Ақпараттық портал

Жаңа өндіріс орны ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әрбір өңір инвестиция тарту бағытында белсенді жұмыс істеуі тиіс. Әкімдердің қызметі, ең алдымен, тартылған инвестиция көлемі, ашылған жаңа өндірістер мен тұрақты жұмыс орындары арқылы бағалануы керек. Инвесторларға қолайлы жағдай жасап, әкімшілік кедергілерді азайту – барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың басты міндеті» – деген болатын.
Басылымның алдыңғы сандарында біз Шу ауданында жаңа өндіріс ошағы іске қосылатынын сүйіншілеген болатынбыз. Ауданымыздағы «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағында орын тепкен «ARRIVO INDUSTRY» ЖШС-нің механикаландырылған жылыту жүйесі бар «сэндвич-панель» типті сыртқы қоршау құрылымдарын шығаратын өндіріс ошағының салтанатты түрде тұсауы кесілді.
Сәрсенбінің сәтінде өткен зауыттың ашылуында Бас прокуратураның Инвесторлардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Б.Ералы, Жамбыл облысының прокуроры Ж.Әбдібаев, облыс әкімдігінің салалық басқарма басшылары мен аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков қатысты.
-Бүгін сіздермен айтулы шарада бас қосып отырмыз. Ауданымызда жаңа кәсіпорын мен жұмыс орындары ашылуда. Бұл баршамыз үшін қуанышты сәт. Осыған орай құттықтауымды қабыл алыңыздар! Қазіргі таңда тоғыз жолдың торабында орын тепкен Шу ауданында Jibek joly» арнайы экономикалық аймағы инвесторларға белсенді қызмет көрсетіп отыр. Соның нәтижесінде, Шу өңірі – индустрия мен инвестицияның жаңа ошағына айналып келеді. Мұның барлығы ең алдымен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан жүйелі саясат екенін айта кеткен жөн. 2026 жылы жалпы құны 443,7 млрд теңгені құрайтын 5 жаңа ірі өндіріс орнын іске қосу жоспарлануда. Оның аясында 2000 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Нәтижесінде, ауданның өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемін 130,0 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр,-деді Бақытжан Оразалыұлы өзінің лебізінде.
Аудан басшысының құттықтауынан кейін құрметті меймандар зауыттың қызыл лентасын қиып, артынан арнайы экономикалық аймақтың әлеуетімен танысты. Игі істерге куә болған қонақтар жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларға жоғары бағасын берді.
Жоба құны 300,0 млн теңгені құрайтын зауыт жылына 200 мың сызықтық метр «сэндвич-панель» мен 6000 тонна металл конструкцияларын шығаруға қауқарлы. 1 гектар аумақта орналасқан зауыт 30 жаңа жұмыс орнын ұсынып отыр. Оның басым көпшілігін жергілікті тұрғындар құрайды деп күтілуде. Жеке инвестордың қаражаты жұмсалған жоба былтыр басталып биыл өз уақытында тәмамдалып отыр.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, ауданымызда негізгі капиталға салынған инвестициялардың биылғы көлемі 5 айда 115,5 млрд теңгені құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 85,2 млрд теңгеге жоғары орындалып, нақты көлем индексі 365,0 пайызға жеткен. Жүзеге асыру сатысында 10 жоба бар екенін айта кеткен абзал. Жобалық құны 917,5 млрд теңгені құрайтын құрылыс барысында жұмыспен қамтылған 3100 адамның 700-і Шу ауданы тұрғындары.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.