Ақпараттық портал

Пікірсайыс жарысында сынға түсті

Оқушылар сарайында білім бөліміне қарасты «Балалар- жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығы» мен Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен білім мен парасатты, достық пен татулықты ту еткен аудандық пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды.

Жас буынның ой-өрісін кеңейтіп, шешендік қабілетін шыңдауға бағытталған бұл турнирге аудан мектептерінен жиналған 8-11 сынып оқушылары өзара сынға түсіп, қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде терең ой қозғады.
Аталған турнирдің ерекшелігі – қатысушылар құрамының ерекше форматта жасақталуы болды. Ережеге сәйкес әр фракция бір қазақ баласы мен бір өзге ұлт өкілінен құралды. Жас пікірсайысшылардың ұлттық нақыштағы киім үлгісінде келуі де шараның мазмұнын айшықтай түсті. Қазақы ою-өрнекпен безендірілген әсем киімдер мен түрлі этностардың мәдени ерекшеліктерін танытатын сәнді образдар рухани әсер беріп тұрды.
Турнир Американдық Парламенттік формат (АПФ) негізінде өтті. Яғни қатысушылардан тапқырлық, жылдам ойлау және нақты дәлел келтіре білу талап етілді. Қатысушылар қоғамдағы түрлі мәселелерді қозғап, өз ұстанымдарын дәлелдер арқылы қорғап шықты. Жарыстың мақсатына сай, қатысушы командалар қоғамдық түйткілдерді жан-жақты талдап, сыни ойлау қабілеттерін көрсетті, логикалық дәлелдер арқылы өз көзқарастарын сауатты қорғай білді және көпшілік алдында еркін сөйлеу шеберлігі мен шешендік қырларын танытты.
Сарапшылар әрбір кезеңде қатысушылардың білім деңгейі мен дайындығына мән берді.
Турнир соңында үздік ойын көрсеткен командалар мен дарынды шешендер арнайы марапаттарға ие болды. Жеңімпаздарға дипломдар, кубоктар мен бағалы сыйлықтар табысталып, олардың білім мен ізденіске деген құлшынысына ерекше қолдау көрсетілді.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.