Құрмет төрінде – қаржыгерлер
1993 жылы 12 қарашада «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын айналымға енгізу туралы» Жарлыққа қол қойылып, 15 қарашада төл теңгеміз айналымға шықты. Осыған орай жыл сайын дәл осы күні ұлттық валюта мен қаржы жүйесі қызметкерлері күні атап өтіледі.
Биыл ұлттық валютамыз теңгеге тура 32 жыл толып отыр. Экономиканың еңсе тіктеуі мен әлеуметтік ахуалдың дамуына тікелей ықпал етіп жүрген қаржыгерлерге осы күні құрмет көрсетіліп келеді.
Қаржыгерлердің кәсіби мерекесі қарсаңында аудан әкімі аппаратында арнайы жиын өтіп, сала қызметкерлері құрметке бөленді.
Аудан әкімінің орынбасары Найманхан Абдрашев төрағалық еткен жиында мереке иелеріне жылы лебіздер айтылып, жүйелі жұмыстарының маңызы ерекше аталды. Сондай-ақ саланың дамуына үлес қосқан қаржыгерлер марапатталды.
-Ұлттық валюта мен қаржы қызметкерлері күні біз үшін ерекше маңызды. Себебі тәуелсіздіктің нышаны болған теңгенің қуаты тұтас экономика тірегі. Ал осы салада маңдай терін төгіп жүрген әріптестердің еңбегі ерен. Аманат арқалап жүрген жандарды кәсіби мерекесімен құттықтап, барлық жақсылықты тілеймін,-дейді Найманхан Айдарханұлы.
Мұнан кейін қаржы жүйесін жетілдіруде еселі еңбек еткен мамандарға аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты табысталды.
Сонымен қатар аудан қаржыгерлерінің бір тобы аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, Amanat партиясы аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбековтың қолынан марапат алды.
Жиын соңында мереке иелері аудан басшылығына алғыстарын білдіріп, ауданның әлеуметтік дамуына қуатты қарқынмен үлес қосатындарына сендірді.
Байжан Емберді.