Ақпараттық портал

Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды

Шу ауданындағы көпұлтты тұрғындар шоғырланған «Қант зауыты» мөлтек ауданында аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлының халықпен кезекті кездесуі өтті. Ашық аспан астында, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған аллеяда ұйымдастырылған жиынға 40-тан астам тұрғын қатысып, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды.

Кездесу Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңызы туралы әңгімеден басталды. Аудан әкімі қоршаған ортаның тазалығы тек коммуналдық қызметтің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Ол туған жердің тазалығын сақтау, қоғамдық орындарды күтіп ұстау, ағаш отырғызу, аулаларды абаттандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру – қоғамның ортақ міндеті екенін жеткізді.
Одан кейін кездесу еркін форматтағы сұрақ-жауап алаңына ұласты. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Әрбір сауал мұқият тыңдалып, заң аясында жан-жақты түсіндірме берілді. Жедел шешуді қажет ететін мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Кездесуге аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары да қатысып, өз құзыреттеріне қатысты сауалдарға жауап берді. Бұл тұрғындар көтерген мәселелерді жан-жақты қарастырып, әр сала бойынша нақты ақпарат беруге мүмкіндік жасады.
«Қант зауыты» мөлтек ауданы – түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, өзара сыйластық пен келісімді берік ұстанған, береке мен бірліктің үлгісіне айналған мекен. Осындай көпұлтты ортада өткен кездесу халық пен билік арасындағы сенім мен өзара түсіністікті одан әрі нығайта түсті.
Ашық форматтағы мұндай кездесулер тұрғындардың өтініш-тілектерін тікелей тыңдап қана қоймай, жергілікті маңызы бар мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды кезең-кезеңімен шешуге жол ашады. Ең бастысы – әрбір азаматтың пікірі ескеріліп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты іс жүзінде көрініс табуда.
Халықпен ашық диалог орнатуға бағытталған бұл бастама алдағы аптада да жалғасын табады. Жоспарға сәйкес, Шу ауданының әкімі Бақытжан Оразалыұлы «Қосқұдық», «Тоғай», «Батыс» және «Жайсан» мөлтек аудандарының тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, көкейдегі сауалдарына жауап береді.
Мұндай кездесулер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нығайтып, тұрғындар көтерген мәселелердің нақты шешімін табуға бағытталған маңызды диалог алаңына айналмақ.

Фариза Нұрханқызы,
«Шу медиа» ақпараттық орталығының тілшісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.