Ақпараттық портал

Ең алғашқы махаббат басталады партадан

Осындай сөз тіркестері бар әсем әнді тыңдаған сайын тыңдай бергім келеді. Бұл ән басқаға қайдам, менің көңілімді толқытады, жүрегімді тебірентеді, сондықтан да аталмыш әнді қанша тыңдасам да жалыққан емеспін. Мәтіні мәнді, әні әсерлі осы туынды алыста қалған армандарға асыққан жалынды жастық шағымызды көзге елестетеді. Сағынышқа айналған бал дәуреннің самал желі тұла бойыңды тербегендей әсер қалдырады.
Құрметті оқырман, осы әннің сырға толы сөздерін бірге еске алып көрейікші…

Енесей мен Еділді шатыстырып картадан,
Ең алғашқы махаббат басталады партадан.
Күндей таза көңілі, қардай аппақ парақта,
Ең алғашқы махаббат басталады сабақта.

Бәйшешектей бүр жарып, бұзып жарып сең-тоңды,
Ең алғашқы махаббат, болу керек ең соңғы.
Болар бәлкім қамалы, болар бәлкім қақпасы,
Ең алғашқы махаббат, махаббаттың патшасы…

Махаббат жайлы қалам тартпаған ақын, жазушылар кемде-кем шығар?! Ең әуелі, ұлы Абай атамыз «Махаббатсыз – дүние бос» – деп тегін айтпаса керек-ті. Осындай сезімге толы көркем дүниелерді оқи отырып, бүгінгі менің бас кейіпкерлерім – Сейтқазы Дауылбаев пен Қамажай Иманбаеваның мөлдір махаббаттары туралы сыр бөліспекпін. Бұл екеуінің ерлі-зайыпты жандар екенін жақындары жақсы білгенімен, былайғы жұрт бір мектепте, бір сыныпта қатар оқығандығын біле бермеуі мүмкін. Атап айтар жай, сыныптастардың бір-бірімен отау құратындығы сирек кездесетін құбылыс. Әрине, мұндай жұптар баршылық. Әйткенмен, Сейтқазы Жексенбіұлы мен Қамажай Мырхашымқызының жүріп өткен тағдыр жолы туралы біраз сыр шерткенді жөн көрдім. Екеуі де өз ауылдарында сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін аудан орталығы, қазіргі Төле би ауылындағы пансион-интернатта жатып оқуларына тура келеді. Өйткені, өткен ғасырдың орта тұсы жетсе де, ауданның кейбір ауылдарында орта мектеп болмаған. Сондықтан, жастайынан қазақи тәрбие алған ұлтшыл ауылдың ұл-қыздарын қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте тағдыр тоғыстырады.
Осындайда өткен бір оқиға есіме түсті. Тамылжыған тамыз айының соңғы күндерінің бірінде Сейтқазының әкесі Жексенбі ақсақал ат арбасын дайындап, жолға шығуға қамданады.
-Сейтқазының жеңгесі-ау, болсаңшы. Ертерек барып, баламды пансион-интернатқа өзім жайғастырып қайтайын деп едім ғой.
-Отағасы-ау, мұның дұрыс. Қанша айтқанымен, ауылдан шықпаған бала емес пе, мұғалімдеріне тапсырып қайтқаныңды қуаттаймын…
-Қуаттасаң қуатта, бірақ баланы тезірек жіберсеңші. Күн ысымай жететін жерімізге жетіп алайық.
Осы кезде Күлсара апай да ержетіп келе жатқан баласын бір қолымен жетектеп, бір қолымен азық-түлік салынған шибарқыттан тігілген дорбаны ала шықты.
-Жеңге, мына тамағың не?! – деді Сейтқазы. Бізді интернатта тамақтандырады ғой.
-Қарағым-ай, оған талас жоқ, сен бара салысымен ешкім де тамақ ұсына қоймайтын шығар. Қарның ашпасын, өзегің талмасын деген ниетпен бір таба нан, қарында сақталған жарты литр сары май, құрт, ірімшік және торсыққа құйылған айран бар, – деген жеңгесі сапарға шығып бара жатқан атасының баласының маңдайынан сүйіп тұрып: «оқуыңды жақсы оқы, тәртіпті бол, тыныш жүр» деп көңілі босап кеткендей кейіп танытты.
Сейтқазы бұл әңгімені айта отырып, әке-шеше-сінің өзіне және бауырларына деген қалтқысыз қамқорлығын әрдайым еске алып жүреді.
Жаңа мектепте, жаңа ортада қызықтар аз болмады. Алғашында бір-бірін жатырқаған оқушылар айналасы бір жұмада жақын танысады. Сәті түскен сәттерде Сейтқазы мен Қамажай мектеп дәлізінде ұшыраса кетіп, бір-біріне жылы шырай көрсететін еді. Арада екі ай өтер кезде Кеңестік дәуірдің мерейлі мерекесі саналатын 7 қараша – Ұлы Октябрь Социалистік Революциясының туған күнін лайықты қарсы алуға мектеп ішіндегі класаралық өнер байқауы өз шымылдығын ашады. Сол кезде Сейтқазы қолына домбырасын ала шығып, ағасынан үйренген халық әндерін қоңыр даусымен шырқап салады. Кезі келгенде Қамажай да қазақтың халық биі – «Қамажайды» тамаша билеп, көзге түседі. Бұған дейін кімнің қандай өнері бар екендігін білмей жүрген сыныптастар енді оларды құттықтап, көтермелей бастайды. Сейтқазы мен Қамажай да оқу озаттарының қатарында жүреді. Ол кезде әр мектептің оқушылары шаруашылықтардағы қызылша жинау науқанына көмектесетін. Осылайша екі жас қайда жүрсе де бірге жүрді. Бұрынғыдай емес, Сейтқазының балауса қызға деген сезімі ояна бастайды. Көрер көзге ұяңдау көрінгенімен, сын сағатта мысы басып тұратын Қамажайға өз сезімін бірден жеткізе алмағаны бар. Өйткені, ол қыздың сөздері салмақты, айтары ашық болғандықтан, қос жанары отты көрінетін. Әр нәрсенің әлібін бағатын бозбала да сырлы сезімін асықпай жеткізгенді жөн көрді ме, екеуі бірер ай «сіз-біз» деп сыйласумен жүрді. Ең бастысы, «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» дегендей, бір-біріне ниетімен, пейілімен жақындаса берді. «Балалы үйде ұрлық жатпайды» деген рас-ау, кейбір сыныптастары қос ғашықтың іс-әрекетіне қызыға да, қызғана да қарайтынды шығарды. Екеуі де көпбалалы отбасыдан шыққандықтан, қай кезде де сабырлық сақтап, келеңсіз жағдайлармен көзге түспеуді бекем ұстанды. Осылайша, ең алғашқы махаббаттары партадан басталған жігіт пен қыз аталмыш мектепті 1972 жылы ойдағыдай тәмамдап, үлкен өмірге жолдама алды.
Сол жылы Сейтқазы Алматы Халық шаруашылығы институтына, ал Қамажай Алматы Қыздар педагогикалық институтына жұлдыздары жанып, оқуға түсіп кетті. Арада төрт жыл өткен соң, Сейтқазы институттың берген жолдамасымен Көкшетау облысы, Еңбекшілер ауданы, «Мәдениет» совхозына бас экономист қызметіне тағайындалды. Жас маман бір жыл өткеннен кейін Кеңес Армиясының қатарына шақырылды. Азаматтық борышын қазіргі Ресейдің Южно-Сахалинск қаласында өтеп шықты. Әскери міндетін абыроймен орындаған жас маман бұдан кейін өзінің туған ауылы Шу ауданындағы Абай атындағы ауылға оралды. Білікті маманға шаруашылық басшысы бас экономист қызметін сеніп тапсырды. Экономика саласында өз қырын көрсете білген Сейтқазы Жексенбіұлы 1979 жылғы Шу аудандық комсомол комитетінің 9 пленумында Шу аудандық комсомол комитетінің хатшысы қызметіне сайланды. Хатшылық қызметтің жауапкершілігі зор болатын. Аудан жастары алдағы шепте жүргендіктен, Сейтқазының да жауапкершілігі арта бастады. Аудан жастарымен қоян-қолтық жұмыс істеу оның еңбекке деген тың құлшынысын, өмірге деген бейімділігін, өз ісіне деген іскерлігін арттыра түсті. Ол кезде комсомол ұйымы партияның ең сенімді көмекшісі саналатын. Бұл талапты тереңінен сезінген жастар да, олардың жетекшілері де қоғамдық жұмыстардың қандайына болмасын білек сыбанып кірісетіндіктерін көрген едік.
Осы тағайындаудың алдында ғана бір кездері балаң жігіт пен балауса қыз атанған Сейтқазы мен Қамажай өз алдарына шаңырақ көтереді. Мектеп партасынан басталған махаббаттары гүлдей жайнап, жастай ғашық болған жандардың тағдыр жіптері байланады. Қамажай Мырхашымқызы да өзі түлеп ұшқан мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып оралып, ұстаздық еңбек жолын бастайды. Жас жұбайлар қызмет бабымен Төле би ауылына көшіп келеді. Алғашында Сәду Шәкіров атындағы көше бойындағы жергілікті жұрт «Райкомның үйі» деп аталатын екі қабатты тұрғын үйге қоныстанады. Бір қызығы, бұл үйде мамандықтары әртүрлі болғанымен, ұлттық өнерді өркендетуге үлес қосып жүрген қаракөз азаматтармен бірге тұрады. Атап айтқанда, ақын, әнші, сазгер Аяз Бетпаев, агроном–экономист Ербол Жаманбалаев, мұғалім әрі журналист Жахан Қожағұлов, Шу аудандық мәдениет үйінің жанындағы халық театрының режиссері Ермекбай Құлажанов, М.Әуезов атындағы орта мектептің музыка пәні мұғалімі Жеңіс Тағашев, банк саласының қызметкері Еділ Сүлейменов және тағы басқалар бір шатырдың астында тұрғандықтан бір туғандай бауыр басып кетті.
Әңгіме арасында Сейтқазы былай деген еді:
– Өзім комсомолмын, жас жағынан ең кішісімін. Сондықтан олардың қай-қайсысы болмасын мені әрбір жұмысқа жұмсай беретін. Ол кезде үлкендер айтса болды, сөздерін жерге қалдырмайтынбыз. Бұдан еш жамандық көрмегенімді әр кезде еске алып отырамын. Бүгінгі өскелең жастар да сондай тілалғыш болса екен деп тілеймін. Ең бастысы, біздің үй аудандық мәдениет үйінің филиалы сияқты болатын. Көршілерімнің қай-қайсысы болса да домбыра мен сырнай тартудан жалықпайтын. Ән айтудан алдарына жан салмайтын.
Сейтқазы Жексенбіұлы жасының ұлғаюына байланысты комсомолдық жұмыстан қол үзіп, өз мамандығына қайта кірісті. Атап айтқанда, 1988 жылдан бастап екі жыл бойы ДЭУ-218 автомобиль жолдарын пайдалану мекемесінде бас экономист қызметін атқарды. Мұны біз мамандығына адалдық деп санадық. Одан кейін он шақты жыл Шу ауданы жұмыспен қамту – еңбек биржасы орталығының директоры болып еңбек етті. Осы жылдарда колхоз, совхоздар тарап, кейбір кәсіпорындар жабылып, жұмыссыз қалған жандардың саны артты. Екі қолға бір күрек таппай жүргендер еңбек биржасына күн құрғатпай келіп тұрды. Осы тұста мекеме басшысы Сейтқазының қиналған сәттері аз болмады. Өйткені, жоғарыда атап өткеніміздей, жұмыс беруші ұжымдардың жекешеленіп кеткендігі жағдайды қиындата берді. Мұндайда нақты жауап алмаған еңбек адамдары, әрине ренішін білдіріп жатады. Ал, сәті түсіп жұмысқа тұрғандары алғыстарын аямайды. Осындай тоқсаныншы жылдардың тоқырауында халыққа көрсеткен қызметі жас басшыны біраз әбігерге салды. Әйткенмен, көңілі жайдарлы, мінезі жарқын Сейтқазы өзінің мейірімділігімен, адамгершілік қасиетімен көпшілікпен тіл табыса алды. Сондай-ақ, ол 2001-2003 жылдар аралығында Шу ауданы зейнетақы және жәрдемақы төлеу орталығының бастығы, 2003-2011 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жамбыл облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы болды. Осы жауапты қызметті атқарған жылдары кейбір ұжымдарда дау-дамайға айналған арыздарды тексеріп, әділдік салтанат құрды. Қай кезде болмасын өз қызметінің жауапкершілігін бағалай білген ол ақ пен қараны ажыратып, ащы шындықты айқындай түсті. Бас кейіпкеріміз зейнеткерлік жасқа дейін Шу ауданы, Төле би ауылдық округінің әкімшілік және құқықтық бөлімшесінің бас маманы-заңгер қызметін атқарды.
Ал, Қамажай Мырхашымқызы біраз жыл мектепте ұстаз бола жүріп, аудандық пионер ұйымының басшысы қызметіне жоғарылатылды. Жастайынан аз сөйлеп, көп тыңдайтын ол бір кездері білім қызметкерлері Шу аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы қызметіне көтерілді. Сайланбалы органда жауапкершілігін жете түсініп, мұғалімдердің және мектептегі техникалық қызметкерлердің мақсат-мүддесін қорғау жолында бір кісідей аянбай тер төкті. Ол кезде кәсіподақ комитетіне де арыздар мен өтініштер аз түспейтін. Олардың қай-қайсысына болса да жазбаша жауап қайтарылатын. Әрине, мұндай қиындығы көп қызметте оның білімділігі мен біліктілігі айқын байқалып жүрді.
Ерлі-зайыпты Сейтқазы Дауылбаев пен Қамажай Иманбаева екеуі қандай қызмет атқарса да, жоғарғы органдардың Мақтау қағаздарына, Құрметті грамоталарына ие болғандығы, «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталғаны өз алдына бір төбе әңгіме. Бұған қоса, Қамажай Мырхашымқызы ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» 2007 ж., «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін», «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» 2004 ж., ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі 2018 ж., «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін (2022 ж.) кеудесіне тақты.
Отауы берік жұбайлар екі қыз бен бір ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиеледі. Үшеуі де жоғары білімді мамандар. Әр жерде өз қызметтерін атқарып жүр. Үш баласынан 13 немере, бір шөбере көріп, үлкен бақытқа бөленген ерлі-зайыпты жандарға бұдан әрі де сәттілік тілей отырып, мынадай өлең шумақтарын арнаймын:
Қол ұстасқан өмірлікке қос ғашық,
Жатыр бүгін жастық шақпен қоштасып.
Жетпіс жастың төбесі де көрінді,
Жүрсін енді қарттықпенен достасып.

Екеуі де бір партада отырды,
Екеуі де бір ауылда оқыды.
Махаббаттың сезіміне бөленіп,
Жас кезінде теңіздей боп толқыды.

Жасай берсін, Сейтқазы, Қамажай!
Достарына көңілдері даладай.
Қарттық жасқа сенбейтіндей бұл інім,
Әлі күнге ойнап жүрген баладай.

Ахметжан Қосақов,
ардагер журналист,
ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.