Ақпараттық портал

Жастарға бағытталған мазмұнды шара

Жастарға білім алу, кәсіптік бағдар, құқықтық сауаттылық және психологиялық тұрақтылық бағыттарында көмек көрсету, олардың қоғамдағы өзіндік орнын табуына қолдау білдіру мақсатында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің және аудандық «Мансап» орталығының бірлесе ұйымдастыруымен «Оқушылар сарайы» ғимаратында «Кеңес керек болады» атты мазмұнды кездесу өтті.
Аталған шараға Мансап орталығының мамандары, аудандық жастар орталығының заңгері, бизнес-тренері, психологы қатысып, жастар арасында туындайтын түрлі сұрақтарға нақты және кәсіби бағыт-бағдар берді.
Жиын барысында психолог мамандар жастарға психологиялық кеңес, өзін-өзі дамыту, эмоционалды тұрақтылық пен күйзеліске қарсы профилактикалық тәсілдер туралы жан-жақты ақпарат берді. Олар заманауи жастар жиі кездесетін стресс, мотивацияның төмендеуі, өз-өзіне сенімсіздік сияқты мәселелерді қалай еңсеру керектігі жөнінде нақты ұсыныстармен бөлісті.
Ал бизнес-тренер маманы кәсіп ашуға ынталы жастар үшін мемлекет тарапынан ұсынылатын қолдау тетіктерін түсіндірді. Атап айтқанда, гранттық мүмкіндіктер, кәсіпкерлікті бастауға арналған тегін оқу курстары, «Бастау Бизнес» жобасы, жастар кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жайында кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар Мансап орталығының мамандары аудан жастарына мамандық таңдау, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, түйіндеме дайындау, еңбек нарығындағы сұранысқа ие салалар жөнінде құнды мәліметтер ұсынды. Жастар өздеріне қажетті ақпаратты алып қана қоймай, жеке сұрақтарын қою арқылы мамандардан нақты кеңес алды.
Шараға қатысқан жастар кездесудің пайдалы болғанын, мұндай форматтағы ашық әңгімелер олардың болашақ мамандығын айқындауға, жеке бастамаларын іске асыруға серпін беретінін атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аудан жастарына қолдау көрсететін осындай мазмұнды іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Бұл – жастардың әлеуетін арттырып, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жасалған маңызды қадам.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.