Әскери қызмет – мемлекеттік міндет
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері – елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғайтын маңызды мемлекеттік институттардың бірі. Мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтуда мерзімді әскери қызметтің орны ерекше. Әскери қызмет – тек конституциялық міндет қана емес, сонымен қатар жас азаматтарды тәртіпке, жауапкершілікке және отансүйгіштікке тәрбиелейтін үлкен өмір мектебі.
Қазақстан Республикасының Конституциясына және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, 18 бен 27 жас аралығындағы ер азаматтар мерзімді әскери қызметке шақырылады. Әскер қатарына шақыру жыл сайын көктемгі және күзгі науқандар кезеңінде жүргізіледі.
Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес азамат электрондық форматта хабарландыру алады, яғни 1414 нөмірінен телефонына SMS-хабарлама ретінде келеді. Электронды хабарлау мүмкін болмағанда, қағаз түрінде шақырту қолхатпен туыстарына немесе жұмыс орны бойынша мекеме басшысына табысталуы мүмкін. Электронды хабарламаны немесе шақыру қағазын алған әскерге шақырылушы көрсетілген күні және сағатта жергілікті әскери басқару органына баруға міндетті.
Бүгінгі таңда әскерге ынталы азаматтар да, тәртіпке негізделген ортадан жалтаратындар саны да аз емес. Әскерге шақырудан жалтарғаны үшін заңнамада қылмыстық жауапкершілік көзделген. Мұндай жағдайда бір мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әскери қызметтің тартымдылығын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, мерзімді әскери қызметке шақырылған немесе оны өткеріп жатқан азаматтарға банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған.
Сонымен қатар, «Мерзімді әскери қызметші 2.0» жобасы аясында мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтар жоғарғы оқу орнына ҰБТ тапсырмай түсе алады. Ал, мерзімді әскери қызметін толық өтеген, жауынгерлік даярлықта, әскери тәртіпті сақтауда және қызметтік міндеттерін орындауда жоғары нәтижелер көрсеткен сарбаздар жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие бола алады. Азамат бұл құқығын әскери қызметін аяқтағаннан кейін екі жыл ішінде пайдалана алады.
Әскер – жігітті шыңдайтын, төзімділік пен тәртіпке үйрететін орта. Қазіргі таңда әскери қызметті абыроймен атқарып жүрген жастардың саны артып келеді. Бұл – жастар арасында патриоттық рухтың күшейіп келе жатқандығының айқын көрінісі. Әрбір азамат туған жердің тыныштығы мен ел қауіпсіздігіне бейжай қарамауы тиіс. Отан қорғау – қасиетті парыз. Сондықтан мерзімді әскери қызметтен жалтармай, оны үлкен жауапкершілікпен қабылдау – әрбір жас азаматтың міндеті.
Шу ауданы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғаныс бөлімшесі.