Онкоскринингтің маңызы
Бүгінгі таңда онкология – әлем бойынша ғана емес, еліміз үшін де үлкен алаңдаушылық туғызып отырған дерттердің бірі. Бұл – жас талғамайтын, ерлер мен әйелдерде де, кейде жастар мен балаларда да кездесетін қауіпті дерт. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, жыл сайын онкологиялық ауруларға шалдыққан адамдар саны өсіп келеді. Мәселен, ресми мәлімет бойынша әлемде жылына 19 миллионға жуық адамға қатерлі ісік диагнозы қойылса, олардың 10 миллионға жуығы өмірмен қош айтысады екен. Мұндай қорқынышты статистика ауруды ерте анықтау мен алдын алу шараларының қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетеді.
Осы ретте онкология, яғни қатерлі ісікпен күрестегі ең тиімді құралдың бірі – онкоскрининг екенін атап айтқым келеді. Онкоскрининг – дені сау адамдарды арнайы медициналық тексеруден өткізіп, қатерлі ісік ауруларын немесе оның бастапқы белгілерін ерте анықтауға бағытталған бағдарлама. Бұл тексеру кезінде адам өзін жақсы сезініп жүрсе де, ішкі ағзаларда басталып келе жатқан патологиялық өзгерістер байқалуы мүмкін. Оның басты мақсаты – ауруды белгілері білінбей тұрғанда анықтап, дер кезінде ем жүргізу арқылы өлім-жітімді азайту және өмір сапасын арттыру.
Қатерлі ісік ауруларын ерте анықтау емнің нәтижелілігін бірнеше есеге арттырады. Мысалы, сүт безі немесе жатыр мойны обыры алғашқы сатысында анықталса, науқастың толық жазылып кету мүмкіндігі 90 пайыздан асады. Ал ауру кеш анықталса, ісік ағзаға таралып кеткен кезде емдеу ұзақ, ауыр және қаржылай тұрғыдан да қымбатқа түседі. Сондықтан әрбір азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, уақытылы тексеруден өтуі – өз өмірін сақтаудың ең тиімді жолы.
Елімізде онкоскрининг тегін жүргізіледі және Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен Ұлттық скринингтік бағдарлама аясында бірнеше бағыт қамтылған. Мәселен, 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер әр 5 жыл сайын жатыр мойны обырына қарсы скринингтен өтіп, арнайы цитологиялық тексеру (Пап-тест) тапсырады. Ал 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер екі жыл сайын маммографиядан өтеді, бұл сүт безі ісігін ерте анықтауға мүмкіндік береді. Ал 50 мен 70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерге тоқ ішек және тік ішек обырына қарсы скрининг жүргізіледі. Ол нәжістегі жасырын қанды анықтайтын тесттен және қажет болған жағдайда колоноскопиядан тұрады. Сонымен қатар, тәуекел тобындағы адамдарға – яғни, шылым шегушілер мен В және С гепатитімен ауыратындарға өкпе мен бауыр обырына қарсы тексеру ұсынылады.
Өкінішке қарай, біздің қоғамда көптеген адамдар өздерін жақсы сезінсе, дәрігерге баруды қажет деп санамайды. Кейбірі қорқады, ал енді бірі уақыт таппайды. Бірақ дәл осы «менде бәрі жақсы» деген немқұрайлық кейде қатерлі ісіктің асқынуына әкеліп соғады. Себебі, бұл аурудың басты қауіптілігі оның алғашқы кезеңінде ешқандай айқын белгі бермеуінде жатыр. Науқас ауруды кеш сезінгенде, емдеу әлдеқайда қиынға соғады. Сондықтан профилактикалық тексерулерден өту өз өміріңізді сақтап қалудың ең сенімді жолы екенін ұмытпаған жөн.
Онкоскринингтің тағы бір маңызы – адамдарды салауатты өмір салтына баулиды. Тексеру кезінде дәрігерлер темекі мен алкогольдің зияны, дұрыс тамақтану мен қозғалыстың маңызы туралы кеңес береді. Осылайша, скрининг бағдарламалары тек ауруды анықтап қана қоймай, халықтың медициналық сауаттылығын арттыруға да ықпал етеді.
Қатерлі ісікпен күрес – тек медицина саласының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Онкологиялық аурулардың алдын алу үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, тексерулер тегін, зертханалар мен диагностикалық орталықтар заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Ендігі міндет әр азаматтың өзіне жүктеледі. Әркім жыл сайын өз жас ерекшелігіне сай скринингтен өтіп отырса, көптеген аурудың алдын алуға болады.
Денсаулық – ең қымбат байлық. Қатерлі ісікке қарсы күрестегі ең басты қару – ерте анықтау. Онкоскринингтен өту – өз өміріңізге, отбасыңызға және болашағыңызға жасаған ең үлкен қамқорлық. Сондықтан дәрігердің шақыруын ескерусіз қалдырмай, уақытылы скринингтен өтіңіздер. Бұл қарапайым қадам сіздің өміріңізді сақтап қалуы әбден мүмкін.
Нәсіпкүл Қозыкөрпешева,
Шу қалалық емханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары.