Еліне елеулі еңбек адамы
Мемлекеттің іргесі берік болуы үшін аға буын мен кейінгі толқын арасында өзара үндестік қажет. Ол үшін аға буынның жасында байқары болса, кейінгі толқынның ақылы асса, құба-құп. Біз қашанда елге үлгі бола алатын, өнегесі мол жандарды жазудан жалықпаймыз.
Санаулы күндерден кейін 2025 жыл тарих қойнауына енгелі тұр. Бұл жылда ойға алған істеріміз оңынан шешіліп, діттеген межемізге жеттік пе деген сауал санамызда сайрайтыны анық. Жыл басынан бері республика көлемінде «Жұмысшы мамандықтар жылы» жарияланып, облыс бойынша «Әулиеата – кітап оқитын өңір» атты қанатқақты жобамыз жүзеге асып келе жатыр. Бұл екі бастама бір жылмен ғана шектеліп қалмай, өзінің өміршеңдігін көрсетті. Неге десеңіз, еңбек қашанда үстемдік етеді, білім қашанда биік шыңға жетелейді.
Бұл екі бастаманы қозғауға өзіндік себеп те жоқ емес. Ұлы қайнардан сусындаған, текті де терең тамырлы бай тарихы бар қазақ халқы қашанда асылы мен жасығын, жаманы мен жақсысын парықтауға айрықша мән берген. Бүгін міне, соның сәті түсіп тұрғандай. Бүгінгі әңгімемізге арқау болатын Қайшыбеков Жылқыбай Жазықбайұлы еңбектің көркін қыздыра жүріп, саналы ғұмырында кітап оқуды жанына серік етіп, бүгінде абыройдың биігінен көрініп отыр.
Әріден қозғар болсақ, жемісі мол жетпістің төріне жайғасқан Жылқыбай Жазықбайұлы жастайынан жалқаулыққа жаны қас, арамдықтан адымы алыс, көпке қолғабыс етіп жүретін ақкөңіл азамат. Ол еңбек жолын Шымкент қаласындағы «Пресс-автомат» зауытында жұмысшы болып бастайды. Көп ұзамай, 1970 жылы Отан алдындағы әскери борышын өтеу үшін Кеңес армиясы қатарына алынады. Азаматтық борышын ойдағыдай атқарып келген соң, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын «Инженер-химик-технолог» мамандығы бойынша тәмамдайды.
Оқуды аяқтағаннан кейін арнайы жолдамамен Ұлытау өңіріндегі Қаражал қаласына барып, 3 жыл бойы өндірістік орталықты соғуға үлес қосады. Бұл еңбегі елеусіз қалмай, Жезқазған әкімдігі тарапынан бірнеше марапаттарға ие болады. «Атың барда желіп жүріп жер таны» деген қағиданы ұстана жүріп, еліміздің әр өңірінде адал еңбек етіп, 1980 жылы Шу өңіріне табан тірейді. Туған жеріне орала салып, еңбекке білек сыбана кірісіп кеткен Жылқыбай ата Тұрмыстық қызмет комбинатына (Быткомбинат) технолог болып жұмысқа орналасады. Осы жерде табан аудармай 6 жыл қызмет еткен соң, отбасылық жағдайға байланысты қызметін ауыстырып, 1986-1993 жылдар аралығында мектепте еңбек пәнінің мұғалімі болады. Өзін әр қырынан танып көруге талпынған кейіпкеріміз 1993 жылы жолаушылар қатынасы мен жүк тасымалының күретамыры саналатын теміржолға станокшы болып жұмысқа орналасып, 5 станокта қажымай-талмай еңбек етеді. Бұл салада атқарған табанды еңбегі елеусіз қалмай, аудан, облыс көлемінде түрлі марапаттарды иеленіп, абыройы асқақтайды.
Бүгінде аудандық ақсақалдар алқасының белді мүшесі болып, тәрбие ісінің бел ортасынан табылып, қоғамдық іске шама-шарқынша үлес қосып жүрген Жылқыбай Жазықбайұлының қатысуымен тағылымы мол іс-шаралар жиі өтіп тұрады. Әсіресе аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің тұрақты оқырманы ретінде ойлы болуға жетелер жиындарға да қатысып тұратыны кітапқа деген ерекше махаббатынан деп білеміз. Қазақылықтың иісі аңқып тұратын, салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған, үлкенге құрмет, кішіге ізеттің нақ үлгісі көрінетін, еңбек пен бейнеттің жарасымды көрінісі көзге ұратын Ақсақалдар алқасы мүшелерінің ықпалымен талай жан жадыратар істердің легі жалғасын таба бермек.
«Ауылдың басы болмасам да, сайының тасы болайын» деген ұстанымға байланған Жылқыбай ата қандай сәтте де кейінгі буын жүгініп жатса, ақылын аянып қалмайтын қазыналы қария. Дана халқымыз «Жасында байқары жоқтың, қартайғанда айтары жоқ» деп тауып айтқан ғой. Кемел шаққа жетіп, өмірден көргені мен түйгенін келер ұрпаққа қалдыруға бекініп, өнегесімен жол көрсетіп жүрген Жылқыбай атаның отбасында да өзіндік орны бар. Өзінің перзенттерін, немере-шөберелерін, қала берді бүкіл қазақ баласын бауырына баса білетін қамқорлығы қашанда көпке үлгі.
Мәнді мақаламызды мұқым қазақтың маңдайына біткен арыстай азаматы Мұқағалидың өлең жолдарымен аяқтаудың сәті келіп тұрғандай:
“Неменеге жетістің, бала
батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр”.
Осы өлең жолдарының өнегесіне бойлап, қазыналы қарттарымызды құрметтеп-дәріптесек, тәрбиеден ақсамай, тағылымды істерге бойлар едік.
Айғаным Асқарбек.