Ер атағын ел сақтар
Халқымызда «Еңбек – ер атандырады» деген аталы сөз бар. Өткен күнге үңілсеңіз, өмір жолы өнеге боларлық тұлғалар аз болмағанын байқаймыз. Олар әр салада тер төгіп, аудан тарихын жазуға атсалысқаны сөзсіз.
Сондай ерлердің бірі – Балмағанбет Түменбаев. Саналы ғұмырын халқына қызмет етуге арнаған жан кешегі Ұлы Отан соғысының жауынгері. Кейіпкеріміз ұзақ жылдар бойы Шу аудандық және қалалық милиция бөлімдерінде еңбек етті.
Майдан барлаушысы болған Балман ағай уақытында партия комитетінің жолдамасымен жедел қызметкерден аға тергеушіге дейін, одан соң қалалық милиция бастығының орынбасары болып сатылай өскен. Ішкі істер органдарында қызмет ете жүріп, әйгілі ҚазМУ-нің заң факультетін тәмамдаған екен.
Оқ пен оттың ортасынан болаттай шыңдалған Б.Түменбаев өзіне тапсырылған міндетті мінсіз орындай білген офицер. Ол кісінің ерлік жолындағы бір үзік сыр «Құмдағы жекпе-жек» атты аудандық басылымның 1999 жылғы 3 шілдедегі санындағы очеркте ашып жазылған. Жанайдар Бұралқиев жазған очеркте бастықтан маңызды тапсырма алған Балмағанбет Түменбаевтың мінезіне айқын сипаттама беріліп, кісілік болмысы кеңінен толғанған.
Қилы заманда қызмет еткен әрбір азамат қоғам құрметіне лайықты. Ғұмырының 9 жылға жуық уақытын соғыста, зейнетке дейінгі жылдарын ішкі істер органдарына жұмсаған азаматты ел үшін туған азамат деп айтуға әбден лайық.
Кейіпкердің анасы Алтыншаш Түлкібаева бұрынғы Теңлік ұжымшарын басқарған, еңбегі арнайы кітапта еленген адам екен. «Алып анадан туады» деген даналық сөздің дәйегі осы болса керек. Бейнеткер жанның тәрбиесін алған Балмағанбет ағамыз да тегін кісі болмаған сыңайлы.
Бүгінгі таңда әке жолын қуған қызы Гүлсім Түменбаева прокуратура органдарынан зейнетке шығып, елордамыз Астана қаласында ұл-қыздарымен бірге тұрады. Артындағы ағайыны мен әулеті әке есімі ардақталса екен деген тілегі бар. Төсбелгілері архивте, ал портреті аудандық полиция бөлімінің құрмет тақтасында ілініп тұрған тұлғаға Шу қаласынан немесе аудан орталығынан көше берілсе деген тілегін басылымға хат қылып жазып отыр. Осы тілек атқамінерлердің назарына ілігіп, өз заманында қоғамның алға басуына үлес қосқан арда азаматтың халыққа қылған қызметі кейінгіге үлгі болсын демекпіз!
Байжан ЕМБЕРДІ.