Ел тарихын түгендеген азаматтың еңбегі
Ұлт тарихын түгендеу – үлкен жауапкершілік пен қажырлы ізденісті талап ететін қасиетті іс. Осындай жауапты міндетті өз шығармашылығының өзегіне айналдырып жүрген қаламгерлердің бірі – Сауытбек Мәдімарұлы. Ол осы уақытқа дейін халқымыздың тарихына, елдік рухына және ұлт тұлғаларына арналған бірнеше құнды жинақтарды жарыққа шығарып, тарихи сананың жаңғыруына өзіндік үлес қосып келеді.
Автордың кезекті еңбегі – «Біртуар Баукең» кітабы қазақтың ғасырда бір туатын перзенті, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының қайталанбас тұлғасын, хас батырлық болмысын жан-жақты ашуға арналған. Жазушы батырдың ерлігі мен өр мінезін ғана емес, елдік мұрат жолындағы ұстанымын, ұлтқа деген адалдығын тарихи деректер мен естеліктер арқылы шынайы бейнелейді.
Бұл еңбектің тағы бір тарихи мәні – кітаптың Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағы берілген жылмен сабақтастырыла жарық көруінде. Бұл – жай ғана сәйкестік емес, батырдың тарихи тұлғасын ұлықтауға бағытталған тағылымды қадам. Мұндай еңбек жас ұрпаққа батырдың ерлігін ғана емес, оның азаматтық келбетін, ұлт алдындағы жауапкершілігін де танытады.
Кітаптың оқырманға ерекше әсер ететін тұсы – автордың тарихи ақиқатты құрғақ дерек ретінде ұсынбай, оны жанды оқиғаға айналдырып жеткізуінде. Әсіресе «Бауыржан Момышұлының Сталинмен кездесуі» және «Волоколамск тасжолының шын авторы кім?» атты тараулар оқырманды бейжай қалдырмайды. Бұл тарауларда келтірілген деректер әр қазақтың жүрегіне ой салып, ұлттық намысын оятады.
Бүгінге дейін көпшілік Александр Бектің «Волоколамск тасжолы» шығармасын тек оның туындысы деп қабылдап келсе, Сауытбек Мәдімарұлы архивтік хаттарды, редакциялық пікірлерді, стенограммаларды және Бауыржан Момышұлының өз естеліктерін салыстыра отырып, шығарманың дүниеге келу жолын жаңаша пайымдайды. Бауыржанның әр тарауды өзі баяндап, қайта өңдеткені, шығармадағы оқиғалардың өз басынан өткен шынайы өмір екендігі нақты деректермен дәлелденеді. Бұл – автордың жай болжам емес, құжатқа сүйенген ғылыми ұстанымының көрінісі.
Осындай тарихи шындықтармен танысқан оқырманның бойында екі түрлі сезім қатар туады. Біріншісі – ұлт батырының асқақ тұлғасына деген мақтаныш. Екіншісі – ұзақ уақыт көмескі қалған тарихи ақиқаттың енді ғана өз орнын тауып келе жатқанына деген толғаныс. Өйткені Бауыржан Момышұлы өз еңбегінің, өз ойының басқа адамның атымен танылуына өмір бойы үнсіз келісе салмағанын кітаптағы хаттар мен пікірлер анық аңғартады.
Автордың шеберлігі де осында. Ол тарихи тұлғаны әсірелемейді, қолдан аңыз жасамайды. Керісінше, сөйлейтін құжатты сөйлетеді, сөйлейтін хатты сөйлетеді. Оқырман әр бетті оқыған сайын өзін архив құжаттарын ақтарып отырған зерттеушідей сезінеді. Бұл кітаптың танымдық құнын ғана емес, көркемдік әсерін де күшейтеді.
Бауыржан Момышұлының Сталинмен кездесуі туралы тарау да дәл осындай әсер қалдырады. Батырдың қайсарлығы, ешкімнен тайсалмайтын мінезі, ұлт намысын бәрінен биік қоюы оқырманның көз алдына кино көрінісіндей елестейді. Диалогтардың табиғилығы мен оқиғаның шынайылығы шығарманың әсерін күшейтіп, Бауыржанның тек соғыс қаһарманы емес, рухы биік мемлекетшіл тұлға болғанын терең сезіндіреді.
Сауытбек Мәдімарұлының басты жетістігі – тарихи деректі көркем баяндаумен ұштастыра білуінде. Ол ғылыми дәлдік пен әдеби шеберлікті қатар алып жүреді. Сондықтан кітаптағы әрбір тарау тарихи зерттеу ғана емес, оқырманды тебірентетін көркем туынды ретінде қабылданады. Әрбір құжат, әрбір естелік, әрбір хат Бауыржан бейнесін бұрынғыдан да биіктетіп, оқырманды өткен ғасырдың оқиғаларына жетелейді.
Осындай ақиқаттардың кітапқа енуі шығарманың тарихи салмағын арттырып қана қоймай, оның тәрбиелік маңызын да күшейтеді. Жас ұрпақ бұл еңбекті оқу арқылы Бауыржан Момышұлының ерлігін ғана емес, оның әділдік жолындағы табандылығын, шындық үшін күрескен қайсар мінезін таниды. Ал тарихи санасы сергек оқырман үшін бұл кітап – ұлт тарихының көмескі беттерін ашқан, ақиқаттың ақ туын көтерген тағылымды еңбек.
Сондықтан «Біртуар Баукең» – Бауыржан Момышұлы туралы жазылған кезекті кітап қана емес, тарихи әділдікті қалпына келтіруге ұмтылған, тың деректерге сүйенген зерттеушілік еңбегімен де құнды шығарма. Мұндай кітаптар ұлттың тарихи жадын жаңғыртып, өткеннің ақиқатын келешек ұрпаққа аманаттайтын рухани мұра ретінде бағалануға әбден лайық.
Айғаным Асқарбек.