Ақпараттық портал

Әлеуметтік көмектен кімдер қағылады?

Аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің төрағалық етуімен өткен кезекті аппараттық кеңесте бірқатар өзекті мәселе қаралып, жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. Күн тәртібінде әлеуметтік төлемдер, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстар, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуы сөз болды.
Алғашқы мәселе бойынша аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаева «А» және «В» санаттарына жататын азаматтарға тағайындалатын әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер туралы баяндады.
Бөлім басшысының мәліметінше, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап республикалық бюджеттен төленетін әлеуметтік жәрдемақылардың 14 түрі бойынша «А» және «В» санаттарына жататын азаматтарға төлем жасау тоқтатылады.
– Шу ауданы бойынша «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде 2 809 отбасы тіркелген. Бүгінгі күні аталған отбасыларға қатысты сауалнама жұмыстары толық жүргізіліп, олардың деректері Шу қаласы мен ауылдық округтер бөлінісінде ақпараттық жүйеге енгізілді. Оның ішінде «А» санатында – 352 отбасы, «В» санатында – 2 457 отбасы бар, – деді Гүлмира Амангелдіқызы.
Бұдан кейін ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құтыбеков салада атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және су үнемдеу технологияларын енгізу мақсатында жалпы көлемі 1 млрд 946 млн теңге инвестиция тартылған.
Сондай-ақ, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы жалпы сомасы 1 млрд 524 млн теңгеге 74 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Бұл – шаруашылықтардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Аудан экономикасының дамуына серпін беретін инвестициялық жобалар да кеңестің күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жеңіс Нұрғалиев 2026 жылы іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысы мен 2027 жылға жоспарланған жобалар туралы баяндады.
Инвестиция тарту – жаңа өндіріс орындарын ашуға, жұмыс орындарын көбейтуге және ауданның экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін негізгі бағыттардың бірі. Осы орайда аудан басшысы жобалардың жүзеге асырылу барысына ерекше назар аударып, жоспарланған жұмыстардың уақытылы орындалуының маңыздылығын атап өтті.
Кеңестің келесі мәселесі бойынша Балуан Шолақ ауылдық округінің әкімі Данияр Сандыбаев округ аумағында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Ол елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындар көтерген мәселелер мен олардың шешілу бағыттары туралы мәлімет ұсынды.
Аппараттық кеңес барысында қаралған мәселелер бойынша аудан әкімі жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын бақылауда ұстауды міндеттеді. Сондай-ақ көтерілген мәселелерді шешуде жүйелі жұмыс жүргізіп, тұрғындар алдындағы жауапкершілікті арттыру қажеттігін ескертті.

Б.ЖЕЛДЕН.

Жауап қалдыру

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.