Батыр баба есімі ұлықталды
Түгін тартсаң майы шығатын, топырағын түртсең көмбелі тарих сарнайтын Шу өңірінің әр тау-тасы, адыр-жалы, сай-жырасы, өзен-көлі кешегі сары даланың сыбызғы үніндей өзіне баурайды. Сонау қат-қат тарихқа үңілсең, көп сырға қанық боласың. Тегінде Қазақ хандығының құрылғанына 560 жыл толуына орайласып келіп отырған Шу ауданының құрылғанына 95 жыл толуын, Шудың қала мәртебесін иеленгеніне 65 жыл толуын өскелең ұрпаққа өнегелі тұстарымен өткізбеуіміз алдыңғы толқынға және атқамінер азаматтарға сын. Соны жанымен ұғынған Шу ауданы әкімдігінің басшылығы мерейтойдың маңызы арта түссін деп Балуан Шолақ Баймырзаұлының 160 жылдығын да қатар тойлауды жөн көрді.
Ел тарихында ерен ерліктерімен із қалдырған Нұрмағанбет Баймырзаұлы туралы біз білмейтін деректер көп-ақ. Білеміз деп жүрген деректердің кейбірі шындыққа жанаспайды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Соңғы жылдары мемлекетіміз тарихи әділдікті қалпына келтіруге баса мән беріп отыр. «Төл шежіреміздің ақтаңдақ беттерін» ашу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Өткенді саралап, оған шынайы баға берудің маңызы зор» деген сөзінің жаны бар. Балуан Шолақ Баймырзаұлының 160 жылдығына арналған «Атадан ұл тумайды мендей сабаз» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция соның дәлелі.
Аудандық мәдениет үйінде өткен конференцияны Ұлттық журналистік зерттеу орталығының жетекшісі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Дәрмен Смайыл жүргізіп отырды. Ең алдымен аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков сөз алып, Балуан Шолақ бабамыздың атын ұлықтаудың маңызына тоқталды. Мұнан кейін «Darmen Media» баспасында құрастырылып, шығарылған «Атадан ұл тумайды мендей сабаз» кітабының қызыл лентасы қиылып, қатысушы қонақтарға үлестірілді. Аталған кітапта Балуан Шолақ туралы ғылыми мақалалар мен шығармалар топтастырылған.
Тарихи кітаптың тұсауы кесілгеннен кейін филология ғылымдарының докторы, профессор Әбдиман Өмірхан Әбдиманұлы, Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылығын зерттеуші, техника ғылымдарының кандидаты Нәбиев Марат Аскенұлы мазмұнды баяндамасын оқыды. Сондай-ақ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры, халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі Бұлдыбай Анарбай Сағиұлы, халық өнерін зерттеуші, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті Медеубек Сағатбек Медеубекұлы, Қазақ радиосы «Інжу-маржан» бағдарламасының авторы Зарлы Қойшығұл Мұстафаұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ғалымы Абдраев Молдахан Кәріпбайұлы, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің профессоры Бейсенқұлов Аязби Ақбергенұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің аға оқытушысы Әбдіраман Ермахан Шайхыұлы, ҚР мәдениет қайраткері, әнші Шүкіман Еркін Тұрсынғалиұлылар мінберге шығып, Балуан Шолақты зерттеудегі міндеттерді алға тартып, баһадүр бабамыз төңірегіндегі жалған деректердің жолын кесіп, ақиқатты ашуға айрықша көңіл бөлген жөн екендігін айтып өтті.
Конференцияда Балуан Шолақ Баймырзаұлының «Ұлт азаттық көтерілісіне» қатысуы мүмкін деген деректер айтылып, алып күш иесінің сол көтерілістегі азаматтық ұстанымы, қайраткерлігі жөнінде ақтарылмаған тұстарына тыңнан түрен салу қажеттігі алға тартылды. Бұған қоса, әншілік, сазгерлік қырынан танылған Балуан Шолақ бабамыздың Кенен Әзірбаевпен кездесіп, оған біраз әндерін қалдырғандығы туралы тарих беттерінен мағлұматтар берілді. Алдағы уақытта Балуан Шолақтың әндерінің шығу тарихы, ел арасында насихатталуы тұрғысында да тың зерттеулер жүргізу қажеттігіне баса назар аударылды. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы Абай даңғылы және Байтұрсынұлы көшесі қиылысында орналасқан Балуан Шолақ атындағы спорт кешеніне батыр бабамыздың мүсінін қою, сол жақтағы «Байқоңыр» жерасты метросын Балуан Шолақ атымен атау туралы ұсыныстар да айтылды. Жалпы ғылыми-тәжірибелік конференцияда Нұрмағанбет Баймырзаұлы туралы көпшілік жыға біле бермейтін ақпараттар мен тарихи деректер айтылды.
Бәріміз жиі айтатын 51 пұт кірдің тасын көтерген баһадүр бабамыздың осы бір ерлігін әлемге паш етудің де өзіндік бағасы бар. Неге десеңіз, 816 келі кір тасын көтерген Балуан Шолақ Баймырзаұлының көрсеткішінің жартысына әрең жеткен әлемнің мықты азаматтарының өзі Гиннес рекордтар кітабына енгенде, иісі қазақтың маңдайына біткен марғасқа ұлдың бұдан бөлек ауыз толтыра айтарлық ерліктері жетерлік. Сондықтан да өскелең ұрпаққа баба есімін дәріптеу жолында осындай игі шаралардың берері мол.
Айғаным Асқарбек.