«Алғашқы үн, алғашқы тыныс… бұл менің бақыт жолым»
Адам баласы жарық дүниеге келгеннен бастап тағдыр жолына қадам басады. Сол сәттің ең алғаш куәгері — дәрігер. Ана болудың қасиетті де қастерлі жолында ақ желеңді жандардың еңбегі өлшеусіз. Осындай жанкешті маман иелерінің бірі — өмірін халық денсаулығына арнаған тәжірибелі акушер, өз ісінің нағыз маманы Оразалы батыр ауылдық округінің акушері Динара Ермаханқызы Айтбаева.
Динара Ермаханқызы 1965 жылы 22 ақпанда Ақсу ауылдық округінде дүниеге келген. Қарапайым ауыл-дың қоңыр тіршілігі, кең пейілді адамдары, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен ортасы оның өмірге деген көзқарасын, мейірімділік пен жауапкершілікті бойына сіңірді. Мектепті тәмамдаған соң, бала күнгі асыл арманын арқалап, Балхаш медициналық училищесінің акушерлік бөліміне оқуға түседі. Бұл таңдау — оның өмірлік бағытын айқындаған тағдыр шешімі еді. Жоғары оқу орнын аяқтаған бойда туған ауылына кері оралып, алғашқы еңбек жолын бастайды. «Еңбек адамды өсіреді» демекші, алғаш жұмысқа келгенінде оны тәжірибесі мол мамандар — Раушан мен Ұлдана есімді тәжірибесі толысқан мамандар қарсы алады. «Жас маманның жолы ашық болсын» деген ниетпен үйретерін үйретіп, білмегеніне бағыт-бағдар көрсетеді. Динара Ермаханқызы сол кісілердің қолдауы мен сенімін әлі күнге дейін ризашылықпен еске алады.
Акушерлік — бірде қуаныш, бірде уайым, бірде тіпті адам сенгісіз оқиғаларға толы мамандық. Бұл салада жүрген әр күн — өмірге жаңа үміт әкелу деген сөз. Динара Ермаханқызы да алғашқы жұмыс күнінде-ақ осы жауапкершіліктің салмағын сезінеді. Сол бір күнді кейіпкеріміз әлі күнге дейін күліп еске алады. Босану уақыты жақындаған әйелді аудандық перзентханаға жеткізу керек болып, сол кездегі колхоздың жүк таситын көлігімен жолға шығады. Ақсу ауылы мен аудан орталығының арасы әлдеқайда қашық. Жолдың кей тұстары ой-шұқыр, жазық далада зуылдап бара жатқан көлік. Бір кезде жүкті әйелдің толғағы ұстап, жағдайы қиындай түседі. Сол сәтте жас маман дегбірі қашып: – Апай, ауданда босанайықшы, жеткенше шыдаңызшы, өтінемін! – деп жалынып, тіпті көзіне жас алғанын да жасырмайды. Ана болуға таяп қалған жан да, көлікті тізгіндеген жүргізуші де жас қыздың аяқ астынан қамығып қалғанына күліп жіберген екен. Содан кейінгі жол жеңілдей түскендей болып, ауданға да аман-есен жетеді. Бұл оқиға оның мамандықтағы алғашқы сабағы, алғашқы ерлігі, алғашқы тәжірибесі болды.
Уақыт алға жылжыған сайын тәжірибе де молаяды. Бірақ сол жылдары ауылдық жағдайдың қиындығы да аз емес еді. Бірде колхозда жарық сөніп қалып, көрінер-көрінбес май шамның жарығымен босандыруға тура келген күндерді еске алады.
Жолда туған балалар, үйде босанған аналар, түнгі кезекшілікте есік қаққан әр адам, ауыл арасындағы шақыртулар – мұның бәрі де оның жүрегіне жазылған өшпес естеліктер. Егіз туған аналарды күтіп алған күндер, қатты боранда қар кешіп барған әрбір шақырту – бұл тек маманның жұмысы емес, бұл адам өміріне деген жанашырлықтың айқын көрінісі.
Акушер үшін әр нәрестенің үнін есту – жүрекке қуаныш сыйлайтын сәт. Ол үшін бұл тек қызмет емес, жүрек қалауымен орындалатын міндет. Сол үшін де ауылдағы талай жан Динара Ермаханқызын «ақ желеңді періште» деп атайды. Себебі ол өмірге келген талай сәбиді алғаш құшағына алған, талай анаға демеу болып, «болды, бәрі жақсы болады» деп жігер берген жан.
Уақыт өте келе өзі дүниеге әкелген нәрестелер есейіп, бүгін де біреуі дәрігер, енді бірі ұстаз, бірі елге белгілі азамат болып кеткенін көргенде, жүрегін шаттық кернейтіні тағы бар.
– Өмір бойы акушер болып қызмет етіп келемін. Осы мамандық арқылы мен жаңа өмірді қарсы алуға көмектесемін, біреуге ана болудың шаттығын сыйлауға себепкермін. Бұл – көптің қолынан келе бермейтін, тағдырдың өзі таңдап берген мамандық деп білемін. Әр туған сәбидің алғашқы үнін естіген сайын, кеудемді толқыныс кернейді. Сол сәтте жүрегімде бейне бір терезе ашылып, нұр құйылғандай болады. Қанша жыл өтсе де, бұл сезімге үйрене алмаймын, жүрегім әр жолы алғаш рет сезгендей тебіренеді. Еңбектің қиындығы мен жауапкершілігі бір басқа, бірақ бір адамның өмірге аман келуіне араша болу — сөзбен айтып жеткізе алмайтын бақыт. Кейде “шаршадым” деп те ойлайсың, бірақ бір ананың көзіндегі ризашылық пен жаңа туған нәрестенің нәзік уілін естігенде, сол сәт шаршағаныңның бәрі ұмытылып кетеді. Осы жолды таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Ең бастысы, ниетім түзу, жүрегім таза, қолымнан келгенше елге қызмет еттім деп ойлаймын. Мені өмірге әкелген ата-анам да, осы жолға салған ұстаздарым да ақ жолын берді, олардың сенімін ақтай алдым деп үміттенемін. Қазір өзім тәрбиелеген жас мамандардың өсіп, қызмет етіп жүргенін көргенде, бір жеңісімдей сезінемін. Бұл менің өмірім, бұл – менің бақыт жолым, – дейді Динара Ермаханқызы.
Алпыстың асқарына таяған кейіпкеріміз бүгінде зейнет демалысына дайындық үстінде. Өмірін осы салаға арнаған жан үшін бұл қадам оңай болмағанымен, еңбек жолының өнегесі, артында қалған із, алғысын айтқан халықтың ықыласы — оның ең үлкен марапаты.
Сөз арасында талай жыл бір үйдің баласындай араласып кеткен ұжымына, аға буыннан үйренген тәжірибесіне, артынан ерген жас мамандарға қимастықпен алғысын жеткізді. Адамдармен етене араласып, қуанышына да, қайғысына да ортақ болған жылдар, түн ұйқысын төрт бөлген кезекшіліктер – бәрі де өз мағынасымен қымбат. Динара Ермаханқызының еңбек жолы – жанкештіліктің, адам өміріне деген құрметтің, мамандыққа адалдықтың үлгісі. Оның әр күні, әр қадамы – біреуге қуаныш сыйлаған, біреудің өмірін жалғаған күн. Осындай жандар барда, медицина саласының да, елдің де ертеңі жарқын болары анық.
Адам өміріне араша түсіп, өмірге көтеріңкі көңілмен қадам басуына себепкер болып жүрген барлық ақ халатты абзал жандарға мың алғыс!
Ал, Динара Ермаханқызына – ұзақ ғұмыр, береке мен саулық тілейміз.
Балнұр Жексенбекқызы.