Ақпараттық портал

Еңбек бәрін жеңбек…

Өткен тарихқа көз жүгіртсек, ерліктің екі түрін жасап батыр атанған жандарды білеміз, бірі қиян-кескі соғыста, кескілескен ұрыста жауына атой салып, қару кезенген қаһарман бабаларымыз болса, енді бірі ұшы-қиыры жоқ ұлан-ғайыр атырабымыздың төскейінен дән теріп, қой өргізген, еселі еңбегімен тылда ер атанған ата-апаларымыз. Еңбектің ғана өнбегі болатынын, еңбектің ғана татқаны тәтті болатынын, еңбектің ғана еленетінін жастайымыздан құлағымызға құйып өссек те, бүгінгі күні қоғамда адал еңбекке мойны жар бермейтін жалқаулардың көбейіп бара жатқанына қарап, алдыңғы буынның еңбек арқылы ер атанғанын үлгі ету ісін мықтап қолға алған жөн бе деп ойлайсың…

Соны жанымен ұғынған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де биылғы жылды “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп белгілеуінің өзінде терең астар, мағыналы мән бар-ау?! Тарихтың беттерін парақтар болсақ, шаруаны белден басқан шулықтар қотан-қотан қой төлдетіп, қамба-қамба астық орып, саба-саба сүт алып, шет-пұшпағына дейін қалдырмай тола-тола жүн басқан ата-апаларымыз еңбек өнімділігін арттыруға қомақты үлес қосу арқылы еңбегі еленіп, ел аузында қалды. Байқар болсақ, еңбек ерлері атанған сондай жандардың да арасы сиреп бара жатқандай. Біздің мақсат, олардың әңгімесіне құлақ түріп, өткенінен сабақ алып қалу.
Жақында ғана өткен күннің бедерінде еңбектің іздері қалған сәттерді еске алған ерекше кездесу өтті. «Елу жылда ел жаңа» дегеннің дәлелі бола білген айрықша кездесуде осыдан жарты ғасыр уақыт бұрын, яғни Кеңес үкіметі тұсында белі қайыса жүріп еңбек еткен жандар бас қосты. Айтпағым, Шу өңіріндегі Ақтөбе колхозынан солтүстікке қарай беткейлей орналасқан Ерназар ауылында тауарлы-сүт фермасы болған, сол сүт фермасын Мадалиев Нұрмаханбет басқарады. Ол тұста бәрінен де сиыр бағып, сүт өнімділігін арттыру, қызылша егіп, тәтті түбірден тау тұрғызу оябын таба білетін адамның ғана қолынан келетін іс болған деседі көзкөргендер.
Бұл күндері халқы Қалқа деп атап кеткен Нұрмаханбет атамыздың өзі болмаса да, сол кісінің көзіндей болған Шымшық анамыз бар. Әрі «Орнында бар оңалар» демекші, артында қалған ұрпағы жақсы әкенің атын әлі де жанға азық қылып келеді. Көңілдерге түрлі ой түйдірген әсерлі кездесуде Мадалиева Шымшық анамыз төрден орын алып, абыз ананы жағалай Көшкінбаев Сайлау, Көшкінбаева Рыскүл, Тасболатова Байкүл, Қызметов Аманжол, Уалиева Гүлжанат, Богаудинов Құдайберген, Сағындықова Гүлбаршын, Есеева Науаткүл, Асылбекова Мінәй, Жүнбасова Орынкүл, Ордабаева Құрманкүл, Богаудинова Фарида, Нұрғожаева Күләйхан, Дакаев Асланбек, Копекова Алмаш есімді ата-апаларымыз жайғасты. Аты аталған кісілердің алқалауымен, Шымшық анамыздың ұлдарының қолдауымен өткен кездесуде бас қосқан жандар өткен күннің өрнегіне бойлап, қиын болса да қызықты өткен, бейнетті татса да зейнетіне жетіп отқан күндерін жүздеріне күлкі үйіріле отырып еске алды.
Әсіресе, «Сыйласарлық тектінің кім танымас нұсқасын» дегендей, ерлі-зайыпты Нұрмаханбет және Шымшық Мадалиевтардың шарапатты істерін айтқанда жақсылықтың қадамы ұзақ екендігін жазбай танисыз. Олай дейтінім, дастархан басына жайғасқан жандар қос азаматтың жақсылығын жарыса айтқанда айтқан сөзімнің дәлелін аңғартты.
Жоғарыда аты аталған жандар жастайынан сүт фермасында еңбек етіп, бірі сиыр бақса, бірі бұзау бағып, енді тағы бір шоғыры сауыншы болып қызмет еткен. Бұрындары қазақ тұрмысында көбіне-көп бие сауып, қымыз ашыту кең етек алған. Соның дәлелі болса керек, қазақ халқы қымызмұрындық, сіргежияр кәдесін жасап, мәре-сәре болысқан күндер болған. Қымыздың да түр-түрі көп болған. Ал, бертін келе сиыр сүті де қолданысқа енгізілген. Кеңес заманынан кейінгі онжылдыққа бажайлап қарасақ, сүт өндірісіне қатысты дерек тек бірыңғай сиыр сүтіне ғана негізделгендей әсер қалдырады. Сиыр бағу да, сиыр сауу да оңай емес түсінген жанға. Зеңгі баба түлігінің де бұғауға көнбейтін асауы болады, асау бұзауды ұстап тұру да, асау сиырды игеріп, одан шелек тола ақ алу оңай емес, әрине… Міне, осындай еңбекте ысыла жүріп, талай машақатты басынан өткере жүріп, соның арасында сол сүт фермасында жүріп бір-бірін тауып, отау тіктеген жандар Нұрмаханбет ата мен Шымшық апамыздың кеңдігінің, кісілігінің үлгісін көреді. Тіпті, еңбегі бағаланып, «Еңбек даңқы» ордендерін кеуделеріне таққандығын да мақтанышпен айтты. Сауыншы апаларымыз арасында қой сауғандарын да айтып өтті. Осы «Еңбек даңқы» орденінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі орденін алған еңбеккерлеріміздің дәрежесі «Социалистік Еңбек ері» атағына ие болған адамдарға теңестірілген. Бұл күндері арамызда «Социалистік Еңбек ері» иегерлері қалмаса да, «Еңбек даңқы» орденін алған абыройлы жандарымыз әлі де баршылық. Уақыт алға жылжыған сайын ол азаматтардың да қатары сиреп, тарих беттерінде қатталып қала бермек. Сондықтан да олардың еңбегін лайықты түрде бағалап, атақ-даңққа, сый-құрметке бөлеудің өзі артық етпейді.
Ерекше кездесуде барлығы бір-біріне етене жақын. Кейбірі сол тауарлы-сүт фермасында бас қосып, біріне-бірі жезде, жеңге, балдыз болып біте қайнап кеткен. Ол жерде бірге қызмет жасаған әпкелі-сіңілі, ағалы-қарындасты жандар да бар. Тіпті, туыстық қатынасы болмаса да бір-біріне жатбауыр болмай, туғанындай болып кеткендер де бар. Содан болар, бір-бірімен әзілі жарасып, өткен күннің естеліктерін айтып, қауқылдасып отырды.
Сол тауарлы-сүт фермасына комиссия мүшелері тексере келгенде арнайы дәм таттыратын Шымшық анамыз, арнайы қонақ кеткеннен кейін көл-көсір дастарханына шаруада жүрген жандарды да шақырып тойдырады екен. Дастархан басында отырған жаны жайсаң жандар Шымшық анамыздың қолынан татқан дәмі әлі тілін үйіретінін таңдай қаға айтып отырды. Еңбек даласында екі жарты бір бүтін болып бас құраған ата-апаларымыздың екі тараптан келген қонақтарын да күтіп, алыстан ат терлетіп келген құда-құдағиларға да сый-сыралғысын жасап, киітін де кигізіп жіберетін Шымшық анамыздың жомарттығын да ерекше тебіреніспен айтып өтті.
Өткенін қадірлей алған жандар ғана болашағын баянды ете алады. «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» демекші, дала төсінде бетін аяз қарыған, аптап ыстық қақтаған, алақанында адал еңбектің табы қалған жандар барда солардың ерлік, өрлік істерін үлгі етуге бағытталған түрлі іс-шараларды өткізудің де үлкен мәні бар. Бұл бір ғана тауарлы-сүт фермасында еңбек еткен жандардың басқосуы болса, бұдан да бөлек Шу өңірінде тылда еңбек еткен жандардың талайы арамызда әлі де бар. Әр ауылда сол еңбеккерлерге құрмет көрсетіліп, тағылымды іс-шараларды жиі өткізер болсақ, сол жандардың атын жаңғыртар болса, адал еңбектің салтанат құратыны анық.
Бұл күндері мұқым ұлт біртұтас тәрбиеге адал азаматты арқау етіп жатқанын жиі естіп жатырмыз. Мен айтар едім, жемқорлықтың ығына жығылмайтындар тек адал еңбекті мансұқ ете білетін азаматтар дер едім. «Еңбек бәрін жеңбек» деген тәмсіл ешқашан мәнін жоғалтпайды, сондай-ақ нағыз еңбекте ғана «Ерлер» туатыны тайға таңба басқандай ақиқат.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.