Ақпараттық портал

Жерлесіміз Джиу-джитсу чемпионы

Жуырда ғана Біріккен Араб әмірлігінің астанасы Абу Дабиден ақжолтай жаңалық жетті. Шу ауданының 2017 жылы туған өрені Батырхан Тәңірберген халықаралық «Abu Dhabi Jiu-Jitsu Festival» додасында топ жарып, алтын медаль жеңіп алды. Осылайша ол ауданымыздан шыққан алғашқы чемпион атанып отыр.
Батырхан екі жыл бұрын ауданымыздағы «Намир» клубында жаттықтырушы Әділет Манашевтың жетекшілігімен жаттығуды бастаған болатын. Оның спортқа деген қызығушылығын оятып, қырандай баулыған әкесі Саят Тәңірбергенов. Ұлынан зор үміт күткен әке әу бастан Батырханды қолдап, оның болашағына кәміл сенген.
Қаршадай жасына қарамастан Батырхан грэпплинг пен панкратионнан жеті чемпиондық белбеуге қол жеткізіп, қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы болған.
Жас жерлесіміздің жетістіктері әпкелері Айсұлу мен Махназды шабыттандырған. Жаттығуды кейінірек бастағанымен олар тез арада керемет нәтижелерге қол жеткізеді. Қос бұрымды қысқа уақыт ішінде Азия мен Қазақстан чемпиондары, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпаздары атанды.
Тәңірбергеновтер отбасында спорт жай ғана қызығушылық емес, сара жол деуге болады. Оның барлығы Батырхан балуанның белестерінен бастау алғаны анық.
Спортпен қатар жас чемпион мұғалімі Мадина Тоқтағанқызымен ағылшын тілін үйреніп жүр. LEGO құрастыруға да ынтасы зор. Жекеменшік «IQ Urker» мектебінің шәкірті Батырхан сыныптастары арасында да құрметке ие.
Абу-Дабидегі жеңіс жерлесіміз бен Шу ауданы үшін маңызды оқиға болғаны рас. Тұтас әулеттің болысуы осындай көзкөрім белестерге жетелейтіні жасырын емес .
Біз басылым атынан Батырхан мен бапкерін, жанашыр жақындарын жарқын жеңіспен құттықтаймыз! Алар асуы аласармасын деп тілейміз!
Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.