Ақпараттық портал

Жеңге өнегесі – қыздарға үлгі

Даналық мектебі – бұл мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты күшейтуге, үлкендердің өмірлік тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізуге бағытталған тәрбие жобасы.
Аталған жоба аясында Жайсан орта мектебінде қыздар қауымымен бірлесе отырып, «Жеңге өнегесі – қыздарға үлгі» атты кең көлемді, әсерлі, тәрбиеге толы сырласу кеші өтті. Бұл игі іс-шараны мектебіміздің ұстаздары Гүлнұр Ғазизқызы мен Айгерім Тұрсағалиқызы жүргізіп, жеңгелер мен қыздар арасындағы жылы байланысты нығайта түсті.
Сырласу кешінің мақсаты – жеңгелердің өмірлік тәжірибесін тыңдап, отбасы татулығы, қыз тәрбиесі, әдеп пен ынтымақ жөнінде еркін пікір алмасу болды.
Кездесу директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сауле Сүйебайқызының жүрекжарды құттықтау сөзімен басталып, жастарға ізгі ниет, жақсы тілек, рухани бағыт берілді.
Шара бірнеше негізгі бөлімдерге бөлінді. “Отбасы – тәрбие бастауы” тақырыбындағы ашық пікірталаста жеңгелер қыздарға отбасындағы қарым-қатынастың маңызын, ата-ене мен келін, әпке мен сіңілі, жеңге мен қайынсіңілі арасындағы мәдениетті байланыс туралы кеңінен әңгімеледі. Тәрбиелік мәні терең тақырыптар қозғалып, қазіргі заман қыздарының алдында тұрған түрлі әлеуметтік, психологиялық қиындықтар жөнінде талқылаулар жүргізілді.
“Жеңгенің өмірлік тәжірибесі – қыздарға бағыт-бағдар” сұхбат бөлімінде жеңгелер өздерінің өмір жолынан мысалдар келтіріп, жас қыздарға сабырлық, сыпайылық, өзін-өзі ұстау әдебі, сыртқы мәдениет,жеке тұлғалық дамуға қатысты ақыл-кеңестер айтты. Жасөспірімдерден қойылған сұрақтарға жауап беріліп, қыз бала үшін мінездің орны, ұят пен әдеп, ар-намыс мәселелері сөз болды.
“Ұлттық дәстүр – ұрпаққа мирас” танымдық сәтінде салт-дәстүрге қатысты қазақ отбасындағы келін мен қыз тәрбиесіне байланысты ырым-тыйымдардың мәнін түсіндіріп, қыз баланың болашақ ана ретіндегі жауапкершілігі туралы айтты.
“Сырыңды жеңгеңе айт” ашық әңгіме алаңында қыз балалар ашық түрде өз көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жеңгелерімен жеке және топтық форматта әңгімелесті. Жеңгелер қыздарға батылдық, өзін-өзі бағалау, мақсат қою, келешекке сенімді қадам жасау туралы бағыт-бағдар берді.
«Шығармашылық бағдарлама» бөлімінде оқушылардың қатысуымен әндер, тәрбиелік мәні бар өлеңдер, күй мен би қойылымдары ұсынылды. Қыздар ақын-жыраулардың қыз тәрбиесіне арналған нақыл сөздерін оқып, көрермендерге рухани әсер қалдырды.
Кеш барысында жеңгелер жүрекжарды әңгімелерімен бөлісіп, қыздарға өз ақыл-кеңестерін айтты. Жылы шырайлы сұхбат, шынайы тілектер мен өмірлік тәжірибе кештің мәнін арттыра түсті. Осындай рухани байланысқа толы басқосу жастардың бойында ізгі қасиеттерді қалыптастырып, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлықтың мәнін түсінуге ықпал етті.
Қатысушылар тарапынан кешке оң баға беріліп, кездесулердің маңыздылығы атап өтілді. Жеңгелер алдағы уақытта да мектеппен тығыз байланыста болып, қыз балалар тәрбиесін қолдауға дайын екендіктерін жеткізді.
Жеңгелер тарапынан айтылған ұлағатты сөздер мен ақыл-кеңестер оқушыларға рухани демеу болып, жеке тұлға ретінде қалыптасуына септігін тигізді. Даналыққа толы әңгіме, мейірімге толы орта – біздің ең құнды байлығымыз! Жылы жүзді сұхбат, мейірімге толы кеңестер оқушыларға ерекше әсер қалдырды.

Мадина Даулетказина,
Жайсан орта мектебінің ұйымдастырушы педагогі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.