Ақпараттық портал

Жаңа Конституцияның арнайы басылымдары салтанатты түрде табысталды

Биылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енеді. Аталмыш тарихи датаға орай ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Алматы қаласында этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне Мемлекет басшысы жолдаған жаңа Конституцияның арнайы басылымдарын табыстады.
Іс-шараға қатысушылардың әрбіріне Президенттің хаты мен Конституция данасы ұсынылғанын айта кеткен жөн. ҚР Президенті өз хатында этномәдени бірлестіктердің жемісті еңбегі және Әділетті Қазақстанды құруға қосқан үлесі үшін шынайы ризашылығын білдірген.
«Конституцияда бекітілген мызғымас құндылықтар ел игілігін арттырып, қоғамның тұрақты дамуына жол ашады деп сенемін. Мемлекетіміз нығайып, қастерлі Отанымыз өсіп-өркендей берсін!» – делінген Президент хатында.
Ауқымды шарада Үкімет басшысының орынбасары Ата Заңда Қазақстан қоғамының қастерлі құндылықтары көрініс бергенін тілге тиек етті.
«Конституцияның преамбуласында бүкіл қоғам үшін айрықша мәнге ие негізгі құндылықтар мен ұстанымдар айқындалған. Олардың қатарында Әділетті Қазақстан идеясы, «Заң мен тәртіп» қағидаты, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтау, ел бірлігі мен қоғамдық ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім бар. Бұл құндылықтар бейбітшілік, сыйластық пен қоғамдық сенім орнықты дамудың берік негізіне айналған еліміз үшін ерекше маңызды. Конституция мемлекеттік институттарға ғана емес, әрбір азаматқа, әрбір қоғамдық бірлестікке, өзінің адал еңбегімен және белсенді қызметімен Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға үлес қосып жүрген барша қауымға арналған», – деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.
Аида Ғалымқызы «Қазақстан Халық Кеңесі» консультативтік-кеңесші институтының құрылуына да ерекше тоқталды. Құрамының үштен бірін еліміздің этномәдени бірлестіктерінің мүшелері құрайды. Қалған орындар коммерциялық емес ұйымдар мен мәслихат өкілдері арасында теңгерімді түрде бөлінеді. Сәйкесінше, Қазақстан Халық Кеңесі халық үніне құлақ асатын әрі Әділетті мемлекет қағидаттарына негізделген сындарлы қоғамдық диалогты қалыптастыруға мүмкіндік беретін мүлде жаңа һәм жүйелі институт атанбақ.
Еске сала кетейік, 15 наурызда өткен республикалық референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Жаңа редакцияда Әділетті Қазақстанның негізгі құндылықтары мен «Заң мен тәртіп» қағидаты бекітіліп, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктері күшейтілді. Құжаттағы басты жаңашылдықтардың қатарында бір палаталы Парламент – Құрылтайдың және Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы бар.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.