін әуелетіп, тамаша билерімен тәнті етті. Тойда елімізге танымал актер, өнер тарланы, жерлесіміз Ергенбай Әбу Балуан Шолақтың атақты «Ғалия» әнін қоңыр домбырамен құйқылжыта орындап берді. Одан бөлек, көрермен сазгер Марат Ильясовтың орындауындағы әндерді естіп, ескі жылдарды естеріне алды. Думанды шараға арнайы келген «Алатау серілері» тобы той қонақтарына тамаша әндерін тарту етіп, зор қошеметке ие болды.
Мерейтой қарсаңында Балуан Шолақ Баймырзаұлының 160 жылдығына арналған ересектер арасында қазақ күресінен түйе палуан анықталған ашық турнирі өтті. Сайдың тасындай іріктелген 16 балуан жеребе тартудан кейін көк кілемге шықты.
Бірінші белдесуді шулық балуан Айболат Тынышбай мен түркістандық Қайсар Шәмшидин бастады. Бірі сүтпісірім уақытта қарсыласын алып ұрып жатса, енді бірі қас қағым сәтте жеңімпаз атанып отыр.
Соңғы белдесуде шымкенттік қарсыласын жыққан мойынқұмдық балуан Ғабдолла Оңалбай үшінші орынды иемденіп, қанжығасына жарты миллион теңгені байлады. Жамбыл ауданынан келген Нұрлан Қырғызбек екінші орынды иеленіп, 1 миллион теңгенің сертификатын алды. Ал, ашық турнирдің түйе балуаны атанған тараздық Айдос Бескемпір 2 миллион теңгені еншіледі.
Одан бөлек, бірқатар қатысушылар көрермен көзайымы мен жеңіске деген құштарлығы үшін аталымына лайықты болды. Жеңімпаздарға жүлделерді тапсырған мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Кәрентаев, Бөрібай Жексембин, ақмолалық кәсіпкер Марат Нәбиев пен Балуан Шолақтың немересі Шайдолла Шолақов табыстағанын айта кеткен жөн. Бұған қоса, той барысында қол күресі, кір тасын көтеру секілді жарыстар да ұйымдастырылды.
Ата-бабаларымыз ас бергенде ат шаптырып, көкпар тартқызғаны көпшілікке мәлім. Онсыз ешбір тойдың сәні кірмейтіні анық. Атшабар алаңында жылқы десе, делебесі қозатын көрермендер үшін тай жарыс, құнан және аламан бәйге өтіп, онда да әр өңірден келген шабандоздар бабы келіскен жүйріктерінің бағын жарыс жолында сынап көрді.
Алғашқы кезек берілген тай жарысында қордайлық Дүйсеғұловтар әулетінің Қызғалдақ атты жүйрігі мәре сызығын бірінші болып кессе, құнан бәйгеде Т.Рысқұлов ауданынан келген Ербол Барманқұловтың Дубай атты сәйгүлігі жеңімпаз атанды. Ал, көрермендер асыға тосқан аламан бәйгенің алдынан көршілес Т.Рысқұлов ауданынан келген Арман Төленбаевтың Сарыдала атты тұлпары бірінші болып келді. Тұлпарлардың жер илеген тұяғынан көтерілген шаң ешбір көрерменге кедергі болмады.
Ұзын-ырғасы 14 команда қатысқан көкпар ойыны да екі күнге жалғасып, балуандар өзара кім мықтыны анықтады. Финалдық бәсекеде Меркі ауданының командасы басым түсіп, жеңімпаз атанса, екінші орын ауданымыздағы Белбасар ауылының “Аманат” командасына бұйырды. Үздік үштіктен жергілікті Балуан Шолақ ауылының құрамасы мен Т.Рысқұлов ауданының Бірлес командасы көрінді. Осылайша, ұлттық спорт түрлерінен бірнеше жарыс өткізіліп, әрбір жүлдегерге қомақты қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Байжан Емберді.