Ақпараттық портал

Шаңырақтың берекесі — ақ әжелер

Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында «Ақ әжелер ізімен» жобасының жылдық қорытынды кеші өтті.
Жиын басында ақын жүргізуші ән шашумен кешті ашып, көрермендерге ерекше көңіл сыйлады. Шараға Жамбыл облысының басшылары қатысып, ақ жаулықты әжелерге жүрекжарды тілектерін білдірді. Олар әжелердің қоғамдағы орнының ерекше екенін, ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды сақтаудағы еңбектерінің зор екенін атап өтті.

Кеш барысында «Аңырақай аңызы» мультфильм ретінде көрсетілді. Көрермендер бабалар ерлігін, ел бірлігін дәріптейтін тарихи туындыны ерекше ықыласпен тамашалады. Бұл мультфильм жас ұрпаққа отансүйгіштік пен елге деген махаббатты ұғындырды.
Шараға әр ауданнан ақ жаулықты әжелер қатысып, жыл бойы жоба аясында белсенділік танытып, жас ұрпақты тәрбиелеуге, салт-дәстүрімізді дәріптеуге үлес қосқан әжелер кеште ерекше құрметке бөленді. Шара барысында әжелер өздерінің өмірлік тәжірибелерімен, жүрекжарды әңгімелерімен бөлісіп, жас ұрпаққа баталарын берді. Ән айтылып, күй шертіліп, рухани кештің көркі арта түсті. Шара соңында жыл бойы еңбек еткен әжелерге дипломдар табысталды. Сонымен қатар, әрбір әжеге Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында жинақталған «Әжемнің ертегілеріне саяхат» ертегілер жинағы, Жамбыл облысындағы бөбекжай бақшаларда бүлдіршіндерге ертегі оқу үшін ерікті түрде топтасқан облыстың белсенді ардагер әжелеріне арналып дайындалған кітабы және заттай сыйлықтар берілді.
Кештің әсерлі сәті — ақ жаулықты әжелердің бір-бірімен қауышуы, бір шаңырақ астындағы жылулық пен мейірім болды. Бұл – ұрпаққа үлгі боларлық шынайы сүйіспеншілік еді.
Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен болған кешке Шу ауданының әжелерінің атынан ризашылығымызды білдіреміз.
Раушан Читебаева,
Далақайнар ауылдық аналар алқасының төрайымы.

Жауап қалдыру

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.