Ақ халатты абзал жанның абыройлы жолы
Адам өмірі қыл үстінде тұрған сәтте бір ауыз жылы сөзге, сенімді көзқарасқа, шипалы қолға зәру болады. Сондайда ақ халатын абыройына балаған дәрігердің әрбір шешімі адам тағдырына араша түсетін жауапты қадам. Әсіресе, хирургтің қолындағы әрбір сәттің салмағы басым, әрбір шешімнің артында бір адамның тағдыры, бір отбасының үміті тұрады. Осындай жауапкершілігі зор жолды таңдаған, кәсіби білімі мен адами болмысын қатар ұштастырып, халық денсаулығы жолында еңбек етіп жүрген жандардың бірі – Шу аудандық орталық ауруханасының хирургі Станислав Леонидович Пак.
Ол 1986 жылы Жамбыл облысы, Шу қаласында дүниеге келген. Туған жерінде білім нәрімен сусындап, 2005 жылы Шу қаласындағы №40 орта мектепті тәмамдаған. Мектеп қабырғасынан кейін болашақ мамандығын медицина саласымен байланыстырып, адам өміріне араша түсуді мақсат еткен жас талапкер Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласындағы Қырғыз-Ресей Славян университетінің емдеу факультетіне оқуға түседі. Ол осы жауапты мамандықтың қыр-сырын меңгеру үшін бірнеше жыл бойы білім алып, теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға күш салды. 2011 жылы университетті тәмамдағаннан кейін 2013 жылы хирургия саласы бойынша клиникалық ординатурадан өтті.
Жас маманның медицина саласындағы еңбек жолы 2014 жылы Шу өңірлік емханасында хирург және онколог қызметінен басталды. Науқастарды қабылдау, аурудың белгілерін анықтау, диагноз қоюға қатысу, емдеу шараларын жүргізу – мұның бәрі дәрігерден жоғары жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе, онкологиялық аурулармен бетпе-бет келген науқастарға медициналық көмек көрсетуде кәсіби біліммен қатар, сабырлылық пен психологиялық қолдау да аса маңызды. Осы жылдардағы тәжірибе Станислав Леонидовичтің білікті маман ретінде қалыптасуына ықпал етті. 2017 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ол Шу аудандық орталық ауруханасында хирург болып қызмет атқарып келеді. Осы уақыт аралығында жинақтаған тәжірибесі мен кәсіби дағдыларын науқастардың саулығы жолына жұмсап, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып жүр.
Жалпы хирургтің еңбегі дәлдік пен жауапкершіліктің өлшемі деп бағаланады. Өйткені операциялық бөлмеде қабылданған әрбір шешімнің артында адам тағдыры тұрады. Мұндай сәтте дәрігердің білімі мен тәжірибесінің болуы аздық етеді, салқынқанды ойлауы, шапшаң әрекеті және өз ісіне деген сенімділігі де шешуші рөл атқарады. Сондықтан Станислав Леонидович білімін жетілдіруге де ерекше көңіл бөледі. Ол 2019 жылы Ресей Федерациясының Қазан қаласында, ал 2023 жылы Оңтүстік Корея Республикасының Сеул қаласында қосымша білім алып, кәсіби тәжірибесін толықтырған. Станислав Леонидовичтің бойындағы қарапайымдылық, мейірімділік және адамға деген құрмет оның кәсіби болмысын толықтыра түсетін қасиеттер екенін алға тартады ұжымдастары. Қазақ халқы «Жылы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Дәрігердің жылы сөзі кейде науқастың жүрегіне үміт ұялатып, емделуге деген сенімін арттырады. Сондықтан Станислав Леонидовичтің еңбегін бағалағанда, оның хирург ретіндегі кәсіби шеберлігімен бірге адамға деген жанашырлығын да атап өткен жөн. Дәрігердің көмегіне жүгінген әрбір адам үшін сенімді маманның болуы маңызды. Ал халықтың сеніміне ие болу бір күнде қалыптаспайтын, жылдар бойғы адал еңбек пен жауапкершіліктің нәтижесінде келетін үлкен абырой.
Бүгінде Шу аудандық орталық ауруханасында қызмет атқарып жүрген Станислав Пак секілді тәжірибелі мамандар жас дәрігерлер үшін де үлгі бола алады. Станислав Леонидович Пактың еңбек жолы туған жерінде білім алып, мамандығын терең меңгеріп, кәсіби тәжірибесін арттырып, ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген азаматтың өнегелі жолы. Оның медицина саласындағы еңбегі мен кәсіби ізденісі Шу өңіріндегі денсаулық сақтау ісінің дамуына қосылған үлес деуге болады. Ақ халатын абыройына балаған, адам өмірін аманат деп түсінетін әрбір дәрігердің еңбегі елдің денсаулығы мен болашағы үшін маңызды. Ал сол жолда аянбай еңбек етіп жүрген Станислав Леонидовичке кәсіби табыс, қажымас қайрат және абыройлы қызмет тілейміз.
Мұхтар Оспанов,
№31 БЖСМ жаттықтырушысы.