Қоғамдық тұрақтылық мәселелері талқыланды
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сәлемов Серік Жақсылықұлы жұмыс сапарымен Шу ауданына келіп, ауданның зиялы қауым өкілдерімен және жастармен кездесті.
Кездесуге ауданның ақсақалдары, Қоғамдық кеңес мүшелері, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысып, өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығы сөз болды.
Жиын барысында Серік Жақсылықұлы көпұлтты Шу ауданындағы бірлік пен татулықтың ел дамуының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды ұлттық құндылықтар мен отансүйгіштік рухында тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігіне назар аударды. Бұл ретте аға буынның өмірлік тәжірибесі мен өнегесін жастарға насихаттаудың маңызы зор екені айтылды.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өңірдің қоғамдық өміріне қатысты өзекті мәселелер бойынша ой-пікірлерін ортаға салды. Жиын соңында қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.
-Шу қаласындағы 30 оқушыға арналған Алға бастауыш мектебінде соңғы жылдары білім алушылар саны артып отыр. Сондықтан жаңа оқу орнын сұраған тұрғындардың талабы орынды. Бұл бойынша аудан әкіміне егжей-тегжейлі зерделеу жасап, нақты ұсыныс енгізуді тапсырдым.
Бұдан бөлек, “Shengtai biotech LTD. Fufeng group” ЖШС жүгері өндеу зауытының басшылығымен кездесу барысында жергілікті кәсіпкерлерді қолдау, өңірдегі оқу орындарында білім алған мамандарды жұмысқа тарту, еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселелері қозғалды, – дейді өзінің әлуметтік желідегі парақшасында Серік Жақсылықұлы.
Байжан Емберді.