Әл-Фараби және оның мұралары
Әбу Насыр әл-Фараби – әлемдік ғылым мен мәдениет тарихында өшпес із қалдырған ұлы ойшыл. Ол шамамен 870 жылы Отырар өңірінде дүниеге келген. Әл-Фараби – философ, математик, логик, музыка зерттеушісі әрі энциклопедист ғалым.
Білімге құштар ғалым Бұхара, Бағдад, Дамаск сияқты ірі мәдени орталықтарда болып, көптеген ғылым салаларын зерттеген. Ол философия, логика, математика, астрономия, медицина, тіл білімі, музыка және саясаттану бойынша көптеген еңбектер жазды.
Әл-Фарабидің ең белгілі шығармаларының бірі – «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары». Бұл еңбегінде ол қоғамның дамуы, адамгершілік, әділеттілік, білім және бақыт туралы өз ойларын білдірген. Ғалымның пікірінше, адам нағыз бақытқа білім, ізгілік және парасат арқылы жетеді.
Әл-Фараби музыка ғылымына да үлкен үлес қосты. Оның «Музыканың ұлы кітабы» еңбегінде музыка теориясы, дыбыс, әуен және музыкалық аспаптар туралы маңызды ғылыми тұжырымдар жазылған.
Ұлы ойшыл білім мен тәрбиені ерекше бағалаған. Оның идеялары ғылымға ұмтылуға, ізденуге, еңбек етуге және қоғамға пайда келтіруге үндейді.
Әл-Фараби мұрасы – тек бір халықтың емес, бүкіл адамзаттың ортақ қазынасы. Оның еңбектері бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Әл-Фараби – болашақ ұрпаққа жол көрсететін ұлы тұлға және оның ғылымы адамзат өркениетінің мәңгілік мұрасы болып қала береді.
Л.Жақыпова,
Тасөткел ауылдық
кітапханасының кітапханашысы.
Жыр алыбы – Жамбыл
Қазақ халқының рухани мұрасында айрықша орны бар ұлы тұлғалардың бірі – Жамбыл Жабаев. Ол – халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, ақындық өнердің биік шыңына көтерілген жыр алыбы. Жамбылдың шығармалары халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, ел бірлігі мен адамгершілік құндылықтарын дәріптейді.
Жамбыл Жабаев 1846 жылы Жамбыл тауының баурайында дүниеге келген. Оның ақындық қабілеті жастайынан байқалып, атақты ақын Сүйінбай Аронұлынан бата алған. Ұстазының өнегесін жалғастырған Жамбыл суырыпсалма ақын ретінде елге кеңінен танылды. Ол көптеген айтыстарға қатысып, өзінің шешендігімен, тапқырлығымен және әділдігімен ерекшеленді.
Жамбыл шығармаларының басты тақырыбы – елдің бірлігі, туған жерге деген сүйіспеншілік, еңбекқорлық пен адамгершілік.
Ж.Еркешова,
Шу қалалық №1
кітапханасының кітапханашысы.