Ақпараттық портал

Сәулеттік келбет сақталуы тиіс

Жаздың жайма-шуақ күндері кетіп, күздің қоңыр салқыны сезілді. Бұл мезгіл қысқа қамданатын шақ. Әсіресе жылыту маусымына дайындық жасайтын кезең.

Аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің төрағалығымен өткен апта басындағы аппараттық кеңесте аудан орталығындағы білім ошақтарының басшылары атқарылған жұмыстары мен жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы баяндады. Өз жұмыстарын жіпке тізген С.Шәкіров атындағы орта мектептің директоры А.Жандабаева мен М.Әуезов атындағы орта мектептің директоры Д.Татибеков кеңеске қатысушыларға кеңінен ақпарат берді.
Биыл ауданымызда отбасын қолдау орталығы ашылып, өз жұмысын бастаған болатын. Қысқа уақытта біршама жұмыс атқарған мекеме аталмыш жиында жүзеге асырған жұмыстарын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Орталық директоры Ақбота Устибаеваның айтуынша Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 14 маусымдағы №256 бұйрығына сәйкес «Шу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2025 жылғы 15 қыркүйектегі Шу ауданы әкімдігінің қаулысымен құрылған.
-Өмірде қиын жағдайға тап болған азаматтарды (отбасыларды) ерте анықтау мақсатында, Шу ауданы әкімдігінің 2025 жылғы 20 қазандағы №559 қаулысына сәйкес мобильдік топ құрылды. Топ құрамына әр сала бойынша 352 қызметкер енгізілді,-дейді Ақбота Ратханқызы.
Тағы бір айта кетерлігі, мекеменің жеке ғимараты мен қызметтік көлігі, сондай-ақ штат санының аздығы өзекті мәселе болып отыр.
Сонымен қатар аппараттық кеңесте сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Серік Онланбеков баяндама жасаса, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімше басшысының міндетін атқарушы Хадиша Маразыкова елді мекендердің сәулеттік келбетін сақтау бойынша заңнама талаптары және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері мен жауапкершілігіне тоқталды.
Заңгердің пікірінше, елді мекендердің сәулеттік келбетін қалыптастыру, аумақтарды абаттандыру және құрылыс объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жергілікті атқарушы органдардың күнделікті жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі.
Одан бөлек, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап аталған Құрылыс кодексі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданысқа енгізілді. Осыған байланысты сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы талаптарды жаңа заңнамалық нормаларға сәйкес ұйымдастыру ерекше маңызға ие екені белгілі болды.
Сондықтан әкімдер мен жауапты басшылар арнайы әзірленген алгоритмге сәйкес әрекет жасауы тиіс. Құқықбұзушылықтың түбегейлі жойылғанына дейін істі жеткізу керек.
Сұрақтарға жауап берілгеннен кейін кеңес қорытындыланып, аудан басшысы жауаптыларға тапсырмалар беріп, тиянақтылық танытуға шақырды.
Жиын барысында «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Ақпарат саласының үздігі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Жұмахан Чекаевтың зейнетке шығуына орай Бақытжан Оразалыұлы ақ тілегін айтып, құрмет көрсетті.

Байжан ЕМБЕРДЫ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.