Еңбегі еленген ардагерлерге құрмет көрсетілді
Теміржол саласының дамуына саналы ғұмырын арнап, талай жыл маңдай терін төккен жандардың еңбегі ешқашан елеусіз қалмақ емес. Жуырда Шу пайдалану локомотив депосында теміржол саласында ұзақ жыл еңбек етіп, бүгінде құрметті еңбек демалысындағы бірқатар ардагердің басын қосқан тағылымды кездесу өтті.
Салтанатты басқосуға арнайы келген «Қазақстанның Құрметті теміржолшысы», Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Шу аймағы теміржолшы ардагерлер алқасының төрағасы Тұрсынбай Нүрғалиұлы Халық және алқа мүшелері үш ардагерді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Теміржолшы ардагерлер орталық кеңесінің Алғыс хатымен марапаттады. Астана қаласынан арнайы жеткізілген марапат Ақшалов Еділ Бекмұратұлы, Сепаталиева Айткүл Табылдықызы және Керімбаева Олжакүл Омарбекқызына табысталды. Марапаттау рәсімінде Еділ Бекмұратұлының иығына қазақы дәстүрмен шапан жабылса, Айткүл Табылдықызы мен Олжакүл Омарбекқызына ақ жаулық салынып, иықтарына кестелі камзол кигізілді. Осылайша, ұлттық дәстүрмен өрілген ерекше құрмет ардагерлердің мерейін өсіріп, көңілдеріне қуаныш ұялатты. Депо басшысы Оспанов Әлімжан Әбдімәлікұлы да сөз алып, теміржол саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерге шынайы ризашылығын білдірді. Олардың ұзақ жылғы адал еңбегі мен мол тәжірибесі кейінгі буын үшін қашанда өнеге екенін атап өтіп, еңбектері мен саланың дамуына сіңірген қызметтері үшін алғысын жеткізді.
Жылдар бойы теміржолдың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, жауапкершілігі мол саланың ауыртпалығын абыроймен көтерген ардагерлер үшін мұндай ықыластың орны бөлек. Өйткені адамның еңбегі еленіп, өмір жолы ұлықталған сәттен артық мәртебе жоқ. Өз кезегінде ардагер теміржолшылар көрсетілген сый-құрметке ризашылықтарын білдіріп, кездесуді ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын жеткізді.
Балнұр Жексенбекқызы.