Мемлекеттік қызмет – мәртебелі міндет
Егер біреудің маңдайына елге қызмет ету мәртебесі жазылар болса, сол адам халқының тағдырына жауапкершілікпен қарап, мемлекет мүддесі жолында аянбай тер төгуі, халқы артқан сенім үдесінен шығуы тиіс. Негізінде үлкенді-кішілі билік тізгінін қолына ұстаған адамдар айналамызда көп болуы мүмкін. Бірақ биік мінберге шығып билік айту екінің біріне бұйыра бермейтіні анық. Жалпы ел басқару ісінде жүрген азаматтан мемлекеттік қызмет кәсіби біліммен қатар парасат, көрегенділік пен табандылықты талап етеді. Өйткені мемлекеттік қызметтің мәні шікірейген шенеунік кейіппен емес, елге жасаған қызметпен өлшенеді.
Мамандарды шыңдаған академия
Мемлекеттік қызметшілер – билік пен халық арасындағы маңызды байланысты қалыптастыратын тұлғалар. Олардың атқарған жұмысы қоғамның дамуына, азаматтардың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Сондықтан бүгінгі мемлекеттік қызметші заман талабына сай білімді, білікті, жауапкершілігі жоғары әрі басқару мәдениеті қалыптасқан маман болуы шарт. Осындай кәсіби кадрларды даярлау, олардың білімін жетілдіру мен басқарушылық қабілетін шыңдауда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының орны айрықша. Оқу ордасының негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құзыретін арттырып, олардың бойында жаңа көзқарас пен заманауи басқару мәдениетін қалыптастыру. Осы бағытта бәсекеге қабілетті білім беру және зерттеу нәтижелерін әзірлеу, институционалдық мүмкіндіктерді дамыту, мемлекеттік басқарудың озық тәжірибелерін оқу үдерісіне енгізу жұмыстарына басымдық берілуде.
Білім ордасының қалыптасу тарихы еліміздегі мемлекеттік басқару саласының даму кезеңдерімен тығыз байланысты. Академияның негізі 1994 жылы қаланды. Сол жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық Жоғары Мемлекеттік басқару мектебі (ҰЖМБМ) ашылды. ҰЖМБМ ның құрылуы Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік басқару жүйесіне сай келетін кәсіби кадрларды даярлау ісін қалыптастыруға жол ашты. Мемлекеттік қызмет жүйесі қалыптасып, оның кәсіби әлеуетіне қойылатын талаптар күшейген сайын мемлекеттік басқару саласындағы білім беру құрылымдарын жетілдіру қажеттілігі де арта түсті. Осы үдерістің нәтижесінде 1998 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық Жоғары Мемлекеттік басқару мектебі мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру институты біріктіріліп, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы құрылды. Бұл өзгеріс мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың кәсіби біліктілігін арттыру бағыттарын бір жүйеге топтастыруға ықпал етті. Осыдан ширек ғасыр бұрын академияның елордамыз – Астана қаласына қоныс аударуы оның одан әрі дамуына жаңа мүмкіндіктер сыйлады. Елорданың мемлекеттік басқару мен саяси-әкімшілік орталыққа айналуы академияның мемлекеттік қызметшілерді даярлау және кәсіби дамыту саласындағы қызметімен тығыз байланыста өрбіді. 2005 жылы академияның институционалдық құрылымы кеңейіп, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ырғақты жұмыс істей бастады. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот академиясын біріктіру, сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Дипломатиялық академиясы атқарған функцияларды жаңадан құрылған мемлекеттік мекемеге беру арқылы ұйымдастырылды. Осылайша мемлекеттік басқару, сот жүйесі және дипломатиялық қызмет бағыттарындағы кәсіби даярлық бір құрылым аясына топтастырылды. 2008 жылы академия мемлекеттік мекемеден республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын ретінде (РМҚК) қайта құрылды. Сол кезеңде мемлекеттік қызметшілердің жоғары буынын қайта даярлау мақсатында академия ішінен Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі ашылды. Сонымен қатар Мемлекеттік қызмет істері агенттігі академияның мемлекеттік басқару органы болып белгіленді. Бұл кезең академияның мемлекеттік басқару мен мемлекеттік саясат саласындағы білім беру және кәсіби дамыту қызметін одан әрі жүйелеуімен ерекшеленді. 2017 жылдан бастап академияның қызметі өңірлерде де кеңейе түсті. Облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда академияның филиалдары ашылып, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби білім мен біліктілігін арттыру мүмкіндіктері ел көлемінде қолжетімді бола бастады. Өңірлік филиалдардың жұмысы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуын жергілікті деңгейде ұйымдастыруға және мемлекеттік басқару саласындағы білім беру тәжірибесін өңірлерге таратуға мүмкіндік берді.
Сапалы мемлекеттік басқарудың негізі – кәсіби әрі білімді кадр. Ал ел болашағына жауапты осындай мамандарды даярлау үздіксіз білім мен ізденісті талап етеді. Бұл ретте Мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуына жол ашып, ел игілігі үшін қызмет ететін жаңа буын басшыларды қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді. Осы жылы академияға 232 магистрант пен 12 докторант оқуға қабылданған екен. Мемлекеттік грант саны да 1,5 есеге артыпты. Биыл наурыз айында академияда Цифрландыру және инновациялар институты құрылып, мемлекеттік басқарудың жаңа талаптарына жауап беретін білім беру бағдарламалары іске қосылғанын да айта кетсек артық болмас.
Облысымызда да мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетін арттыруға, біліктілігін жетілдіруге және қызметтік өсуіне мүмкіндік беретін жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Өңір мамандары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алып, басқару саласындағы жаңа тәсілдерді меңгеріп, алған тәжірибесін күнделікті қызметінде қолдануда. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалының директоры Мәлік Асановтың айтуынша, бүгінде облыстың жергілікті атқарушы органдарында 2 341 мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Оның ішінде 20-сы – саяси мемлекеттік қызметші. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 40 пайыздан асады.
– 2026-2027 оқу жылында облыстан мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде академияға екі мемлекеттік қызметші оқуға қабылданды. «Мемлекеттік саясат» білім беру бағдарламасы бойынша облыс әкімі аппаратының қаржы-экономикалық бөлімінің басшысы Балаби Түменбаев білімін жетілдіреді. Ал «Өңірлік даму» білім беру бағдарламасына Шу ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру инспекторлық бөлімшесінің бас инспекторы Әлижан Мұхамеджан қабылданды. Білім беру бағдарламалары мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жұмыс тәжірибесін теориялық біліммен толықтырып, басқару шешімдерін қабылдауда жаңа тәсілдерді меңгеруіне мүмкіндік береді. Әсіресе өңірлік даму, мемлекеттік саясатты іске асыру, стратегиялық жоспарлау және тиімді басқару бағыттарындағы білім мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Биыл магистрлік жобалары үздік деп танылған түлектер қатарында облыс әкімдігі жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ерлан Байболат, Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің Шу-Талас бассейндік инспекциясының бас маманы Айдын Кұрамысов, облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Олжас Орынбеков және Шу ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімшесінің басшысы Бағлан Боранбай бар. Олардың барлығы «Өңірлік даму» магистрлік бағдарламасы бойынша білім алып, оқу барысында жинақтаған білімін нақты кәсіби міндеттермен ұштастыра білді. Магистрлік жобалардың үздік деп танылуы олардың өз саласындағы мәселелерді талдап, оны шешудің тиімді жолдарын ұсына алғанын көрсетеді.
Кәсіби мамандарды анықтап, олардың басқарушылық қабілетін дамытуға бағытталған Өңірлік кадр резервін қалыптастыру жұмыстары да өз нәтижесін көрсетіп отыр. Бүгінге дейін резервке қабылданған 25 кандидаттың 18-і түрлі мемлекеттік лауазымдарға тағайындалған. Бұл кадр резервінің мемлекеттік басқару жүйесіне білімі мен тәжірибесін ұштастыра алатын жаңа мамандарды тартудағы маңызын аңғартады. Соның бір мысалы – Балаби Түменбаев. Ол еңбек жолын 2016 жылы Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің инспекторы болып бастап, мемлекеттік қызметтің әртүрлі бағыттарында тәжірибе жинақтады. Қызмет барысында жауапкершілігі мен кәсіби біліміне сүйеніп, біртіндеп жаңа міндеттерді игеріп, қызметтік саты бойынша өсті. Балаби Әлібиұлы әр жылдары Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімінде хатшы, бас маман, Шу ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінде бас маман, аудан әкімінің бас инспекторы, бөлім басшысы қызметтерін атқарды. Кейін Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы, Шу ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін лайықты атқарды. Өткен жылы Өңірлік кадр резервінің мүшесі болған ол облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы қызметінде мансап жолын абыроймен жалғастырып жүр, – дейді Мәлік Назымбекұлы.
Ел мүддесін бәрінен биік қойған Ғазиза
Қазақта «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген жақсы бір тәмсіл бар. Ел ішінде еңбегі елеуге тұрарлық, қоғамның сан саласындағы шаруаны қатар алып жүрген әйелдер аз емес. Жаны нәзік болғанымен, жауапкершілігі мол жұмысты абыроймен атқарып, ел дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген нәзікжандылардың бірі – Ғазиза Естаева.
Ғазиза Тоқсабайқызы 1978 жылы Шу ауданының Балуан Шолақ ауылында дүниеге келген. Білімге деген ұмтылысы оны жастайынан ізденіске жетеледі. 1993 жылы Мойынқұм ауданының Жамбыл ауылындағы Абай атындағы орта мектептің 9-сыныбын үздік аяқтап, сол жылы №16 кәсіптік-техникалық училищеге оқуға қабылданды. Училищені де үздік тәмамдап, 1996 жылы Тараз қаласындағы Жамбыл университетіне оқуға түседі. 2000 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің қаржы экономикалық факультетін бітіреді. Кәсіби маман ретінде еңбек жолын туған жерінде, яғни 2001 жылы Шу аудандық орталық ауруханада есепші болып бастаған Ғазиза Естаева кейін түрлі салаларда тәжірибе жинақтап, кәсіби білігін шыңдай түсті. 2012 жылы «Нұр Отан» партиясы Шу аудандық филиалының есеп және статистика секторының меңгерушісі – бас есепшісі қызметін атқарды. 2016 жылы Ішкі істер министрлігінің Көліктегі ішкі істер департаменті қаржымен қамтамасыз ету басқармасының есеп айырысу тобының бас маманы болып еңбек етті. 2017-2018 жылдары Қордай ауданы әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі болса, 2018-2021 жылдары осы бағыттағы жұмысты Шу ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде жалғастырды. 2021-2022 жылдары облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бюджеттік саясат және жоспарлау бөлімін басқарды. Ал 2022-2024 жылдары Жуалы ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарып, мемлекеттік қызметтің мәдени бағытына да белсене араласты.
– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық даналығы бар. Отбасында ата мен әке ұлағатынан, әже мен ана тағылымынан өнеге алдым. Заманы зұлмат жылдар мен соғыс қасіретіне тап келіп, өмірдің қиындығын көрсе де сағы сынбаған, өмірдегі басты ұстанымы адалдық пен әділеттілік болған, Ұлы Отан соғысының ардагері, ғасырға жуық жасаған Естай атамыз өзінің жасаған ерлігі мен еңбегін саудаға салмаған. Көзі тірісінде жеке басының шаруасымен ешкімнің алдына бармаған. Әкем Тоқсабай Естаев мемлекеттік қызметте еңбек ете жүріп, 2007 жылы небәрі 59 жасында өмірден өтті. Шу, Мойынқұм аудандарының тұрғындары әкемді әлі күнге дейін сағынышпен еске алады. Себебі менің әкем кісінің ала жібін аттамаған арлы азамат бола білді. Бүгінде әке жолымен мемлекеттік қызметші ретінде ел игілігі үшін жұмыс істеп келемін.
Менің түсінігімде, мемлекеттік қызмет – ең алдымен, халықтың сенімін ақтауға негізделген жауапты жұмыс. Қандай қызмет атқарсаң да өз міндетіңе адал болып, қандай да бір шешім қабылдауда жауапкершілікті сезіне білуің қажет.
Мемлекеттік қызметте ең бастысы – атқаратын жұмысыңның мәнін түсініп, адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатып, өз ісіңе ұқыпты қарау.
Кәсіби маман ретінде қалыптасуыма еңбек жолымда кездескен білікті жандардың да ықпалы мол болғанын айтпай кетуге болмайды. Солардың қатарында халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғайни Әлімбекқызы, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова, Қордай аудандық қоғамдық кеңесінің хатшысы, зейнеткер Райкүл Имашева, Шу қаласы әкімі аппаратының қызметкері, зейнеткер Роза Әлжанова, Жуалы ауданы әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қалима Мықтыбекова бар. Олардың әрқайсысынан өз ісіне жауапкершілікпен қарауды, еңбекке адал болуды үйреніп, қызмет барысында мол тәжірибе жинақтадым, – дейді Ғазиза Тоқсабайқызы.
Ғ.Естаева Жуалы ауданында еңбек етіп жүргенде халық игілігіне қызмет ететін бірқатар бастамаларды жүзеге асырыпты. Атап айтқанда, аудандық және ауылдық мәдениет үйлері мен кітапхана қызметкерлерімен өткізілетін жиындарда нысаналы индикаторлардың орындалуы мен халықтық атағы бар шығармашылық ұжымдардың репертуарын жаңарту және олардың өнерін кеңінен насихаттауға күш салды. «Оқитын ұлт» жобасы аясында оқырман қатарын көбейту, кітап қорын толықтыру мен цифрландыру мәселелеріне баса мән берді. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелердің санын арттыру, ұлттық және дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу, мәдени тарихи мұраны сақтау, тарихи-мәдени нысандарға, кітапхана мен музейге келушілер санын көбейту жұмыстарына да ерекше көңіл бөлді.
Жуалы жері – Бауыржан Момышұлы мен Шерхан Мұртаза сынды ұлттың ұлы тұлғаларын дүниеге әкелген қасиетті өлке. Ғазиза Тоқсабайқызы аудандық мәдениет саласын басқарған жылдары елдің рухани-мәдени өміріне ерекше үлес қосып, өлкенің шоқтығы биік тұлғаларын ұлықтауға арналған игі шараларды жоғары деңгейде өткізуге атсалысты. Атап айтқанда, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтуге мұрындық болып, жазушының есімін, шығармашылығын насихаттауға арналған тағылымды шаралардың ұйымдастырылуына үлес қосты. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлының өнегелі өмірі мен ерлік жолын дәріптеуге бағытталған мәдени шараларды өткізуге мән берді.
Жиырма жылдан астам уақытты қамтитын еңбек жолында әртүрлі бағытта қызмет атқарып, мол тәжірибе жинақтап, әбден ысылған маман 2024 2026 жылдары Ұлттық экономика министрлігінің Стратегиялық талдау және даму департаментінде бас сарапшы қызметін атқарды.
– Бұл қызметім мемлекеттік органдардың стратегиялық құжаттарын әзірлеу және мемлекеттік жоспарлау бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыруға қатысты еді. Министрліктегі қызметім барысында Бас прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Әділет министрлігі, Ішкі істер министрлігінің инвестициялық және даму жоспарларын бекітуге, сондай ақ мемлекеттік органдарға қатысты стратегиялық маңызы бар құжаттарды қалыптастыру жұмыстарына жетекшілік еттім. Бұл қызмет экономика мен мемлекеттік жоспарлау саласындағы тәжірибемді одан әрі тереңдете түсті.
Кәсіби тәжірибемен қатар, білімімді жетілдіруге де назар аударып отырамын. Осы мақсатта 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап «Экономика – Master of Economics» білім беру бағдарламасы бойынша 2026 2028 оқу жылында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде 2 жылдық мерзімге магистратураға қабылдандым. Бір айта кетер жайт, осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсуге бес мәрте талпынып, биыл ойға алған ісім оңынан жүзеге асты, – дейді Ғазиза Тоқсабайқызы.
Мемлекеттік қызметтің әр саласында еңбек етіп, өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарып келе жатқан Ғазиза Тоқсабайқызының еңбегі түрлі деңгейдегі марапаттармен де бағаланып келеді. Олардың қатарында аудандық деңгейден бастап, облыстық және республикалық деңгейге дейінгі бірқатар Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар мен дипломдар бар. Атап айтқанда, Шу ауданының Құрмет грамотасымен, Шу ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының Алғыс хатымен, сондай-ақ «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық облыстық кәсіподағының Құрмет грамотасымен марапатталған. Мемлекеттік қызметпен қатар, тіл мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған қоғамдық жұмыстардан да шет қалған емес. Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен «Ұлттық ономастика – ел айнасы» облыстық байқауында облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ІІ дәрежелі дипломына ие болыпты. Сонымен қатар облыстық тілдерді оқыту орталығының Алғыс хатымен марапатталған. Қоғамдық келісім мен ұлттық құндылықтарды насихаттауға қосқан үлесі де ескерусіз қалған жоқ. «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті А.Сапарбекұлының дипломы мен Алғыс хатын иеленіп, халықтар достығы мен ұлтаралық татулықты нығайтуға және қазақ халқының ұлттық бірлігін дәріптеуге сіңірген еңбегі үшін «Алғыс» медалімен марапатталған.
Ғазиза Тоқсабайқызының тілге, әдебиетке және руханиятқа деген ықыласы қызмет барысында да көрініс тауып келеді. Ұлттық экономика министрлігінде Қазақстан Республикасының тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Абайды оқы, Абайды таны!» челленджіне қатысып, бас жүлдені иеленген. Сондай ақ Қазақстан халқы тілдері күніне орай өткізілген «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы» атты сайыста жүлделі бірінші орынға ие болып, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі С.Жұманғариннің Құрмет грамотасымен марапатталған. Мұның барлығы оның негізгі қызметімен қатар, қоғамдық, мәдени бастамаларға да белсенді араласатынын аңғартады.
Мемлекеттік қызметтегі жауапты еңбегімен еленген Ғазиза Тоқсабайқызы – отбасының берекесін ұйытып отырған аяулы ана. Бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп отырған ол қызмет пен отбасылық міндетті қатар алып, бала тәрбиесіне де ерекше мән беріп келеді. Ендігі мақсаты – біліктілігін арттырғаннан кейін бар күш жігерін ел мүддесіне жұмсау.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ,
журналист.