ҚОСҚҰДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІККЕ ҚОЛДАУ
№14 сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Бекбасов Нұрбол Ержанұлы
№14 сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Бекбасов Нұрбол Ержанұлы білім және мәдениет нысандарын жөндеу, электр желілерін жаңарту, көшелерді жарықтандыру және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған сайлауалды бағдарламасын ұсынды. Алдағы бес жылға арналған міндеттерде қала инфрақұрылымымен қатар, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мен құқықтық қолдау мәселелері қамтылған.
ӨМІРБАЯНЫ МЕН ЕҢБЕК ЖОЛЫ
Нұрбол Ержанұлы 1983 жылғы 17 сәуірде Қарағанды облысында дүниеге келген. 2015 жылы М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2005 жылы Алматы қаласындағы «Fast Trade» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде менеджер болып бастаған. 2012–2023 жылдары Алматы облысындағы «Бекбасов и Ко» жеке кәсіпкерлігінің директоры қызметін атқарған.
2024 жылдан бері «Luxury Trade» ЖШС-нің, яғни «Ореке» мейрамхана кешенінің директоры. Үйленген, алты бала тәрбиелеп отыр. Кандидат кәсіпкерлік тәжірибесі мен құқықтану саласындағы білімін тұрғындардың мүддесіне бағыттауды көздейді.
МЕКТЕП ПЕН БАЛАБАҚШАҒА КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ
Бағдарламада №40 мектеп пен «Қосқұдық» балабақшасының ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізуге ықпал ету белгіленген. Бұл міндет білім беру нысандарының жағдайын жақсартуға бағытталған.
Балалар ойын алаңын салуға қажетті қаражаттың бөлінуіне атсалысу да көзделеді. Кандидат балаларға қолайлы орта қалыптастыруды қаланы дамыту міндеттерінің бір бөлігі ретінде қарастырады.
ЖАҢАРҒАН ЖЕЛІ МЕН ЖАРЫҚ КӨШЕ
Қосқұдық шағын ауданының электр желілерін жаңартуға қаражат бөлінуіне ықпал ету — міндеттердің бірі. Сәтбаев көшесін жаңғыртуға қаржы қарастыру мәселесі де бағдарламаға енгізілген.
Қала көшелеріне жарықтандыру жүйесін орнатуға қаражат бөлінуіне атсалысып, монтаждау жұмыстарының сапасын депутаттық өкілеттік аясында бақылауда ұстау жоспарланған. Бұл бағыт тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасаумен байланысты.
МӘДЕНИЕТ ҮЙІН ЖАҢҒЫРТУ
Қалалық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлінуіне ықпал ету бағдарламаның міндеті ретінде белгіленген.
САУДА, ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІП
Нұрбол Бекбасов Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар ұсынатын экономикалық бағдарламалардың Шу қаласында тиімді жүзеге асуына ықпал етуді көздейді. Сауда, қызмет көрсету және әлеуметтік кәсіпкерлік бағыттарына ерекше мән беріледі.
Өз ісін ашқысы келетін тұрғындарды мемлекеттік субсидиялар мен қолдау шаралары туралы ақпараттандыруды күшейту ұсынылады. Бастамашыл азаматтарға әдістемелік және құқықтық қолдау көрсету жүйесін қалыптастыруға атсалысу да осы бағытқа кіреді.
КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАР МЕН ЖАС КӘСІПКЕРЛЕР
Әлеуметтік бағдарламалар арқылы көпбалалы отбасылар мен жас кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетілуіне ықпал ету жоспарланған. Олардың әл-ауқатын арттыруға арналған жобалардың орындалуын қадағалау да міндеттер қатарында.
Құқықтану саласындағы білімін пайдалана отырып, кандидат қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылыққа бағытталған шаралардың сапалы жүзеге асуына атсалысуды көздейді.
ТҰРҒЫН МӘСЕЛЕСІНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАУ
Нұрбол Бекбасов сайлаушылармен тұрақты байланыс орнатып, туындаған мәселелердің шешілуіне мәслихат депутатының өкілеттігі шеңберінде күш салуды жоспарлайды.
Оның ұстанымы — халық сенімін жауапкершілікпен қабылдап, әрбір мәселенің тиісті деңгейде қаралуына ықпал ету. Қаланы дамыту мен тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағдарламаның өзара байланысты басымдықтарын құрайды.
Дайындаған: “Шу аудандық баспасы” ЖШС
Тапсырыс беруші: Бекбасов Нұрбол Ержанұлы
Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.