Ақпараттық портал

Білім мен жаңашылдықты қатар ұстанған мектеп

Шу қаласындағы Төле би атындағы орта мектеп – білім беру үдерісіне жасанды интеллект ресурстарын енгізу, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану бағытында жаңашылдық танытып келе жатқан білім ордаларының бірі. Білім сапасы мен басқару жүйесіндегі жетістіктері арқылы да ерекшеленіп отырған мектеп ұжымы заман талабына сай жұмыс жүргізіп келеді.

Мектеп директоры Әсел Нұрланқызы Құралбаева Тараз мемлекеттік университетінде информатика мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған. Басшылық қызметке Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің белгіленген тәртібіне сәйкес іріктеуден өтіп тағайындалған білікті басшы білім ордасының дамуына, ұжымның кәсіби әлеуетін арттыруға айрықша көңіл бөліп келеді.
Кісілік пен кішілікті қатар ұстанып, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете білетін мектеп басшысы жаңа оқу жылындағы мақсат-міндеттерді айқындап, ұжымның алдағы жұмыс бағыттарын белгіледі. Әсіресе, білім беру үдерісін цифрландыру, заманауи технологияларды сабақта тиімді қолдану және педагогтердің тәжірибе алмасуына жағдай жасау басты назарда.
Осы бағыттағы жұмыстардың бірі – «Ізденіс» шығармашылық тобының ұйымдастыруымен өткен «Жобалау технологияларын сабақта қолданудың тиімді әдіс-тәсілдері» атты мектепішілік семинар. Кәсіби басқосу барысында ұстаздар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жобалау технологияларын оқу үдерісіне енгізудің тиімді жолдарын талқылады.
Шу ауданының білім саласындағы жұмыс нәтижелері де білім сапасы, пәндік олимпиадалардағы жетістіктер мен Ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіштері арқылы сараланып, арнайы рейтинг негізінде бағаланады. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев атап өткен болатын. Осындай талап үнемі ізденісті, жүйелі жұмысты және нақты нәтижеге бағытталған білім беруді қажет етеді.
Төле би атындағы орта мектеп оқушыларының пәндік олимпиадалар мен шығармашылық байқаулардағы жетістіктері – ұстаздар еңбегінің жемісі. Атап айтқанда, Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңінде алгебра, физика, химия және биология пәндері бойынша бақ сынаған мектеп оқушысы Айдана Кенжебек жүлделі ІІ орынға ие болды.
Ал «Даму» халықаралық инновациялық орталығы ұйымдастырған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын кеңінен насихаттауға арналған «Мақатаев мұрасы» республикалық байқауында шығармашылық қабілетімен дараланған Арайлым Бақытжан жеңімпаз атанды. Осы жетістігінің арқасында ол жетекшісі Жансая Абаевамен бірге Астана қаласында өтетін дарынды оқушылар форумына жолдама алды.
Білім бәйгесінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен де мектеп мерейін асқақтатқан оқушылар бар. Атап айтқанда, 11-сынып оқушысы Айдана Кенжебек пәндік олимпиадада І орын иеленіп, білімін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мектеп ұстаздарының кәсіби жетістіктері де көңіл қуантады. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған математика пәнінен «Педстарт» олимпиадасында жоғары нәтиже көрсеткен педагогтер Әсел Төребек, Айдана Сейдіш, Айжан Самзаева, Тұмар Асан және Диана Искакова жеңімпаз атанып, арнайы марапатқа ие болды.
Білім сапасын арттыру, озық тәжірибені тарату, цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және шәкірттерді түрлі білім додаларына дайындау – мектеп ұжымының негізгі жұмыс бағыттарының бірі. Ұстаз бен шәкірт жетістігі өзара сабақтасқан осындай жүйелі еңбектің нәтижесінде Төле би атындағы орта мектеп білім кеңістігіндегі жаңашылдыққа ұмтылған, жетістікке бағдарланған білім ордасы ретінде танылып келеді.
Ләззат Оразбаева,
Шу қаласы.
Суретте: аудандық білім бөлімінің басшысы
Жайдар Жазықбаев пен Төле би атындағы орта мектептің директоры Әсел Құралбаева.

Leave A Reply

Your email address will not be published.