Мемлекеттік қызмет — мерейлі міндет
Қоғамның дамуы мен өркендеуі, еліміздегі әрбір азаматтың әлеуметтік әл-ауқаты мен құқықтық қорғалуы көбінесе мемлекеттік қызметшілердің жұмысына, олардың адалдығы мен кәсібилігіне тікелей байланысты. Мемлекеттік қызмет – бұл жай ғана лауазым немесе күнделікті жұмыс емес, бұл – Отанға, халыққа адал қызмет етудің биік үлгісі, асқақ жауап-кершілік.
Адалдық пен сабырлылық – басты қағидат судья мамандығы немесе кез келген мемлекеттік қызмет адалдық пен әділдіктің темірқазығына сүйенуі тиіс. Адалдық – қызметшінің ар-ұжданының тазалығы, ал мемлекет пен халық алдындағы міндетін жан-тәнімен орындауы. Әділ шешім шығару үшін тек заңды білу аздық етеді, мұнда жүрек тазалығы мен парасаттылық қажет.
Ал сабырлылық – қызмет барысындағы кез келген қиын жағдайда дұрыс бағыт ұстаудың кілті. Сот залындағы әрбір іс, әрбір азаматтың арызы мен шағымы эмоцияға берілмей, салқынқандылықпен, тек қатаң түрде заң аясында қаралуын талап етеді. Қандай да бір күрделі немесе даулы жағдайларда сабыр сақтап, тараптардың уәжіне құлақ аса білу – мемлекеттік қызметшінің кәсібилігін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Білім мен біліктілік – заман талабы, қоғам үнемі даму үстінде, заңдар мен нормативтік актілер де өзгеріп, жетіліп отырады. Сондықтан мемлекеттік қызметші бір орында тұрып қалмай, үнемі ізденісте болуы тиіс. Терең білім мен ұдайы жетіліп отыратын біліктілік қана қызметтің сапасын арттырады.
Заман ағымына сай цифрлық технологияларды меңгеру, жаңа заңнамалық өзгерістерді жіті қадағалау және халыққа сапалы құқықтық көмек көрсету – бүгінгі күннің талабы. Әрбір судья мен мемлекеттік қызметші өз ісінің шебері атану үшін үздіксіз оқып, кәсіби деңгейін шыңдап отыруы қажет.
Мемлекеттік қызметтің жүгі ауыр екені рас. Әсіресе, бұл міндетті нәзік жандылардың атқаруы үлкен төзімділікті талап етеді. Қызметтегі қатаң тәртіп пен жауапкершілікті отбасының жылуымен, аналық және жарлық парызбен қатар алып жүру – оңай шаруа емес.
Күні бойы мыңдаған қағазбен жұмыс істеп, азаматтардың арыз-шағымын қарап, ауыр ойлармен үйге келгенде де отбасының ошағына жылу сыйлап, балалардың тәрбиесіне көңіл бөлу – әрбір әйел-қызметшінің жүрегіндегі үлкен күштің көрінісі. Жұмыстағы қатаңдық пен талапшылдықты үйдегі мейірім мен түсіністікпен ұштастыра білу – шынайы парасаттылықтың белгісі. Бұл ретте отбасының қолдауы мен сенімді тірек болуы – кез келген биікке жетуге күш беретін басты қайнар көз.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтеру, кадрлардың әлеуетін арттыру және халықтың сенimин ақтау басты назарда. Әсіресе, сот жүйесінде қызмет ету – өлшеусіз сабыр мен терең білімді, ерекше жауапкершілікті талап ететін сала. Себебі біздің әрбір шешіміміздің артында адам тағдыры, әділдік пен заңның үстемдігі тұр.
Мемлекеттік қызмет – бұл абыройлы міндет қана емес, ел алдындағы қасиетті борыш. Тәуелсіз еліміздің гүлденуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген әрбір қызметшінің еңбегі еленіп, елдің алғысына бөленуі маңызды. Шу өңірінің өркендеуіне, заң мен тәртіптің салтанат құруына өз үлесімді қосып келе жатқан маман ретінде, бұл қызметтің қадірін биік ұстау – бәрімізге ортақ парыз деп білемін.
Жібек Тәжібаева,
Шу аудандық сотының
судьясы.