Ақпараттық портал

Әке тәрбиесі – тура жолға бастайды

Халқымызда “Баланың шыққан ең биігі – әкенің иығы”, “Бір әкенің тәрбиесін бере алмайды жүз мектеп”, “Жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық” деген мағыналы сөздер бар. Осы нақыл сөздерден-ақ әкенің отбасындағы рөлі айтпаса да айқын болып тұр. Бүгінгі күні қоғамда әкенің рөлін төмендетіп алғандаймыз. Бала тәрбиесіне келгенде алдыңғы шепке аналарымыз шығып, мектеп қабырғасында қандай да бір жиналыс, іс-шаралар болса үнемі аналар қауымы төбе көрсетіп жатады. Соны аңғарған білім беру ошақтары мектеп өміріне әкелерді тартып, әкенің қатысуымен тәрбиелік мәні бар іс-шараларды жиі өткізуде.

Сондай мағыналы іс-шараның бірі Сәду Шәкіров атындағы орта мектебіндегі Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының «Даналық мектебі» жобасы аясында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Спанова Марияна Кудайбергенқызы, педагог-ұйымдастырушы Сыдыкова Гүлмира Қуанышқызы, 8 сынып жетекшілері Сәулебаева Айнұр Ержанқызы, Утарбаева Сандуғаш Русланқызы, Сайпқызы Халиманың ұйымдастыруымен отбасындағы әке рөлінің маңыздылығын насихаттау,отбасы құндылықтарын сақтау, мектеп пен ата-ананың өзара ынтымақтастығын күшейту, әкенің балаға деген жауапкершілігін арттыру мақсатында «Әке – отбасы тірегі, ұрпақ тәрбиешісі!» атты аталар мен әкелер кездесуі өтті.
Іс-шараға Төле би ауылдық округі әкімінің орынбасары Айманбетов Ербол Еркінұлы, Шу аудандық аналар алқасының төрайымы Иманова Айжан Болатқызы, Жастар ресурстық орталығы КММ-нің Төле би ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы, осы жолдардың авторы, Шу ауданы ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Балықбаев Мейірхан, ардагерлеріміз Қойшыбеков Жылқыбай, Шабанбаев Анапия, Құрманбеков Мырзахан, Жұматаев Боранқұл, Бақтан Жақанұлы, Ибраимов Кенжебек Нүпбайұлы және мектеп білім алушылары мен әкелері қатысты.
Кездесуді мектеп директоры Жандабаева Ақмарал Тұрсынбайқызы ашып, іс-шара мақсатымен таныстырып, кездесуге қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Келген қонақтарды 2 «Б» сынып оқушылары «Менің әкем жақсы адам» әнімен қарсы алып, мектеп психологі Ә.Төленбаева әкелермен тренинг жүргізді.
Сондай-ақ, «Сұхбат алаңы» айдарында «Менің балам – менің айнам», «Ашық пікір» алаңында «Әкеден әкеге кеңес» тақырыбында әңгіме өрбітіп, келген қонақтарымыз тәрбиелік мәні бар өсиеттерін, жастарға үлгі болар отбасылық құндылықтарды айтып, ақыл-кеңестерін аямады. Әсерлі кездесуде мектеп оқушылары өз өнерлерін ортаға салып, әннен шашу шашып, мың бұрала би биледі.
«Ел есінде бір жыл қалғың келсе ас бер, он жыл қалғың келсе ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе бала тәрбиеле» дейді халық даналығы. Өскелең ұрпаққа берілер тәрбиенің бір ұшы осындай «Әкелер мектебі» бағытымен өрістес болса ғана нәтиже беретіні айқын. Жасампаздыққа жол салған елдің әрбір азаматы рухани жаңғыруды жалаң ұран етпей, нақты іс-әрекетке көшуі тиіс. Әр өңірдегі білім беру ұйымдарындағы осындай тәрбие орталықтардың қарасы көбейіп, ел игілігі жолында қызмет ете берсін!

Гүлнұр Ермекбаева,
Жастар ресурстық орталығы КММ-нің Төле би ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.