Мыңға тарта тұрғынға мәдени ошақ керек
Ескі-Шу ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылында бүгінде 120-ға жуық отбасы, мыңға жуық тұрғын өмір сүреді. Еңбекпен еңсе тіктеген бұл ауылдың тарихы, тағдыры және болашағы осында тұратын әрбір азамат үшін қымбат.
Ауылдың қалыптасуына Оңалбай Амарбаев есімді азаматтың бастамасы себеп болғанын көнекөз қариялар әлі күнге дейін айтып отырады. Ол Еңбекші ауылы тұрғындарының еңбекқорлығын ескеріп, 1964 жылы 120 адамға арналған мәдениет үйінің бой көтеруіне мұрындық болған еді.
Бұл ғимарат ұзақ жылдар бойы ауылдың мәдени және рухани орталығы қызметін атқарды. Мұнда концерттер қойылып, мерекелік кештер, кездесулер мен түрлі мәдени іс-шаралар өткізілді. Өнерге құштар жастар бас қосып, талантты балалар алғашқы қадамын осы сахнадан бастады. Мәдениет үйі ауыл тұрғындарын біріктіретін, үлкен мен кішінің ортақ қуанышын бөлісетін құтты мекен болатын.
Алайда бүгінде сол мәдениет ошағы әбден тозып, апатты жағдайға жеткен. Ғимаратты қауіпсіз пайдалану мүмкін емес. Кезінде ауыл өмірінің ажарын кіргізген мәдениет үйі қазір қараусыз қалып, өткен күннің үнсіз куәсіндей қаңырап тұр.
Мыңға жуық тұрғыны бар ауылдың мәдениет үйінсіз қалуы қалай?
Бұл бір ғана ғимараттың мәселесі емес. Бұл ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуі, балалардың өнері мен қабілетін дамытуы, тұрғындардың бірлігі мен ауылдың болашағы туралы мәселе.
Еңбекші ауылында талантты, өнерлі және талапты балалар аз емес. Бірі ән айтады, бірі би билейді, енді бірі домбыра тартып, сахнада өнер көрсеткісі келеді. Бірақ олардың бас қосып дайындалатын, шығармашылығын шыңдайтын және ауыл тұрғындарына өнерін ұсынатын орны жоқ. Жастар мен балаларға арналған үйірмелерді тұрақты ұйымдастыруға да мүмкіндік қарастырылмаған.
Ауыл баласының қабілеті қала баласының қабілетінен кем емес. Алайда қабілеттің ашылуы үшін мүмкіндік пен орта кажет. Сахнасы жоқ ауылда жас әнші қайда өнер көрсетеді? Дайындық бөлмесі жоқ жерде би немесе театр үйірмесі қалай жұмыс істейді? Кітап оқып, пікір алмасатын, түрлі шығармашылық жобаларды жүзеге асыратын ортасы болмаса, ауыл жастары бос уақытын қалай өткізеді?
Бүгінде жастардың ауылда тұрақтап қалуы да өзекті мәселеге айналып отыр. Жас отбасылардың саны азайып, бойдақ жастар көбейіп, мектеп жасындағы балалар саны жылдан-жылға кеміп барады. Мұның себептері әртүрлі болғанымен, ауылдағы әлеуметтік және мәдени ортаның жеткіліксіздігі де жастардың өмір сапасына әсер ететін маңызды факторлардың бірі екені анық.
Ауылда мәдени шаралар өтіп, түрлі үйірмелер жұмыс істеп, жастардың бастамалары қолдау тапса, елді мекендегі өмір де жандана түсер еді. Мәдениет үйі тек концерт өткізетін ғимарат емес. Ол ауыл тұрғындарының басын қосатын, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыратын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін және балаларды өнер мен ізгілікке тәрбиелейтін орта.
Ауыл тұрғындары бұл мәселені аудан әкімдігіне бірнеше рет жеткізгенімен, жауап көбіне қаржының жоқтығына тіреледі. Әрине, аудан көлемінде шешімін күткен мәселе көп. Бюджеттің де мүмкіндігі шектеулі болуы мүмкін. Дегенмен халықтың өтінішін тек «қаржы жоқ» деген жауаппен кейінге қалдыра беру мәселені шешпейді. Керісінше, уақыт өткен сайын ғимараттың жағдайы нашарлап, оны қалпына келтіруге қажет шығын көлемі ұлғая береді.
Сондықтан Еңбекші ауылындағы мәдениет үйінің жағдайын арнайы комиссия арқылы жан-жақты тексеріп, техникалық қорытынды жасату қажет. Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу мүмкіндігі болмаса, ауылға жаңа мәдениет нысанын салудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу керек. Бұл мәселе келесі жылдың бюджетін қалыптастыру және талқылау кезінде назардан тыс қалмауға тиіс.
Бір жылдың ішінде жаңа мәдениет үйін салып бітіру қиын болуы мүмкін. Бірақ мәселені ресми жоспарға енгізіп, қаржыландыру көздерін қарастыруға, кезең-кезеңімен жүзеге асыруға болады. Мемлекеттік бюджетпен қатар демеушілерді, әлеуметтік жауапкершілігі бар кәсіпкерлерді және арнайы бағдарламаларды тарту мүмкіндіктері де зерттелуі қажет.
Еңбекші ауылының тұрғындары артықшылық сұрап отырған жок. Олар балаларының қауіпсіз әрі қолайлы жерде шығармашылығын дамытып, жастардың туған ауылында мағыналы өмір сүріп, болашағына сеніммен қарауына жағдай жасалуын қалайды.
Ауылға қамқорлық тек жол мен жарық тартумен шектелмеуі керек. Адамның рухани өмірі, мәдени ортасы мен қоғамдық белсенділігі де назардан тыс қалмауға тиіс. Мәдениеті жанданған ауылдың бірлігі нығайып, жастарының туған жерге деген сүйіспеншілігі артады.
Еңбекші ауылының өтініші Шу ауданының басшылығы мен жауапты мекемелер тарапынан ескеріліп, нақты шешім қабылданады деп сенеміз. Өйткені, ауылдың болашағына салынған қаржы бір ғимаратқа емес, тұтас ұрпақтың тәрбиесі мен келешегіне салынған инвестиция.
«Халық қамын ойлаған адамдықтың белгісі, жеке басын ойлаған надандықтың белгісі» дейді дана халқымыз. Ендеше, Еңбекші ауылының үнін кім естиді? Ауыл жастары мәдениет үйінің есігі қайта ашылатын күнді тағы қанша жыл күтеді?
Кеңесбек Дуанбаев,
Еңбекші ауылының қарт тұрғыны.
Шу ауданының Құрметті азаматы.