Екі бірдей спорт кешені ашылды
Мемлекет қазынасының қарымы жете бермейтін, әсіресе, шалғай аудандардағы әлеуметтік жобаларға жеке бизнесті тарту қажеттігі бұған дейін де айтылып жүргені жасырын емес. Сол арқылы ауыл-аймақта көптеген әлеуметтік және спорттық нысандардың бой көтеріп, халық игілігіне берілуі жақсы үрдіске айналып келеді. Дәл осындай игі бастамалар кейінгі екі-үш жылда өзіміздің Шу ауданында да байқалуда. Мәселен, аудан аумағында кен өндірумен айналысатын «Қазақмыс» корпорациясының бірқатар серіктестіктері өңіріміздегі біршама ауылдарға қолұшын созып, спорт кешендері мен қажетті әлеуметтік нысандарды соғып беруге атсалысып келеді.
Ал, өткен аптада «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен Шу қаласы мен Бірлік ауылында екі бірдей спорт кешені салтанатты түрде ашылып, жергілікті халықтың игілігіне берілді. Бұл күнде аталмыш қоғамдық қордың қолдауымен еліміздегі ауылдық елді мекендерде, шағын және моноқалаларда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде өңір-өңірлерде заманауи спорт кешендерін салу да бар. Бастысы, бұл – бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын үнемі атап өтетін Мемлекет басшысының тапсырмасымен мәндес әрі мағыналас болып отыр. Жалпы, қазірдің өзінде аталған қордың ықпалымен республика көлемінде 24 спорт нысанның құрылысы жүргізілуде. Ал әрбір залға жыл сайын 36 мыңнан астам бала мен ересек адамдар барады деп жоспарлануда.
Күні кеше Шу қаласындағы «Қант зауыты» мөлтек ауданында ашылған ангар типтегі ғимараттың жалпы құны 170 миллион 500 мың теңгені құрайды. Ал «Жігер» спорт кешенінің құрылысын «SK Monolit Ltd» мердігер компаниясы жүргізген. Ғимараттың ашылу салтанатында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жаңа спорт нысанының пайдалануға берілуі – өңіріміздің әлеуметтік дамуы жолындағы нақты нәтижелердің бірі екенін атап өтті.
– Бүгін ашылған жаңа кешен – бұқаралық спортты дамыту бағытындағы нақты істердің нәтижесі. Аталған нысан қала тұрғындарының игілігіне қызмет етіп, жас ұрпақтың спортқа қызығушылығын арттыра түседі деген сенімім мол. Мұнда болашақта ел намысын қорғайтын талай таланттар өсіп, тәрбиеленеді деген сенім мол. Жаңа кешенде футбол, волейбол және баскетболға арналған жаттығу залдары қарастырылған. Яғни, тұрғындарға салауатты өмір салтын ұстануға, бос уақытты тиімді өткізуге кең мүмкіндік берілуде. Сонымен қатар аталған спорт нысаны 15 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуға ықпал етіп, қала экономикасы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға қосылған үлес.
Қазіргі таңда облысымызда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың саны 514 мыңнан асып, тұрғындардың 44,8 пайызын құрап отыр. Жыл ішінде облыста 13 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның басым бөлігі бюджет қаражаты есебінен, ал бір бөлігі демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін қосымша 11 нысанды пайдалануға беру жоспарланған, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Бұдан кейін «Қазақстан халқы» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ляззат Шыңғысбаева сөз алып, жаңа модульді спорт зал Шу қаласының барлық жас тұрғындары үшін спорт пен салауатты өмір салтын дамытатын орталыққа айналатынына сенім білдірді. Оның айтуынша, қоғамдық қор Әулиеата өңірінде жалпы құны – 12,6 миллиард теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асырып жатыр. «Біз тұрғындарға жайлы өмір қалыптастыру мақсатында әлеуметтік салаға көптеп көңіл бөлеміз. Игі бастамалар алдағы уақытта да лайықты жалғасын табатын болады», – деді Ляззат Алтынбекқызы.
Ал спорт ардагері Сайфудин Абдуманапов елді мекеннің одан әрі көркеюіне мұндай кешендердің тигізер пайдасы мол екенін баса айтып, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына ықпал ететін нысанның бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді. Мұнан соң салтанатты түрде ғимараттың лентасы қиылып, көпшілік «Жігер» спорт кешенінің ішін аралап көруге мүмкіндік алды.
Естеріңізде болса, бірер жыл бұрын «Қазақмыс» корпорациясы ауданымыздағы Бірлік ауылындағы саябақты күрделі жөндеуден өткізіп, онда заманауи спорт алаңшаларын салып берген еді. Осылайша, 100 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған жоба аясында демалыс орны қайта жаңғыртылып, ауылдықтар бір мезгіл волейбол, баскетбол мен футбол сынды спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік алды. Енді үш жарым мыңнан астам елді мекен тұрғындары үшін ангар типтегі «Самғау» спорт кешені іске қосылды. «Қазақстан халқы» қоғамдық қорының демеушілігімен бой көтерген нысанға да 170 миллионнан астам қаржы бөлінген. Кешеннің ашылуында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев ұлт саулығын нығайтып, халықтың сергектігіне серпін беруде әлі де атқарылар шаруа көп екенін жеткізді. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы орган өкілдері спорт орталықтарын ашуға, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы, жеке инвестициялар қаражатын тарту арқылы спорт нысандарын салуды мықтап қолға алған.
Шу қаласы мен Бірлік ауылындағы салтанатты шарадан кейін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен аудан басшысы Бақытжан Жәнібеков және ауыл ақсақалдары мен бірқатар тұрғындар спорт нысанының аумағына ағаш көшеттерін отырғызды. Шара соңында ауыл ақсақалдары атқарылып жатқан игі істерге ауылдықтар атынан алғыс білдіріп, ақ баталарын берді.
Ерғали Қартайған.