Ақпараттық портал

Тарихи таңдаудан шулықтар да шет қалмады

Өткен аптаның демалыс күні Қазақстан халқы ел тарихындағы маңызды саяси науқандардың біріне қатысып, өз таңдауын жасады. Еліміздің түкпір-түкпірінде қызу өткен тарихи науқаннан шулықтар да шет қалған жоқ. Аудандағы 44 сайлау учаскесі таңғы сағат 07.00-ден жұмысын бастап, Мемлекеттік Әнұран орындалды. Көп ұзамай алғашқы сайлаушылар да өздері тіркелген сайлау учаскелеріне келе бастады.

Бұл жолғы сайлау бұрынғы саяси науқандардан өзіндік ерекшелігімен дараланды. Біз аралаған ауылдарда сайлаушыларға ыстық бауырсақ пен ұлттық сусындар ұсынылды. Шу қаласында ауыл шаруашылығы өнімдері мен мектепке қажетті тауарлардың жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындар қажетті заттарын нарық бағасынан төмен бағамен сатып алды. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерінен түрлі сайыстар өткізілді.
Жұртшылықпен бірге аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков те №419 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Ал аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов №422 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Тұңғыш рет өткізілген Құрылтай депутаттарының сайлауын мерекеге балаған қариялар ұлттық киімдерін киіп, сайлау учаскелеріне арнайы келді. Ақ жаулықты әжелер кимешек киіп, ұлттық салт-дәстүрдің ажарын айшықтай түсті. Немерелерін ертіп келген қарттарды көріп, көңіліміз марқайып қалды. Бір жағынан елдік іске үн қосқан қариялардың белсенділігі байқалса, екінші жағынан олардың кейінгі буынға көрсеткен өнегесі көңіл сүйсінтті.
Мәселен, Балуан Шолақ ауылындағы №442 сайлау учаскесіне ауылдың «Шуақ шашқан» әнші әжелер тобы келіп, азаматтық белсенділіктерін танытты. Сонымен қатар былтыр облыстық чемпионаттың жеңімпазы атанған балуаншолақтық футболшылар да маңызды саяси науқаннан қалыс қалмады.
Далақайнар ауылындағы №444 сайлау учаскесінде де бауырсақ фестивалі ұйымдастырылды. Бұл күні далақайнарлықтар еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ел үшін маңызды сәттен қалыс қалмай, сайлау учаскелерінен табылды. Ал қазына кеуделі қариялар сайлаудың маңызына тоқталып, елдің кемел келешегі үшін дауыс бергендерін жеткізді.
– Қазіргі таңда еліміз Мемлекет басшысының баянды бастамаларының нәтижесінде оң өзгерістерге бет бұрып отырғанын байқап жүрміз. Мұның барлығы кемел келешек үшін жасалып жатқан игі қадам деп санаймын. Бүгін ауыл қариялары болып сайлауға келдік. Осы арқылы кейінгі ұрпаққа өнеге көрсеткіміз келді. Ақсақал ретінде елдің амандығын, заманның тыныштығын тілеп отырмыз, – деді ауыл қариясы Мұқаметхан Төкен.
Өмірінде алғаш рет дауыс берген Жәния Әнепия аудан орталығындағы №422 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасап, комиссия төрағасының қолынан естелік сыйлық алды. Сыйлықты табыстаған Жанат Әлиасқаров жас сайлаушыға азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдірді.
М.Әуезов атындағы мектепте орналасқан №420 сайлау учаскесінде де дауыс беру науқаны талапқа сай ұйымдастырылды. Сағат 12.00-де комиссия төрағасы Дархан Татибеков екі комиссия мүшесіне сайлау жәшігін тапсырып, денсаулығына немесе өзге де себептерге байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтардың үйлеріне барып, дауыс беруіне жағдай жасау қажеттігін хабарлады.
Жауапты топ Төле би ауылының тұрғыны, қадірлі қария Сәруархан Зәуірбековтің үйіне барып, оның конституциялық құқығын жүзеге асыруына мүмкіндік жасады. Сол секілді №418 сайлау учаскесіне тіркелген ең қарт тұрғын, 92 жастағы Мүбира әжей де үйінде отырып, өз таңдауын жасады. Мұндай мүмкіндік №419 сайлау учаскесіне тіркелген, денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтарға да ұсынылды.
Тарихи мәнге ие науқанда жас отбасылар, әулеттер, теміржолшылар, кеншілер, Тәуелсіздік құрдастары және түрлі сала өкілдері белсенділік танытты. Осылайша, аудан тұрғындарының әр буыны ел өміріндегі маңызды саяси оқиғаға өзіндік үлесін қосып, азаматтық таңдауын жасады.
Сағат тілі кешкі 20.00-ді көрсеткенде аудан аумағындағы 44 учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беруді аяқтап, сайлау жәшіктеріндегі бюллетеньдерді санауға кірісті. Сайлау барысы кезінде заң талаптарының бұзылғаны туралы деректер тіркелмеді. Ең бастысы, жерлестеріміздің дауыс беруге қатысу белсенділігі жоғары деңгейде болды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы 23 тамызда өткен Құрылтай депутаттарының сайлауының алдын ала нәтижелерін жариялады.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров аумақтық сайлау комиссияларының дауыстарды санау жұмыстарын аяқтағанын атап өтіп, дауыс беруге 9 351 539 азамат қатысқанын мәлімдеді. Бұл сайлаушылардың жалпы санының 74,08 пайызын құрайды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.