Сот төрелігіне қолжетімділік – әділ қоғамның негізі
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының сот жүйесіндегі басты басымдықтардың бірі – азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз ету. Әділ сот төрелігіне әрбір азаматтың еркін әрі тең дәрежеде жүгіну мүмкіндігі — құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаты және азаматтардың Конституциялық құқығы.
Сот төрелігіне қолжетімділік ұғымы тек сотқа арыз беру құқығымен шектелмейді. Бұл – азаматтардың өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолында заң көмегін алуына, істерінің объективті және ашық қаралуына, сот актілерінің уақтылы орындалуына дейінгі бүкіл процесті қамтитын кең ұғым.
Соңғы жылдары сот жүйесінде цифрландыру мен ашықтық бағытында елеулі қадамдар жасалды. “Төрелік”, “Сот кабинеті”, “Электронды сот ісін жүргізу” сынды жүйелердің енгізілуі азаматтарға сотқа онлайн түрде жүгіну, процестік құжаттарды электронды форматта жолдау және істердің қозғалысын қадағалау мүмкіндігін берді. Бұл өз кезегінде сот төрелігінің жеделдігін арттырып, бюрократиялық кедергілерді азайтты.
Шу аудандық сотында да осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Азаматтардың өтініштерін қабылдау және кеңес беру рәсімдері жеңілдетіліп, сот ғимаратында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары орнатылған. Сонымен қатар, халық арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары, кездесулер мен ашық есік күндері өткізіліп келеді.
Сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету – тек сот органдарының ғана емес, тұтас қоғамның міндеті. Әрбір азамат өз құқықтары мен міндеттерін білуі, заңға құрметпен қарауы маңызды. Себебі әділдік пен сенім – халық пен сот арасындағы ең басты көпір.
Осы тұрғыда Шу аудандық соты азаматтардың сотқа жүгінуін барынша жеңілдету, сот қызметін айқын әрі тиімді ету бағытында жұмысын жалғастыра бермек.
Әділдік салтанат құрған жерде заң үстемдігі нығайып, қоғам тұрақты дамиды. Сондықтан сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жетілдіріліп, азаматтардың құқықтарын қорғау үшін барлық жағдай жасала бермек.
Зауре Джаркимбаева,
Шу аудандық сотының судьясы.