Ақпараттық портал

ЖАҢА КӨПІР ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Ағымдағы аптаның басында Д.Қонаев ауылындағы «Кемер–Бірлікүстем» аудандық автожолының бойында орналасқан көпірдің құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді.
Жасыратыны жоқ, аталған көпірдің әбден тозығы жетіп, ол апатты жағдайға дейін жеткен болатын. Теміржолдың маңында орналасқан аталған көпірден күніне жүздеген көлік қатынайтынын ескерсек, оның сол маңдағы тұрғындар үшін маңыздылығын аңғаруға болады. Оның үстіне аудан әкімінің жергілікті халықпен өтетін есептік кездесулерінде де дәл осы мәселе бірнеше мәрте көтерілген еді. Дегенмен, кез келген мәселенің ең әуелі қаржыға келіп тірелетіні рас. Бұл ретте аудан әкімдігі аталған түйткілді тиімді шешудің төте жолын тапқан сыңайлы. Олай дейтініміз, бұл көпір аудан қазынасынан бөлінетін қаржыға емес, «Қазақмыс» компаниясы тарапынан жасалды.
Аталған көпірдің құрылысы өткен жылы басталып, енді міне, ел игілігіне беріліп отыр. Көпірді салтанатты түрде ашуға арналған шараға аудан әкімінің орынбасары Найманхан Абдрашев пен «Қазақмыс» компаниясының өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты. Онда ауыл ақсақалдары компания өкілдеріне өз алғыстарын айтып, игілікті іске мұрындық болғаны үшін ризашылықтарын білдірді. Айта кету керек, көпір құрылысының жалпы жобалық құны 360 миллион теңгені құраған.
Бұл «Қазақмыс» компаниясы тарапынан қомақты қаржы жұмсалып отырған жалғыз жоба емес. Бұған дейін де аудандағы көптеген жобаларға демеушілік көрсетіп, жергілікті халыққа мейлінше қолдау білдіріп келеді. Дәлірек айтқанда, 150 орындық «Бәйтерек» балабақшасын, спорт және балалар ойын алаңшаларын, ауыз су ұңғымасын салуға сеп болып, қомақты қаржы жұмсап келеді. Сонымен қатар әлеуметтік қолдау аясында ауыл ақсақалдарына шипажай жолдамаларын, мерекелік азық-түлік себеттері мен балаларға арналған сыйлықтарды да жүйелі түрде табыстап келеді. Сонымен қатар, өзге де ауылдық округтерде компанияның демеушілігімен түрлі нысандар бой көтеруде. Алдағы уақытта аталған нысандар да ел игілігіне берілмек.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.