Той халықтың рухани жарығы болуы тиіс…
«Бір күндік той үшін, мың жылдық дәстүрді бұзып алмайық» – деп, Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану орталығының ішінен «Әдет–Ғұрып», «Салт–Дәстүр» бөлімін ашу жоспарында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев 2024 жылдың желтоқсанындағы брифингінде айтқан болатын. Содан бері не өзгерді? «Тараз шаһарында күн сайын 25 мыңнан астам адам тойда жүреді» делінген облыстық «Ақ жол» газетінің өткен жылы жарық көрген санының бірінде.
Аптаның жеті күні босамайтын мейманханасы көп біздің Шуда қанша адамның той тойлап жүретінін жергілікті тұрғындар шамалап есептей жатар. Соңғы кезде халқымыз әсіре ысырапшылдықпен жасайтын той мәзіріне, той үстіндегі ерсі қылықтарға жол ашқан сыңайлы. Халықтың рухани жарығына айналуы тиіс той дәстүріміз керісінше, араздастыққа, ағайын арасындағы өкпе-ренішке алып келіп жатқандығын көзбен көріп те жүрміз. Біраз ой жүгіртер болсаңыз, тойға келмеген кісілерге той иесінің өкпесі мен реніші, үстелдегі бос орынға қалтадан төленген қаражат, той иесінің психологиялық жайы, шектен шығып бара жатқан той ысырабы мен тәртібі туралы ойлы пікірлер айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ селт ететін тіршілік байқалмайды.
…Бірде жетпістен асқан бір ағамыздың: «Балалар той жасап берейік дегендеріне алғашында рұқсат бермеген едім. Болмаған соң «жарайды» деп келісімімді бердім. Өздерінше ақылдасып тосын сый жасап, автокөлік тарту етті. Көлікті несиеге алғандарын соңынан білдім. Бірер айдан соң балалар арасында келіспеушіліктер пайда бола бастаған. Өзара келісіп, әрқайсысы несие шартына байланысты ай сайынғы төлемдерді төлеуге міндеттеніп, несие алған ортаншы баламның атындағы шотқа өзге ұл-қыздарым тұрмыстағы түрлі кедергілер мен жетіспеушіліктерге байланысты дер кезінде қаражаттарын аудара алмаған. Бұдан кейінгі жағдай белгілі… Өкпе-реніш…» – деген болатын.
Міне, бұл біздің дарақы тірлігіміздің бір көрінісі. Бұл – бір ғана жанұядағы көрініс. Ысырапшылдық пен тыраштану, дарақылықтан қаншама жас отбасының шырқы бұзылып жатыр. Той көбейген заманда асабалар да көбейді. Той жүргізуші асабалардың сөйлеу мәдениеті мен жас-кәрі демей ойын ойнату қылықтары тіпті өрескел. Төрт-бес сағатта қомақты қаржы ұстайтын асабалардың дені жаттанды сценарийлерімен той мағынасына қарай емес, уақыт өткізумен бітіріп жатыр. Мәселен алтын той, күміс той, сүндет той, тұсаукесер, 30, 40, 50, 60, 70 жас тойларының ешқандай өзгерісі жоқ. Кәріге де би, жастарға да би билетіп, күлдірем деп бүлдіріп жатқан жағдайларды санап тауыса алмайсың.
Тағы бірде немересін ерткен кейуананың тілек айтуына сөз берген асаба «мені танисыз ба?» деп сұрады. «Жоқ»-деген апамызға «Сіз, келін болып түскенде бетіңізді мен ашып едім ғой» деп әзілдегенсіді. Міне, біздің асабалық жауапкершілік пен мәдениетіміздің жеткен жері. Той жүргізуші асабалардың орынсыз ойын ойнатып, үлкен-кішіні мезі ететін қылықтары тіпті өрескел.
Халқымыз үшін әдет-ғұрыптарымызды насихаттауда той шарасы маңызды рөл атқаратыны белгілі. Қазақы тойдың құнын кетіріп жатқан әртүрлі ұлттардың ұлтымыздың бойына сіңіспейтін ғұрыптарын тықпалап, той шарасына кіргізіп әуреленіп жатқанымыз шындық. Жаңа үйленген жастардың ата-енелерінің аузына тәттіні тықпалап жегізуі аса жарасымды нәрсе емес екенін бәріміз біліп тұрсақ та, жасап жатырмыз. Бір тойда ауданымыздың әжептеуір салмағы бар мемлекеттік мекеме қызметкерлерінен құралған жас жігіттердің бірін-бірі арқалап ат боп кісінеген ойынын көріп нендей ой айтарымызды білмей де қалдық. Бізді ойландыратыны, әжептеуір жоғары білімдері бар жастардың асабаның орынсыз ойын түріне келісіп, шылауына ергені. Жұғымсыз ұлттық ғұрпымызға ерсі қылықтарды жастарымыз жұқтырып жатыр деген осы.
Аста–төк тойдан не ұтып жатырмыз, қазекемнің ойына не келеді соған той жасайтын халге жеттік. Ал осы қарапайым халықтың жүйкесін жұқартқан тойдың келеңсіз тірлігіне қалай тосқауыл қоюға болады деген ой талайларды мазалап жүр. Не істемек керек, «тәйтке» көнбегенді тәртіпке көндіріп жатқан көрші қырғызстандық ағайындардың амал-тәсілдері халық игілігі үшін жасалып жатыр емес пе?.. Пайғамбарлық жастан асқан кісілерді ашамайға отырғызып, той төріне көтеріп әкелу, тойханаға атпен кіру, үйлену тойда құран оқып, беташар жасау сияқты өрескел тірліктің келешек ұрпаққа қандай үлгі қасиет әкелетіні белгісіз….Тарих беттерінде аласапыран замандарда бірлікке ұмтылған халқымыз «ақ киізге отырғызып хан көтеріпті» дегенді оқып өскен едік.
Бірде сауда орнында істейтін бір таныс шешен жігіт те біздегі той туралы таңқалысын жасырмап еді. «Сіздерде қазір той сұмдық көп. Біздің шешен халқында аткөпір той жасайтын әдет жоқ. Біз де мұсылманбыз. Сүндет той, тілашар секілді күйкі тірлікте кездесетін шағын қуаныштарды өзіміздің жақын-жуық ағайын, көрші-қолаңмен бірігіп атап өтеміз. Амал жоқ, көршілеріміз қазақтар болған соң шақырылған жерге барамыз. Үйінің сыртынан шағын жанұялық монша соғып алмасам деп жүрген көрші қазақ досым үш жыл болды әлі бітіре алмай жүр. Себебі тойдан қолы босамайды екен. Сіздердегі тойда қолданылатын ырым-сырымның көптігі таңқалдырады. Мақал-мәтелдеріңізде айтылатын «Жиған–тергендеріңіз тойға шашылсын» – деп таза қазақша сөйлеген Иса бауырымызбен бірге қосыла күлдік. «Тапқаның тойға шашылсын», «Қазақтың тойы бітпесін» дейміз де, той көбейіп кетті, қарызға кіріп кеттік деп өкініп отырғандар да өз ағайындарымыз. «Халқымыздың мың жылдық дәстүрін бір күндік тоймен бұзып, әркім өз білгенін жасай берсе, дәстүр-салтымыздың әдірем қалатыны белгілі. Итінің туған күніне той жасаған елге танымал әртістердің қылығы, кейінгілерге үлгі болмасына кім кепіл.
-Мұндайларға тосқауыл жасап «тәйт» дейтін не заңымыз, не жанашырымыз жоқ. Әркім білгенін жасайтын заман болып жатыр. Жыл он екі ай той тойлаған қазағым аман болсын. «Мың асқанға бір тосқан» деген халық нақылы бекер айтылмаса керек. Заман әткеншегі кері айналып, ысырапшылдықтың жазасын тартып жүрмейік ағайын,- деп ой бөліскен «Қазақстан Республикасының Құрметті ардагер ұстазы», ғұмырының 45 жылын оқу-тәрбие ісіне жұмсаған Тұңғышбек Байқұлов ағамыздың өмір байламындағы түйткілдің де шешімі табылар деген үміттеміз…
Несіпхан Қоңырбаев.