Ақпараттық портал

Саналы таңдауға жол ашатын маңызды үдеріс

Алдымызда еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі – 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауы тұр. Кез келген сайлау халықтың өз таңдауын білдіретін маңызды саяси үдеріс. Ал Құрылтай сайлауының өзіндік ерекшелігі бар деп ойлаймын. Себебі мұнда елдің қоғамдық дамуына қатысты мәселелерді көтеріп, халықтың пікірін жеткізетін азаматтарға деген сенім мәселесі алдыңғы орынға шығады.
Меніңше, бүгінгі таңда қоғамға ең қажетті нәрсенің бірі ол – жауапкершілік. Қандай қызмет атқарса да, елдің алдында тұрған мәселелерді түсінетін, халықтың мұң-мұқтажын ести алатын және өз міндетін абыроймен атқаруға дайын азаматтар қажет. Құрылтай мүшелігі де осындай үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Сайлау қарсаңында әр азамат өзіне «Мен қандай Құрылтай мүшесін көргім келеді?», «Ел үшін қандай мәселелер маңызды?», «Халықтың ұсынысы мен талап-тілегі қай деңгейде ескерілуі керек?» деген сұрақтарды қойғаны дұрыс деп есептеймін.
Өйткені сайлау алдында ақпарат жинау, үміткерлердің ұстанымына назар аудару, олардың қоғамдағы мәселелерге көзқарасын саралау сияқты азаматтық жауапкершілік жатыр. Саналы таңдау жасау үшін адам ең алдымен өзінің азаматтық құқығы мен міндетін түсінуі керек.
Құрылтайға халық атынан пікір айтуға баратын азаматтың елдің шынайы жағдайынан хабардар болғаны маңызды. Әсіресе ауыл мен аудан тұрғындарының күнделікті мәселесін түсіну қажет. Себебі еліміздің дамуы тек ірі қалалардағы көрсеткіштермен өлшенбейді. Ауылдағы жол, ауыз су, мектеп, медициналық қызмет, жұмыс орындары, жастардың болашағы, шағын және орта бизнестің дамуы секілді мәселелер де елдің жалпы даму көрсеткішінің бір бөлігі.
Құрылтай мүшелері осындай мәселелерді көтеріп қана қоймай, олардың шешілу жолдарына қатысты нақты ұсыныстар айтуға ұмтылғаны жөн. Халыққа құр уәде емес, мәселені шешуге бағытталған нақты көзқарас қажет.
Мен үшін тағы бір маңызды мәселе – Құрылтай мүшесінің халықпен байланысы. Сайлау аяқталғаннан кейін азамат пен халық арасындағы байланыс үзілмеуі керек. Керісінше, халықпен тұрақты кездесіп, тұрғындардың ұсынысын тыңдап, көтерілген мәселелердің орындалу барысы туралы ақпарат беріп отырғаны дұрыс. Сонда ғана өкіл мен халық арасында өзара сенім қалыптасады. Бүгінгі қоғам бұрынғыдан әлдеқайда белсенді. Адамдар өз ойын ашық айтады, мәселе көтереді, әлеуметтік желілер арқылы қоғамдық пікір қалыптастырады. Әсіресе сайлау сияқты маңызды кезеңдерде жалған ақпаратқа ермей, нақты әрі сенімді мәліметке сүйену қажет.
Қоғамда әртүрлі пікірдің болуы заңды. Бір азаматтың ұстанымы екіншісіне ұқсамауы мүмкін. Бірақ бұл бізді бір-бірімізге қарсы қоюға себеп болмауы керек. Сайлау мәдениеті дегеніміз – өз таңдауыңды еркін білдірумен қатар, өзгелердің таңдау құқығын да құрметтеу. Ел ішіндегі татулық пен тұрақтылық кез келген саяси үдерістен биік тұруы қажет.
Құрылтай сайлауының тағы бір маңызы – қоғамдағы азаматтық жауапкершілікті арттыруында. Адамдар елдің болашағы мемлекетке немесе белгілі бір лауазымды тұлғаларға ғана байланысты емес екенін түсінуі керек. Мемлекеттің дамуына әр азамат өзінің еңбегімен, білімімен, адалдығымен және белсенді азаматтық ұстанымымен үлес қоса алады. Әсіресе жастардың сайлауға деген көзқарасы маңызды. Жастар – қоғамның ең белсенді бөлігі. Олар жаңа технологияны меңгерген, әлемдегі өзгерістерден хабардар, жаңа идеяға бейім. Сондықтан олардың қоғамдық-саяси үдерістерге қызығушылық танытып, өз көзқарасын қалыптастыруы ел болашағы үшін қажет.
Бүгінгі жастар ертең түрлі саланың маманы, кәсіпкері, мұғалімі, дәрігері, инженері, мемлекеттік қызметкері болады. Демек, олардың бүгінгі азаматтық ұстанымы ертеңгі қоғамның сипатына әсер етеді. Сондықтан жас буынның саяси сауаты мен жауапкершілігін арттыруға ерекше мән берген жөн.
Ал аға буынның міндеті жастарға дұрыс бағыт көрсету. Сайлауға қатысу, өз пікірін мәдениетті түрде білдіру, заңды құрметтеу, қоғамдық мәселеге немқұрайлы қарамау сияқты құндылықтарды кейінгі ұрпаққа үйрету үлкендердің өнегесі. Құрылтай сайлауына байланысты тағы бір ойым, халықтың сенімі өте маңызды. Сенім бір күнде қалыптаспайды. Ол нақты іспен, ашықтықпен, адалдықпен қалыптасады. Сондықтан Құрылтайға сайланған азаматтар халықтың сенімін үлкен жауапкершілік ретінде қабылдауы керек.
23 тамызда өтетін сайлау осы тұрғыдан алғанда әр азамат үшін маңызды күн болмақ. Бұл күні халық өзінің азаматтық ұстанымын білдіреді. Құрылтайдың беделі де оның құрамындағы азаматтардың біліміне, тәжірибесіне, адалдығына және халықпен жұмыс істей білуіне байланысты.
Құрылтай қоғамның түрлі пікірлері тоғысатын орын болуы тиіс. Мұнда елдің экономикалық, әлеуметтік, мәдени, рухани дамуына қатысты ұсыныстар ашық талқыланып, халықтың көкейіндегі мәселелер назардан тыс қалмағаны жөн. Сонда ғана Құрылтайдың қоғамдық маңызы арта береді.

Тынышхан ӘРІСТЕЕВ,
аудандық қоғамдық кеңестің
төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.