Төле би бабамыздың тойы қалай өтіп еді?
Тәлімі мен тәрбиесі зор қарекет сөзі еске түскенде қоғам қайраткері, Жамбыл облысының және Шу, Байзақ, Мойынқұм аудандарының Құрметті азаматы, бірнеше орден мен медаль иегері Аманкелді Карентаевтың жақсы қарекеттері, яғни ауданымыздың бірінші басшысы болған жылдарында атқарған игі істері мен игілікке бастаған ізденістері жайлы қалам сілтеуді жөн көрдім.
Ол кісі 1991 жылы 21-наурызда өткен Шу аудандық партия комитетінің кезекті пленумында жасырын жабық дауыс беру арқылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Бұл кезде мен Шу аудандық «Шу өңірі-Чуйская долина» газетінің редакторы болатынмын. Қызмет бабымен аудан басшысының жиындарына қатысып, берген тапсырмаларын орындауға құлшыныс таныттым. Сол жылы тамыз айында коммунистік партия тарап тынды. Шу ауданы халық депутаттары кеңесінің төрағасы болып Карентаев сайланды.
Аудан басшысының лауазымының атауы өзгергенімен атқаратын мерейлі міндеті сол қалпында сақталды. Әбекең жаңа ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, жергілікті ел-жұртымен кеңесіп, абырой биігіне қол жеткізуге аянбады.Ешкімнің де қас-қабағына қарамастан қызметкерлердің іс-әрекетін әділ бағалады. Қырық рулы ел, бірнеше ұлт өкілдері тұратын ауданда тәртіп пен реттіліктің болуын бірінші орынға қойды. Осы бағытта көптеген ізденістерге батыл барды. Шу ауданы облыстағы іргелі аудандардың бірі болғандықтан көпсалалы болатын.
Атап айтқанда, ауыл шаруашылығымен қатар басқа да салалары жетіп артылатын. Басшылықтың алғашқы күнінен бастап ол тапсырманы тиянақты беріп қана қоймай, оның орындалуын қатаң бақылауға алды. Келесі 1992 жылғы наурыз айында елімізде әкімдік басқару институты енгізіліп, ауданымыздың алғашқы әкімі болып Амангелді Карентайұлы тағайындалды. Аудан әкімдігінің жаңа құрамы іріктеледі екен деген қызу әңгіме ел ішінде желдей есті. Арада екі күн өткеннен кейін ауданның жаңа әкімі мені қабылдауына шақырып, орынбасарлық қызметке ұсынатындығын жеткізді. Әбекеңнің кадр саясатына келгенде де жан-жақты ойланып, толғанатындығына тәнті болдым. Осындай сенімнен кейін қоян-қолтық араласып, өз міндетімді адал атқаруға бар күш-жігерімді жұмсап бақтым.
Қай кезде де болмасын экономика мәселесі алдыңғы кезекте тұратындығы баршаға аян. Аманкелді Карентайұлы аудан ақсақалдарымен ақылдаса келе жиырма ірі шаруашылықтың басшыларын бір жылға жуық істе сынап көріп, сенімнен шықпағандарын ауыстырып, орындарына қолынан іс келетін жергілікті кадрларды тағайындады. Уақыт өте келе, арыз-шағым айтушылар, қызметке талас-тартыс біртін саябырсып, ақыры тоқтады. Бұл жетістікті облыс басшылары жоғары бағалап, халық депутаттары облыстық кеңесінің ХV сессиясында облыс аумағындағы істің жай-күйі туралы баяндама жасаған Өмірбек Байгелді Шу ауданынан арыз-шағым түсу азайғаны туралы айтып, үлгі етті. Осы сессияда Өмекеңнің: «…жақсы жұмыс істегендер бар.
Міне, Шу ауданында Карентаев жолдас Монғолияға үш рет барып, 4 мың тонна ұн берді, 76 мың қойды бері айдап келді, етке өткізді, осы арқылы қой үнемдеп, жекешелендіруді алға жүргізді. Осындай жолдарды іздестіру керек, жолдастар» деген сөзі облыстық «Aq jol» газетінде жарияланды. Нан тапшылығы туындаған Монғолияның Баян Өлгей аймағымен алыс-беріс жасауға 1992 жылы аудандағы 110 мың гектарға дейін дәнді дақылдар тұқымын сеуіп, астықты мол алуға мүмкіндік туғызған еді. Әр гектардың қайтарымы 15,3-15,7 центнерге дейін жетті.
Егіншілікте табысқа қол жеткізуде ауданның алғашқы әкімі Шу өзенінің жағасында әрі аумағында Тасөткел су қоймасы бар ауданда ылғал жетіспеуіне себеп болып отырған ағын суды тиімсіз пайдалануды тоқтатқанының көмегі көп тигені жайлы да айтпай кетпеуге болмайды. Бұл үшін «Манас» әуежайының басшыларына өтінішпен шығып, бір тікұшақты жалға алып, екі рет көктемде және жаздың басында егін өсіретін шаруашылықтар басшыларын, бас агрономдарды, аудандық газет тілшілерін қасына алып егіс алқаптарының жай-күйін әуеден бақылауды тәжірибеге енгізді. Шетелдік технологияларды енгізуде де талпыныстар жасалды, Францияның «Сюкдден кери» фирмасымен әріптестік байланыс орнатылып, ауданға қант қызылшасын өсіруге керекті мол өнімді техниканың түр-түрі жеткізіліп, аудан қызылшашыларына көмегі көп тиді. Ауданды басқарған жылдары Әбекең жаңа технологияларды енгізумен ғана шектеліп қалмай, шетелден инвестиция тарту жолдарын да қарастырды.
Бұған шаруашылықтарды аралап жүргенде Шатыркөл өзенінің жағасынан ескі кен орнын көргені түрткі болды. Сұрастырып білгенінде, көне дәуірде бұл жерде ағылшындар мен қытайлар мыс өндірген екен. Ал, кеңес дәуірінде қырқыншы жылдары кен орнын барлау жұмыстары басталып, жетпісінші жылдары тоқтап қалыпты. Осы барлау жұмыстарының нәтижелерін тапқызып, Шатыркөлде 35 миллион тоннадан аса, ал, Жайсаңда 8 миллион тонна мыс қоры бары туралы деректерді білді. Мұншама қазба байлықты халықтың игілігіне жұмсау қажет еді. Бұл үшін не істемек керек? Осы сауалға жауап іздеп облыстың бірінші басшысына кірді.
Өмірбек Байгелді жақсы бастаманы қолдайтын дағдысымен көп көмегін тигізді. Республиканың тау-кен мәселелерімен айналысатын салалық министрліктері мен ведомстволарының алдына мәселе қойылды. Өмірбек Байгелдінің тікелей ықпалымен бірлескен ағылшын-қазақ кәсіпорны «Три К эксплорэйшин энд Майнинг ЛТД» компаниясы мен «Асиер» акционерлік қоғамымен Шатыркөл, Жайсаң кен орындарының жұмысын жандандыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді. Аталған шетелдік компаниялар басшылары республика өнеркәсіп министрлігінің өкілдерімен және Шу ауданының әкімі Аманкелді Карентаевпен бірге Шатыркөл кен орнында болып, бірлесіп игеру жөніндегі шартқа қол қойды. Іле-шала кен орнын игеру қолға алынып, Шу ауданының орталығы Төле би ауылында шетелдік компания өкілдігі ашылып, Шатыркөлде бұрғылау қондырғылары жұмыс істей бастады.
Ауданға бірінші басшы болып келгенінде алдынан шыққан өткір мәселелердің бірі – Тасөткел су қоймасына қатысты болғанын қалай ұмытсын. Бұл су қоймасын салған кезде тартылған ұзындығы 37 километр үлкен Шу каналы бойынан дренаждық кішігірім каналдар жасалмағандығының кесірінен айналасындағы бірқатар елді мекендердің тұрғындары зардап шеккен, үйлерінің астынан су шығып, үгітіліп құлай бастаған. Әбекең елдің жағдайына алаңдап, сол кезгі ауыл шаруашылығы министрі Балташ Тұрсынбаевқа шығып, келіп, көруін сұрады. Келді, су басқан үйлерді аралап бәрін көріп, жағдайға қанығып кетті. Сол кезгі астана Алматыға оралысымен су шаруашылығымен айналысатын Р.Шотанов деген маман басқарған арнайы комиссия жіберді. Бұлар егжей-тегжейлі тексерді, тиісті қорытындыларын жасады.
Нәтижесінде аталған ауылдар Халықаралық қайта құру және Даму банкінің «Жерді суландыру және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасына енгізілді. Өкінішке қарай, жобада ұсынылған бағдарламалар бес жылдан кейін ғана бекітілді. Өйткені бірнеше рет сараптамадан (экспертиза) өткізіп барып жібереді. Одан соң қаржы бөлінгені, шаруаның атқарылғаны бар, біраз уақыт кетті. Қалай болғанда да жер асты суларының көтерілуінен зардап шеккен ауылдарға дренаж жүргізіліп, көлемі 1170 гектар жер тұздан тазартылып, мелиорация жұмыстары атқарылды. Су 20 метрдей төмен түсті.
Ауыл тұрғындары көшуді тоқтатты. Бұл жұмыстар жүргізіліп жатқанда Аманкелді Карентайұлы алдымен Байзақ ауданының әкімі, одан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып істеп жүрген еді. Шу ауданында өзі бастап кеткен істің аяқсыз қалмауына тікелей араласып, жұмыс барысын, бөлінген қаржының игерілуін, дренаждық каналдар тартылуын үнемі назарда ұстады. Амангелді Карентайұлы шаруашылық жұмыстарымен қатар, әлеуметтік мәселелерге де үлкен мән берді.
Аудан ардагерлері Новотроицк селосының атауын «Төле би ауылы» деп атағанды жөн көрген еді. Бірақ, жоғарыдан қолдау таппаған. Аудан орталығына Төле би баба есімін беру мәселесі қаншама күрделі көрінсе де Аманкелді Карентайұлы ел-жұртпен етене араласып түсіндірме жұмыстарын жан-жақты жүргізе білді. Халық депутаттары аудандық кеңесінің бірінші сессиясының күн тәртібіне өзгелермен қатар аудан орталығының атын өзгерту туралы мәселені қойғызып, талқылатты. Күткеніндей көпшілік дауыспен келімсек көпестің атындағы ауылды Төле би есімімен атау туралы қаулы қабылданды. 1991 жылғы 27 маусымда қаулыға қол қойып жоғары жаққа жіберді. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1992 жылғы 19 наурыздағы Қаулысымен аудан орталығының аты Төле би ауылы болып өзгертілді. Ал, республика Жоғарғы кеңесінің 1993 жылғы 4 мамырдағы №2189 қаулысымен аудан мен қаланың жазылуы жаңа транскрипциямен «Шу» деп жазылатын болды.
Әділдіктің салтанат құруына қол жеткізген шулықтардың абыройы артып, мерейі таси берді. Бір басқосуда Аманкелді Карентайұлы Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының батыры Тоқтар Әубәкіровті ауданға құрметті қонақ ретінде шақыру жөнінде бастама көтерді. Жиналғандар бұл ұсынысты қызу қолдады.
Сонымен қазақ халқының бағына біткен тұңғыш ғарышкермен жұртшылықтың кездесуі аудандық мәдениет үйінде өтті. Ұлт дәстүрі бойынша қадірлі қонақты ақ боз атқа отырғызып, иығына шапан жапты. Төле би ауылындағы бұрынғы негізгі көшелердің бірі Советская көшесіне Тоқтар Әубәкіровтің есімі берілді. Шу ауданы Тоқтар Әубәкіровке көше атын берген өңірлердің алғашқыларының бірі саналды.
Аты аудан орталығына берілген ұлы би – Төле би бабамыздың 330 жылдық мерейтойын өткізу аудан басшысы Аманкелді Карентайұлы үшін үлкен сын болды. Шу өңірінің Жайсаң жайлауында дүниеге келген тарихи тұлғаның ең алғашқы ауқымды республикалық мерейтойын өткізу, ескерткішін тұрғызу үшін көп қаржы керек еді. Ал, Шу ауданындағы Төле би тойы мамыр айының 21-22-сіне белгіленген еді. Уақыт өте тығыз. Ауданда тез арада Төле би қорының арнаулы есепшоты ашылып, аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып, кәсіпкерлерді, жеке азаматтарды, кәсіпорындар, ұйымдар, шаруашылықтарды үлкен тойды өткізуге қаржылай үлес қосуға шақырды.
Шапағатты істе үлгі танытқандар жайлы облыстық «Aq jol», аудандық «Шу өңірі» газеттері жиі жарияланымдар беріп отырды. Ал, Республиканың бас газеті – «Егемен Қазақстанның» облысымыздағы меншікті тілшісі Мейрамбай Сатыбалды Аманкелді Карентайұлынан сұқбат алып, ол басылымның 1 сәуірдегі санында «Бар қазақ баласына ортақ баба» деген тақырыппен жариялағанының көмегі аз тиген жоқ.
Республиканың түкпір-түкпірінен хабарласқандар көптеп шығып, қаржы түсе бастады. Мерейтойын өткізуге дайындық жұмыстары аясында Төле бидің тұңғыш еңселі ескерткішін тұрғызу да қолға алынды. Мүсіншілер тарапынан ұсынылған жобалар республикалық комиссияның талқысына ұсынылды. Олар Төле бидің биік төбеде ой үстінде отырғаны бейнеленген ескерткіш жобасын құптады. Енді оны қайда орнатамыз дегенде орталық саябақты лайық көргендер болды. Бұл жерге сейілдеп келгендер болмаса, басқалар көрмейді.
Аудан басшысы ретінде Аманкелді Карентаевтан сұралғанда, ол ескерткішті Төле би ауылының кіре берісіндегі айналма жолға орнатуды ұсынды. Бұл жермен республикамыздың оңтүстік өңірін Солтүстік аймағымен жалғастыратын үлкен жол (трасса) өтеді. Әрі шағын алаңға алуан түрлі гүл отырғызып, кілемдей құлпыртса ауыл сәулеті де арта түседі. Ұсынысы қабылданды. Ұлы бидің тойын өткізетін жерді таңдауға республикамызға кеңінен танымал режиссерлар Асқар Тоқпанов, Қадыр Жетпісбаев және тағы басқалар шақырылды.
Аудандық, облыстық комиссияларының біріккен мәжілісінде мерейтой өткізілетін жерді Керегетас жайлауында ұйымдастыру келісілді. Әсіресе, жерлесіміз Шу ауданының төл перзенті Қадыр Жетпісбаев дала сахнасы үшін лайықты жер таңдауда үлкен көрегенділік көрсетті. Жайлауға апаратын жол салу мәселесі бойынша республика Автомобиль жолдары министрі Ш.Бекболатовқа облыс басшысы Өмірбек Байгелді, облыстық жол құрылысы басқармасының бастығы Боранқұл Елубаев және аудан әкімі Аманкелді Карентаев бірнеше рет өтінішпен шықты. Министрлік тарапынан 1 миллиард 200 миллион сом ақша бөлініп, жол салу ісі қолға алынды.
Айта кетелік, мерейтойға дайындық кезінде төселген 50 шақырымдық асфальт жолдың игілігін аудан шаруашылықтары ғана емес, Шатыркөл кенішінен кен тасушылар да көріп келеді. Сол кездегі елдің ыстық ықыласы мен кең пейілінің арқасында арнайы құрылған есепшотқа қаржы көптеп түсті. Қаржы жинауға Шу ауданының тұрғындарымен қатар Алматы, Жамбыл, Шымкент, Талдықорған қалаларынан атсалысқандар аз болмады.
Атам қазақ: «көп түкірсе, көл болады» – деп тегін айтпаса керек-ті. Қажетті қаржы жиналды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген шынында рас. 1993 жылғы Жеңіс мерекесінен кейін Амангелді Карентайұлының тікелей тапсырмасы бойынша сол кездегі «Ақтөбе» өндірістік кооперативінің төрағасы Жұмажан Асылбеков екеуіміз аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа шақыру қағазын тапсыру үшін Алматыға жол тарттық. Димаш аға шулықтардың Төле би баба тойын өткізгелі жатқандығын естігенде үлкен қуанышқа бөленіп, іштей тебіренді. Ол кісі Төле би Әлібекұлының тарихи тұлғасы туралы біз білмейтін, біз естімеген жайттарды ашық әңгімеледі. Сөзінің соңында дәрігері рұқсат етсе, тойына келетіндігіне сендірді. Өкінішке қарай, Димаш ата денсаулығы сыр беріп, тойға келе алмады. Ол кісінің өзі келмесе де, Шу еліне деген сәлемін жеткізгенімізде, көпшілік қауымның қатты тебіренгенін байқаған едік. Той қарсаңында аудан әкімі Аманкелді Карентайұлының тапсырмасымен Алматыға тағы да шұғыл шаруамен баруыма тура келді.
Естуімізше мүсіншілер немесе суретшілер тарапынан Төле би ескерткіші дұрыс жасалынбаған деген уәж айтыла бастапты. Сондықтан бізге қызмет етіп жатқан шеберхана жабылып қалып, жұмыс тоқтап қалған көрінеді. Осыдан да сол кездегі мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиевке Аманкелді Карентайұлының сәлемін жеткізіп, рұқсат қағазын алуға тиіс болдым. Діттеген күні министрдің қабылдауында болып, қажетті құжатқа қол қойғызып шықтым. Ұлы бидің ескерткішін Шуға жеткізудің қамына кірісіп кеттік.
Мерейтойдың алғашқы күні тұғырына қондырылған ұлы би ескерткішінің салтанатты ашылуына шақырылған құрметті қонақтар арасында ел ағалары, мемлекет және қоғам қайраткерлері Асанбай Асқаров, Қаратай Тұрысов, жазушы Шерхан Мұртаза, Парламент депутаттары, министрлер, көрші Өзбекстан, Қырғызстан республикалары, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының делегациялары, облыстың барлық аудандарынан келгендер бар еді. Еңселі ескерткішке ән-жырдан шашу шашылып, апаларымыз бен жеңгелеріміз тәттілерін таратты. Үлкен де, кіші де мәз болып, Керегетастағы той өтетін орынға бет алдық.
Атап айтар жайт, бұл жайлауда 444 ақ боз киіз үй тігіліп, жан-жақтан келген меймандар мәре-сәре болып жатқан еді. Өнер шеберлерінің үлкен концерті, ақындардың облыстық айтысы өтіп, таң бозарғанша жастардың сауық кеші толастаған жоқ. Ертеңіне салтанатты жиынды облыс әкімі Ө.Байгелді жүргізіп отырды. Той әсерін ат жарыстары, палуандардың белдесуі де еселей түсті. Төле бидің мерейтойы республикалық деңгейде ерекше өткізілгені әлі күнге аңыз етіп айтылып келеді. Шу ауданындағы Ұлы би тойына бір апта өткеннен кейін Шымкент облысындағы Ордабасы деп аталатын өңірде Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің мерейтойлары аталып өтті.
Бұл тойға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан республикаларының президенттері қатысты. Амангелді Карентаев бастаған Шу ауданының елжұрты да 12 қанат ақ боз үй тіккен болатын. Үш елдің Мемлекет басшылары – жоғарыда аталған үш президент Төле би баба туған ауданның ақ дастарханынан дәм татқандығын мақтаныш сезіммен айта аламыз.
Ахметжан ҚОСАҚОВ
ардагер журналист,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.