Ақпараттық портал

Жылдың үздік жастары анықталды

Жастар еліміздің ең белсенді буыны. Қоғамның қозғаушы күші. Талайғы тарихи қадамдар жастардың бұлқынысымен жасалғаны белгілі. Сондықтан аға буын жастарға жақсы үлгі көрсетіп, жолына тілеулес бола білуі керек.

Апта басында аудандық мәдениет үйінде «Жыл көшбасшысы-2025» атты жастардың марапаттау кеші өтті. Шу аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, ардагерлер мен округ әкімдері, ауданның белсенді жастары қатысты.
Еркін форматтағы кешті тізгіндеген айташылар әзілдерімен көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кеш қонақтарын құрметтеп атап, аудан басшысын сахна төріне шақырды.
-Жастар – еліміздің ертеңі. Елдің сенім артатын, үміт күтетін буыны. Ауданымыздың жастары жасап отырған жұмыстарына өз басым көңілім толады. Біздің барлық жұмысымыздың нәтижесін өскелең ұрпақ пен жас буын көруі тиіс. Олар барынша елдің патриоты болып, қоғамның дамуына атсалысуы керек.
Бүгін ерекше еркін форматтағы кештің қонағы болып, жастармен бір толқында отырғаныма дән ризамын. Баршаңызға тек табыс тілеймін. 2026 жыл биылғыдан да жемісті болсын,-деді Бақытжан Оразалыұлы.
Мұнан кейін аудан басшысы ауданның үздік жастарына марапат пен сый-сияпат табыс етті. Атап айтқанда, «Үздік жастар ресурстық орталығының маманы» марапаты Ерболат Көпеске, «Үздік жас мемлекеттік қызметші» номинациясы Шу ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесіндегі аудан әкімінің бас инспекторы Әділет Бөденовке, «Үздік жас медицина маманы» номинациясы Шу аудандық орталық ауруханасының хирург-дәрігері Жағыпар Сәулебайға бұйырса, «Үздік жас әлеуметтік сала маманы» аталымымен Шу ауданы бойынша Мансап орталығының сектор басшысы Уралхан Умаров марапатталды.
Аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов «Үздік жас педагог» номинациясымен М.Әуезов атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Дәния Советбекті, «Үздік жас журналист» номинациясымен Шу ақпараттық медиа орталығының директоры Меруерт Тоқмолдаеваны, «Үздік жас теміржолшы» номинациясымен Шу вагон депосының «Вагон қараушы-жөндеушісі» Мавлюдбек Бурсаловты, «Үздік жас спортшы» номинациясымен Жамбыл атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі, тоғызқұмалақтан спорт шебері, тоғызқұмалақтан ҚР чемпионы Нұрбол Әділбайұлын марапаттады.
Көңілді кеш барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Әділбол Мұратбек, Балдат Бейсеқожа, Мейіржан Базаралы, «VIBE Bana» тобы мен арнайы қонақ Барыс Қаба әннен шашу шашты. Сонымен қатар «Биарт» студиясының балауса бишілері өз өнерлерін паш етті.
Естеріңізге сала кетсек, аудандық Жастар ресурстық орталығы жыл қорытындысы бойынша облыс көлемінде үздік деп танылды. Сондай-ақ бірнеше қызметкер де арнайы марапатқа ие болды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.