«Әже ісмерлігі – өнерді ұрпаққа үйрету»
Даналық мектебі – ұрпақ пен үлкендердің арасындағы рухани байланысты нығайтып, өмірлік тәжірибені, ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүр мен тәлім-тәрбиені жас буынға жеткізуді мақсат ететін тәрбие алаңы. Мектепте ауыл ақсақалдары, аналар, өнер иелері мен өмір көрген үлкендер өз өнегесін бөлісіп, жастарға бағыт-бағдар береді. Даналық мектебі – өткен мен бүгінді сабақтастыратын, жүрекке жылу сыйлайтын, тәрбиелік мәні зор жоба.
Аталған жоба аясында Жайсан орта мектебінде «Әже ісмерлігі – өнерді ұрпаққа үйрету» тақырыбында тағылымы мол өнегелі кездесу кеш өтті. Мақсаты – ісмерлік дәстүрін жас ұрпаққа үйрету, әже жолын жалғап, ұлттық өнерді ұрпақ санасына сіңіру. Бұл тағылымды кеш жүректерге жылу сыйлап, көпшілікке ұлттық өнердің мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Кешті шеберлікпен жүргізген Әсел Қабылжанқызы мен Эльмира Қайырғалиқызы қатысушыларды қазақы тәрбиенің тереңіне бойлатты. Салтанатты шараға мектеп директоры Ерлан Нұрқасымұлы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сауле Умбетова мен ауылымыздың қадірлі әжелері қатысып, кештің мәні мен мазмұнын арттыра түсті.
Кештің шымылдығы күмбірлеген күймен ашылып, 3-сынып оқушыларының «Әже» деген жүрекке жақын өлең әуенімен жалғасты. Ұлтымыздың ұмыт бола бастаған көнерген өнерлері сахна төрінде қайта жаңғырды.
Бақтыгүл әже мен Базаркүл әже ұршық иірудің қыр-сырын айтып, жүннің қалай түрленіп, іске жарайтынын көрсетті. Әжелеріміз ұршық иірудің көне тәсілін көрсетіп, мыңжылдық өнердің мінсіз шеберлігін сол сәтте жаңғыртқандай болды. Қалдыкүл әже құрақ көрпенің әр оюына жан бітіріп, оның мән-мағынасын әңгімеледі. Құрақтың әр бөлшегінде тұнып тұрған тәрбие мен тектіліктің жатқандығын әсерлі жеткізе білді. Настя әже тоқыманың қымбат қырларын көрсетіп, әр шебер түйіннің мәнін түсіндіріп, нәзік өрімдер туралы айтып өтті. Ал, Жұмакүл әже бесікке салу дәстүрінің сырын түсіндіріп, оның әр рәсімі ананың мейірімі мен халқымыздың тәлім-тәрбиесін бойына сіңіретінін тебірене айтып өтті. Ұлттық тәрбиенің бастауы дәл осы бесіктен басталатынын ұғындырды.
Мектебіміздің кәсіподақ төрайымы Фарида Насухақызы мен Алға ауылдық округінің аналар төрайымы Серікбаева Нұрсұлу әжей жүрекжарды тілегін білдіріп, ұрпақ тәрбиесіндегі аналардың рөліне ерекше тоқталды. Әрбір айтылған ақыл, әрбір көрсетілген өнер – жас буынға қалдырылған баға жетпес аманаттай әсер қалдырды.
Іс-шара соңында Күлжан әжейдің берген ақ батасы кештің мазмұнын тереңдетіп, әрбір қатысушының бойына қуаныш пен берекенің дәнін септі.
Бұл кеш – тек ісмерлік өнерін көрсету емес, ұлттық құндылықтың тамырын тереңдеткен, ұрпақ пен ұлағатты аналар арасын жалғаған рухани байланыс алаңы болды. Осындай тағылымы мол шаралар өскелең ұрпақтың бойына салт-дәстүрге деген құрмет ұялатып, ұлттық болмысты сақтауға сеп болары сөзсіз.
Мадина Даулетказина,
Жайсан орта мектебінің ұйымдастырушы педагогі.