Шулықтар Жаңа жылды сән-салтанатпен қарсы алды
Өткен аптада аудан тұрғындары есігімізден енген жаңа 2026 жылды ерекше көңілмен қарсы алды. Жерлестеріміздің бұл мерекеге деген құрметін сауда орындарындағы қарбаластарынан аңғардық, аспанға атқан от шашуларына куә болдық.
31 желтоқсан күні Шу қаласындағы Т. Рысқұлов алаңында Жаңа жылға арналған ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылды. Мерекеге арналған безендірулер мерекелік бағдарламаны тамашалауға келген жұртшылыққа жарқын сәт сыйлағаны сөзсіз.
Жаңа жылдық кешті жоғары деңгейде өткізу ісі аудандық Мәдениет үйіне жүктелгендіктен, өңірдің өнерпаздары бұл үдеден шыға білген сыңайлы. Дархан Кәлен мен Мейіржан Базаралы жүргізген кеште тақырыптық әндер шырқалып, сахналық көріністер ұсынылды. Ең алдымен көпшілік жылан жылын шығарып салып, жылқы жылының персонажын қарсы алды.
Сонымен қатар, көрермендерге республика рәміздері мен облыс, аудан тарихына қатысты сауалдар беріліп, дұрыс жауап бергендерге естелік сыйлықтар табыс етілді.
Әсем әндер шырқалған кешке жиналған жұртшылықты Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
2025 жылдың жарқын сәттері мен қол жеткізген жетістіктеріне тоқталған аудан басшысы бірліктің бекем үлгісін көрсеткен аудан тұрғындарына алғысын білдірді.
– Бүгін сіздермен бірге мерекелік шараның куәгері болып отырғаныма риясыз қуаныштымын. Еншімізде болған 2025 жылды абыроймен еңсеріп, ауданымыздың 95 жылдығы мен қаланың 65 жылдық мерейтойын, Балуан Шолақ бабамыздың 160 жылдығын лайықты түрде атап өттік. Одан бөлек, өңірдің дамуында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Инвестициялық жобаларды жүзеге асырдық. Экономикалық өсімге мүмкіндік туды.
Жергілікті атқарушы органдар аудан тұрғындарының игілігі үшін әрдайым қызмет етеді. Оған өздеріңіз биыл куә болдыңыздар. Біз өз бағытымыздан таймай, келер жылы да осы қарқынмен жалғастырамыз деген сенім мол.
Баршаңызды жаңа 2026 жылмен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс, өздеріңізге зор денсаулық пен ырыс тілеймін! Бай-қуатты болыңыздар, – деді Бақытжан Оразалыұлы өзінің лебізінде.
Аудан әкімінің құттықтауын арнайы дайындалған отшашу қуаттап, тұрғындардың қуанышын еселей түсті. Көпшілік құрметіне бағытталған сазды бағдарламаның екінші бөлімінде эстрадалық әндерге кезек берілді. Сондай-ақ, пародиялық көріністер тарту етілді. Мерекелік шара соңы би кешімен түйінделді.
Жаңа жылға арналған мерекелік кеш Шу қаласы мен ауылдық округтерде де ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Ал көлемдісі теміржолшылар шаһарында өтті. Бұл күні сіркіреген жауын жұртшылықтың меселін қайтара алмады. Олар жарқын жүздермен бір-бірін құттықтасып, естелік суретке түсіп жатты.
Байжан Емберді.