Ақпараттық портал

Игілікті болашақ үшін бірге

Шу қаласында «Отбасы, колледж, мектеп, қоғам – игілікті болашақ үшін бірге!» тақырыбында облыстық акция өтті. Іс-шараның мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту, медиация институтын дамыту, білім беру ұйымдарында құқықтық мәдениет қалыптастыру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу.

Акция аясында дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешуге және өзара түсіністік мәдениетін қалыптастыруға арналған медиация кабинетінің салтанатты ашылуы өтті. Жиынға облыстық білім басқармасының, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, медиаторлар, жоғары оқу орнының ғалымдары, сот, прокуратура және полиция қызметкерлері, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер мен білім алушылар қатысты.
Шу қаласы әкімінің орынбасары Болатжан Төлендиев пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мельс Бейсембаев құттықтау сөз сөйлеп, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтауда отбасы, білім беру ұйымдары және қоғамдық институттардың бірлескен жұмысы маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ жас медиаторларға арнайы төсбелгілер тағылып, оларға білім алушылар арасында сыйластық пен келісім мәдениетін қалыптастыру міндеті жүктелді.
Акция барысында білім беру саласында медиацияны дамыту, құқықтық сауаттылықты арттыру, балалардың құқықтарын қорғау және жанжалдардың алдын алу мәселелері талқыланды. Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Мұхтар Керімбеков білім беру ұйымдарында медиация тетіктерін енгізу мен нормативтік құжаттарды іске асыру барысына тоқталды. Облыстық медиаторлар кеңесінің төрайымы Ғайни Көшекбаева қоғамдық ұйымдардың медиация институтын ілгерілетудегі рөлін атап өтті.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Бұзаубаева жас ұрпақтың рухани-адамгершілік дамуы мен тәрбиедегі жауапкершіліктің маңызы туралы ой бөлісті. «Қоғамдық келісім» КММ медиаторы Таджир Абдуллаев медиацияның дауларды өзара келісім арқылы шешудегі тиімділігін түсіндірді. Ал аудандық соттың судьясы Жібек Тажибаева, аудан прокуратурасының прокуроры Нұрлыхан Бахадыр және аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция капитаны Жансая Садық құқықтық сауаттылық, заңдылықты сақтау және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында баяндама жасады.
Іс-шараның практикалық бөлімінде колледж студенттері де белсенділік танытты. Шу гуманитарлық колледжінің білім алушылары қазақ халқының билер дәуіріндегі бітімгершілік дәстүрін сахналық көрініс арқылы таныстырды. №10 Шу колледжінің студенттері жазалау мен татуластырудың тиімділігі жөнінде дебат өткізді. «Алмас» колледжінің студенттері балалар арасындағы келіспеушіліктерді медиация арқылы шешу жолдарын ұсынса, Шу теміржол колледжінің білім алушылары түрлі дауларды реттеу ерекшеліктерін таныстырды.
Қорытынды бөлімде ата-аналар комитеттерінің өкілдері Әсел Маханова мен Олег Ермилов пікір білдіріп, отбасы мен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Жалпы, облыстық акция қоғамдық медиацияның мүмкіндіктерін насихаттауға, білім беру ұйымдары мен отбасы арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы ортақ жауапкершілікті арттыруға арналды. Игілікті болашақтың негізі – өзара түсіністік, татулық пен бірлікте.
Б.ЖЕЛДЕН.

Leave A Reply

Your email address will not be published.