Ақпараттық портал

Жаңақоғамда жаңа спорт алаңы ашылды

Жаңақоғам ауылдық округіне қарасты Көктөбе ауылында тұрғындар игілігіне арналған жаңа шағын футбол алаңы пайдалануға берілді.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына ауыл тұрғындары, жастар мен спортсүйер қауым жиналды. Мерекелік шара барысында ауыл өнерпаздары көпшілікке әсем билерін ұсынып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ақ жаулықты әжелер ақ батасын беріп, шашу шашып, игілікті істің басталуына ізгі тілектерін білдірді.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған спорт алаңы ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын ұстануына және бұқаралық спортты дамытуға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл нысан жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, жаңа жеңістерге ұмтылуына жол ашады.
Ашылу рәсімінен кейін Қапалбаев Сағынтай Тұрғынұлын еске алуға арналған футболдан турнир өтті. Спорттық додаға бірнеше команда қатысып, алаңда тартысты ойын өрнегін көрсетті. Жарыс барысында ойыншылар жеңіске деген жігері мен шеберлігін танытып, көрермендерге әсерлі сәттерге толы бәсеке сыйлады.
Ауыл тұрғындары үшін ашылған жаңа спорт нысаны бұқаралық спорттың дамуына серпін беріп, жастардың белсенді өмір салтын қалыптастыруға ықпал етпек.
Жаңа алаң талай тартысты додалардың және жас спортшылардың жарқын жеңістеріне куә болсын!
Марлен Махамадиев,
Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.