Ақпараттық портал

Ауыл халқына сапалы медициналық көмек – басты басымдық

Ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру – ауылдық аймақтардағы денсаулық сақтау сапасын көтеруге, заманауи медициналық инфрақұрылым қалыптастыруға және маман тапшылығын азайтуға бағытталған мемлекеттік маңызы бар стратегиялық міндет.
Ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру инфрақұрылымды дамыту мен жаңғырту, көлік медицинасын жетілдіру, кадрлық әлеуетті күшейту, цифрландыру мен телемедицинаны дамыту, профилактикалық шараларды жүйелі жүргізу бағыттарындағы кешенді жұмыстар арқылы жүзеге асырылуда.

Инфрақұрылымды
дамыту және жаңғырту

Тұрғындар саны 50 адамға дейінгі шағын ауылдарда медициналық көмек арнайы үй-жайсыз-ақ мейіргер арқылы ұйымдастырылады. Шағын және орта елді мекендерде медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер (ФАП), дәрігерлік амбулаториялар мен емханалар арқылы халыққа медициналық қызмет көрсетіледі.
Бүгінде Шу ауданындағы ауыл халқына 31 медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Оның ішінде:
– 1 аудандық орталық аурухана;
– 1 аудандық орталық емхана;
– «Қамқорлық» балаларға арналған ауданаралық оңалту орталығы;
– 14 дәрігерлік амбулатория;
– 6 фельдшерлік-акушерлік пункт;
– 8 медициналық пункт бар.
«Халықты тіркеу регистрі» бойынша аудан халқының саны 54 840 адамды құрайды.
Соңғы бес жылда ауданда 1 оңалту орталығы және 2 медициналық пункт іске қосылды.
Атап айтқанда, Шу ауданы Балуан Шолақ ауылдық округіне қарасты Жиделі ауылында ауысымына 5 келушіге арналған медициналық пункттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Қазақстан Республикасы Президенті Қорының «Қамқорлық» бастамасын жүзеге асыру мақсатында Шу аудандық орталық ауруханасының аумағында балаларға арналған оңалту орталығының құрылысы аяқталып, іске қосылды. Орталық 48 орынға есептелген. Оның ішінде 18 орын – стационарлық, 30 орын – күндізгі ем қабылдауға арналған. Оңалту орталығы қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар Шу ауданы Қорағаты ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылында ауысымына 5 келушіге арналған медициналық пункттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында 2025 жылы 28 медициналық аппарат пен жабдық сатып алынды. Олардың қатарында қосымша құралдарымен бірге 1 дана SV800 өкпені жасанды желдету аппараты, 1 дана AccuVein AV500 тамырларды визуализациялау жүйесі, жаңа туған нәрестелерге арналған 2 қарқынды терапия инкубаторы, 4 жаңа Hospivac 350 хирургиялық аспираторы, жаңа туған нәрестелерге арналған 1 «BONO» инфрақызыл жылытқышы, жаңа туған нәрестелерге арналған 1 «OPC-BONO» ашық типтегі реанимациялық жүйе, 2 Valenta тәуліктік ЭКГ-мониторинг жүйесі, 1 жарықдиодты хирургиялық шам, 2 трансформер босану төсегі, 3 көлемдік инфузиялық сорғы, 2 тәуліктік артериялық қысымды мониторлау аппараты (СМАД), жаңа туған нәрестелердегі гипербилирубинемияны тері арқылы автоматты фотометриялық скринингтеуге арналған 2 анализатор, балалардың есту қабілетін тексеруге арналған 2 аудиометр, 1 тасымалдау инкубаторы және эксперттік деңгейдегі 1 ультрадыбыстық зерттеу аппараты бар.

Көлік медицинасы және
жылжымалы медициналық
кешендер

Жол қатынасы қиын және аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдардың тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуде жылжымалы медициналық кешендердің маңызы зор.
Жылжымалы медициналық кешен ультрадыбыстық және рентген аппараттарымен, гинекологиялық кресломен, офтальмоскоппен, отоскоппен, көз тонометрімен, биохимиялық анализатормен, электрокардиографпен, глюкометрмен, коагулометрмен және пульсоксиметрмен жабдықталған.
Бекітілген кестеге сәйкес ЖМК көмегімен бейінді мамандар ауылдық елді мекендерге барып, тұрғындарға тар бейінді дәрігерлердің консультацияларын, зертханалық-диагностикалық зерттеулер мен профилактикалық скринингтерді ұсынады.
Жылжымалы медициналық кешен арқылы 8 040 адам медициналық көмекпен қамтылды, оның ішінде 116-сы – балалар.
Нәтижесінде, 4 629 диагностикалық зерттеу жүргізіліп, 21 748 адамға бейінді маман консультациясы берілді. Сонымен бірге, 1 416 науқас анықталса, оның 116-сы балалар екенін және 52 адам диспансерлік есепке алынғанын айта кету керек.

Кадр тапшылығын азайту және мамандарды ынталандыру

Шу аудандық орталық ауруханасында барлығы 692 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде:
– дәрігерлер – 86, оның ішінде санаты бар дәрігерлер – 47 немесе 54,7 пайыз;
– орта буын медицина қызметкерлері – 324, оның ішінде санаты бар қызметкерлер – 176 немесе 55,3 пайыз;
– кіші буын медицина қызметкерлері – 127;
– басқа қызметкерлер – 155.
Қазіргі уақытта ауданның денсаулық сақтау жүйесіне 4 дәрігер жетіспейді. Олар:
– рентгенолог – 1;
– клиникалық фармаколог – 1;
– балалар невропатологы – 1;
– реабилитолог – 1.
Кадр тапшылығын азайту бағытында жас мамандарды әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылуда. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерге келген мамандарға тұрғын үймен қамтамасыз ету, көтерме жәрдемақы беру секілді мемлекеттік қолдау тетіктері қарастырылған.
2026 жылдың алғашқы алты айында 4 жас маман жұмысқа қабылданды. Олар: 1 фтизиатр, 1 анестезиолог-реаниматолог және 2 жалпы тәжірибелік дәрігер.

Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру

Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету тікелей медицина мамандарының кәсіби білімі мен біліктілігіне байланысты. Осыған орай медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін тұрақты түрде арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Ауылдық деңгейдегі дәрігерлер, орта буын медицина қызметкерлері, психологтар және өзге де мамандар үшін оқыту және біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады.
2026 жылдың алғашқы алты айында 67 медицина қызметкері біліктілігін арттырды. Бұл мақсатқа жалпы 2 769 616 теңге жұмсалды. Оның ішінде:
– 25 дәрігер – 1 476 472 теңгеге;
– 39 орта буын медицина қызметкері – 1 174 144 теңгеге;
– 3 басқа маман (психолог, әлеуметтік қызметкер) – 119 000 теңгеге оқытылды.

Цифрландыру және
телемедицина

Ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруда цифрландыру мен телемедицина мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылуда.
Шалғай ауылдардағы пациенттерге облыстық және республикалық деңгейдегі жоғары білікті мамандардан қашықтан кеңес алу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында телемедицина орталығы жұмыс істейді.
2026 жылы телемедицина арқылы 61 онлайн консультация өткізілді.
Халыққа қашықтан көрсетілген медициналық қызметтердің үлесі 7,1 пайызды құрады. Барлығы 79 535 медициналық қызмет көрсетілсе, оның 5 615-і қашықтан көрсетілген медициналық қызметтер.
Сонымен бірге ауылдық амбулаторияларды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету және электрондық денсаулық сақтау карталарын пайдалану жұмыстары жүргізілуде. Бұл пациент туралы медициналық ақпаратты жедел алуға, емдеу үдерісінің сабақтастығын сақтауға және медициналық қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

МӘМС жүйесінің мүмкіндіктері және медициналық қызмет
сапасы

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тұрғындар ауылдық және аудандық емханаларда медициналық көмектің тиісті пакеттерін, сондай-ақ консультациялық-диагностикалық қызметтерді ала алады.
Медициналық қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметі жұмыс атқарады. Оның құрамына бас дәрігердің орынбасары, ішкі аудит мамандары мен бөлім меңгерушілері кіреді.
Көрсетілген медициналық қызметтерге тұрақты мониторинг пен аудит жүргізіліп, тұрғындардың өтініштері мен туындаған мәселелерін «осы жерде және дер кезінде» шешу қағидаты басшылыққа алынады.
Түскен шағымдар мен өтініштер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген мерзімде қаралып, тиісті жауаптар беріледі.
Тұрғындардың медициналық қызмет сапасына қанағаттану деңгейін анықтау мақсатында стационарлық және алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдарда әр тоқсан сайын пациенттер арасында сауалнама жүргізіліп, оның қорытындысы сараланады.
2026 жылы тұрғындардың медициналық қызметке қанағаттану деңгейі 97,8 пайызды құрады.

Скринингтік зерттеулер – аурудың алдын алудың маңызды тетігі

Қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес белгіленген жас топтары арасында сүт безі обырын, жатыр мойны обырын, тоқ және тік ішек обырын, қан айналымы жүйесі ауруларын, қант диабеті мен глаукоманы ерте анықтауға бағытталған скринингтік зерттеулер жүргізіледі.
Қан айналымы жүйесі аурулары, қант диабеті және глаукома бойынша жоспарланған 5 930 адамның 3 624-і скринингпен қамтылып, көрсеткіш 61,1 пайызды құрады. Нәтижесінде 254 жағдай анықталды.
Сүт безі обырын анықтау скринингі бойынша жоспар – 4 188 адам, оның 2 622-сі немесе 62,6 пайызы тексеріліп, 804 жағдай анықталды.
Жатыр мойны обырын анықтау скринингі бойынша жоспарланған 2 772 адамның 1 829-ы, яғни 66 пайызы тексеріліп, 89 жағдай анықталды.
Тоқ және тік ішек обырын анықтау скринингі бойынша жоспар – 5 465 адам, оның 3 485-і немесе 63,7 пайызы тексеріліп, 28 жағдай анықталды.

Ауруларды басқару бағдарламасы

Созылмалы ауруларды басқаруды жақсарту, олардың асқыну қаупін төмендету және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында Ауруларды басқару бағдарламасы (АББ) жүзеге асырылуда.
Бағдарлама:
– артериялық гипертензияны;
– созылмалы жүрек жеткіліксіздігін;
* 2-типті қант диабетін қамтиды.
Ауруларды басқару бағдарламасының негізгі құрамдас бөлігі – созылмалы ауруы бар, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын хабардар пациент пен клиникалық мамандардың тиімді өзара іс-қимылы.
Бұл үдеріске көп бейінді топ мүшелері – әртүрлі мамандықтағы дәрігерлер мен мейіргерлер, әлеуметтік қызметкерлер, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы мамандар қатысады.
Динамикалық бақылау барысында мамандар артериялық гипертензия, 2-типті қант диабеті және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бойынша пациенттерді Ауруларды басқару бағдарламасына қатысу үшін іріктейді.
Қазіргі таңда аталған аурулар бойынша диспансерлік есепте тұрған 6 107 адамның 592-сі Ауруларды басқару бағдарламасымен қамтылған. Бұл – 9,7 пайыз.
Осылайша, Шу ауданында ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында инфрақұрылымды жаңғыртудан бастап заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге, жылжымалы медициналық кешендердің жұмысын ұйымдастырудан телемедицинаны дамытуға, кадрлық әлеуетті нығайтудан аурулардың алдын алу мен ерте анықтауға дейінгі кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда.
Алдағы кезеңдегі басты міндет – аталған жұмыстардың сабақтастығын сақтай отырып, шалғай елді мекендердегі тұрғындар үшін сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін одан әрі арттыру, кадр тапшылығын кезең-кезеңімен азайту, профилактикалық және скринингтік шаралармен қамтуды күшейту және әрбір тұрғынға тұрғылықты жеріне қарамастан уақтылы әрі сапалы медициналық қызмет көрсету.
Жайдар Айтишев,
Шу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.