Ақпараттық портал

Көзі көрмесе де, көңілі ояу

Жақын күндері Шу ауданының 95 жылдық мерейтойы аталып өтті. Осыған орай Наурыз төбеде көргендер де, көрмегендер де арманда болған той-думан болды. Тойдан кейін жүріп өткен тарихымызға көз жүгіртсек ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан еңбек ұжымдары көп екенін аңғардық.
Солардың бірі – қазақ зағиптар қоғамына қарасты Шу оқу-өндірістік кәсіпорны көп ұлт өкілдері еңбек көрігін қыздырған. Аталмыш ұжым сол кезде табыстары тасқындап, талай жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Содан болар кәсіпорын атауы аудандық Құрмет тақтасынан жылда орын алатын. Атап айтар жайт, кәсіпорынның әртүрлі маркадағы станоктары тәулігіне 15-17 сағат бойы тынымсыз іске қосылатын. Жұмысшылары екі ауысымда жұмыс істеп, түннің бір уағына дейін зағип жандардың кәсіпорын айналасында жүретініне талай куә болдық. Үйі жақындары өздері арнайы қойылған темір ұстатқышты пайдаланатын. Ал қалғандарын автобуспен тасымалдайтын. Бір сөзбен айтқанда мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдайлар қарастырылған. Бұл жағдайды аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі десек, асыра айтқандық емес. Осы бір мақтаулы кәсіпорында жерлесіміз Атамкулова Бәтіш Құндақбайқызының жиырма жылға жуық жұмыс істегенін біреу білсе де, біреулер білмейді. Тума табиғатынан қарапайымдылығымен әрі көркем мінезімен үлкен-кішінің көңіліне қарап өскен. Бәтіш ханым сөз арасында зағиптар қоғамынан үлкен тәлім-тәрбие алғандығын тілге тиек етті. Бір сөзінде ол:
– Төле би ауылындағы қазақ орта мектебінде оқыдым. Жоғарғы сыныпқа келгенімде көзімнің көру қабілеті кеми бастады. Дәрігердің кеңесі бойынша көзілдірік тағуыма тура келді. Алғашында құрбыларымнан қысылып жүрдім. Ұл балалардан ұялатыным тағы бар. Қыз біткеннің бәрі көзілдіріксіз жүрген кезде менің ерекше болғаныма іштей толқығаным да аз болмады. Тағдырдың жазғанына қарсы тұра алмайды екенсің. Соны түсініп қатарымнан қалып қоймауға әрекеттендім, – дейді.
Бәтіш Құндақбайқызы орта мектепті бітіргеннен кейін Алматыда алты айлық курсты оқып, тігінші мамандығын меңгереді. Ол өз ісіне шынайы беріліп, тігіншілік кәсіптің қыры мен сырын жетік білуге күш салады. Осындай ізденістің арқасында көрпе-төсек жабылғылары мен төсеніштерін, жастық тыстарын және т.б. үйге қажетті бұйымдарды тігін машинасымен сәнді етіп тігіп отырды.
Осы кезде болашақ күйеуі Серік Атамқұлұлымен танысып, өз алдарына шаңырақ көтереді. Ерлі-зайыпты екеуі төрт баланы дүниеге әкеліп, ғибадатты ғұмыр кешеді. Жастайынан ауыл механизаторы болған Серік ердің жасы елуге толмай қапыда қайтыс болады. Бұдан кейін отбасының бар ауыртпалығы, бала-шағаның тауқыметі Бәтіш ханымның мойнына түседі. Әйткенмен үлкен жүректі ана ауырдың астымен жүрсе де, жетіспеушілікті көрсе де, тура жолдан таймады. Болған іске болаттай берік болып сабырлық сақтады. Турасын айтқанда Бәтіш ханым бейнеті зор қызылшашы да бола білді. Бал тамырдың бабын табу үшін шілденің ыстығында тер төкті. Қай кезде де жұмысшы болғандығын, мақтаныш ететіндігін ашық айтты. Құрдасымның түпкі ойын білу үшін жұмысшы болғаныңызға мақтанасыз ба деп сұрағаным бар. Ол аз-кем ойланып, сабырлы түрін сақтап былай деді: «Жұмысшы болғанның несі жаман?! Елдің бәрі ақ көйлек киіп, галстук тағып жылы жерде отыратын болса, даладағы, цехтардағы, фермалардағы ел дәулетін кімдер тасытады. Мәселен, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «2025 жылды – Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны баршаға аян. Мемлекет басшысының бұл бағалы бастамасын байырғы жұмысшы ретінде қызу қолдап, қуанғаным бар. Өйткені, адамға қажетті игілікті істердің бәрі жұмысшылармен атқарылады. Жастарымыз аспазшы, шаштаразшы, дәнекерлеуші және тағы басқа да қарапайым мамандық иелері болса, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын».
Бәтіш Құндақбайқызы жасы ұлғайып, зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін Шу оқу-өндірістік кәсіпорнында адал еңбек иесі атанды. Талай мерекелерде басшылық тарапынан алғыс алып, Мақтау қағаздарымен марапатталды. Қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты. Соның бір айғағы, кәсіпорындағы көркем өнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі бола жүріп, әріптестерімен бірге қорда тұрып екінші дауыста ән салғандығын көзкөргендері әлі күнге дейін тамсанып еске алады.
Кейіпкеріміздің көзі нашар көрсе де «Жұлдыз», «Жалын», «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарын және аудандық, облыстық басылымдарды үзбей оқып жүрді. Өз білімін өзі көтере жүріп, күйбең тіршіліктегі ұсақ-түйекке көңіл бөле бермейтін. Сыныптастары мен көзкөргендердің айтуына қарағанда заты әйел болса да, өтірік сөйлеуге, өсек таратуға жаны қас болған көрінеді. Ол дау-дамайды талқылаған жиындарға қатыса қалса жүзің бар, бетің бар демей әділдіктің ақ туын көтере білетін. Осындай қастерлі қасиеттерін бағалаған жандар ол кісіні әлі күнге дейін құрметтеп, қадірлеп жүреді.
Бәтіш ханым бұл күндері отбасымен бірге Шу оқу-өндірістік кәсіпорны салып берген көпқабатты үйде тұрады. Ұлы Бақыт Серікұлы, келіні Манура екеуі аналарын аялап, ыстық ықыластарын танытуда. Тағы бір атап айтар жайт, Бәтіш ханым бірінші топтағы көз мүгедегі болса да қолдағы барын қанағат тұтып, ел тыныштығы мен бірлігін тілеп келеді. Баз біреулердей мүгедектігін міндет етіп басшылыққа салмақ салмайды. Осындай ел қамын ойлайтын ардақты аналарымыз көп болса екен дейміз.
Ахметжан Қосақов,
ардагер журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.