Студенттер күні аталып өтті
Студенттік өмір – жастықтың жалынды кезеңі, арман мен мақсат тоғысқан, жаңа бастамаларға жол ашатын ерекше уақыт. Осы маңызды шақты айшықтай түсу үшін Шу қалалық Жастар ресурстық орталығы №10 Шу колледжінде Студенттер күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Шара мазмұнының байлығы, студенттердің белсенділігі мен көтеріңкі көңіл күйі мерекелік кештің сәнін одан әрі арттырды.
Колледждің акт залында өткен мереке түрлі ойындар өнер көрсетілімдерімен және көңілді флешмобпен жалғасты. Студенттер өздерінің шығармашылық қабілетін ортаға салып, сахна төрінде ән айтып, би билеп, нағыз талант иесі екендіктерін көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, жастарға тән шаттық пен бірлік атмосферасы оқу ордасын толық баурап алды.
Шара барысында колледж директоры жастарды мерекемен құттықтап, олардың болашағына сенім білдірді.
– Құрметті студенттер, сіздер бүгін жаңа кезеңнің есігін аштыңыздар. Еңбектеніп, білім алып, биік мақсаттарыңызға жете беріңіздер. Колледжіміз сіздердің жан-жақты даму-ларыңыз үшін барлық жағдайды жасайды. Студенттік жыл-дарыңыз табысқа толы болсын, – деді оқу орнының басшысы.
Іс-шара барысында оқу, өнер, спорт және қоғамдық жұмыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүрген белсенді студенттерге арнайы марапаттар, Алғыс хаттар және естелік сыйлықтар табысталды. Бұл марапаттар – олардың еңбегі мен талпынысын бағалаудың жарқын үлгісі ғана емес, жастарға шабыт сыйлайтын маңызды қадам болды. Өз қабілетін дәлелдеп жүрген студенттер сахнаға көтеріліп, колледж ұжымының алғысына бөленді. Олардың жетістігі өзгелерге үлгі болып, болашаққа деген сенімін нығайтты.
Мереке соңында студенттер бір-бірін құттықтап, бұл күннің өздері үшін ерекше әрі есте қаларлық болғанын атап өтті. Осындай игі шаралар жастардың достық қарым-қатынасын шыңдап, ұйымшылдық пен бірлікті арттыруға зор ықпал ететіні сөзсіз.
Балнұр Жексенбекқызы.