Ақпараттық портал

Жеңіс жолындағы жас чемпиондар

Спорт – табандылық пен тәртіпті, төзімділік пен қайсарлықты талап ететін үлкен мектеп. Жеңіс тұғырынан көріну үшін спортшыға үздіксіз ізденіс, тынымсыз еңбек және мықты жігер қажет. Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген Шу қаласының жас спортшылары Батырхан мен Махназ бүгінде туған жерінің мақтанышына айналып келеді.

Жас спортшылардың жетістіктері олардың спортқа деген қызығушылығы мен мақсатқа деген ұмтылысының айқын көрінісі. Әсіресе, халықаралық деңгейдегі жарыстарда ел намысын қорғап, көк байрағымызды биікте желбірету – әрбір спортшы үшін үлкен мәртебе.
Махназ биыл Абу-Дабиге екінші мәрте барып, тағы да алтын медальмен оралды. Бұл жолы да ол қарсыластарына дес бермей, чемпиондық атақты жеңіп алды. Жарыс барысында Қырғыз Республикасы, Кувейт және Біріккен Араб Әмірліктерінен келген спортшылармен белдесіп, барлығын сенімді түрде жеңді. Оның жоғары дайындық деңгейі, әдіс-тәсілдерді шебер меңгеруі мен жеңіске деген жігері жарыс алаңында айқын байқалды. Осылайша, Махназ екінші мәрте алтын жүлдеге қол жеткізіп, өзінің спорттық әлеуетін тағы бір дәлелдеді.
Мұндай жетістіктердің артында, әрине, спортшының жеке еңбегімен қатар, бапкердің де өлшеусіз еңбегі жатыр. Батырхан мен Махназдың спорттағы қалыптасу жолында Шу қаласындағы «Namir» клубының жаттықтырушысы Әділет Манашевтің орны ерекше. Жас өрендерді спортқа баулып, олардың бойында жеңіске деген құлшыныс қалыптастыру – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Әділет Манашев шәкірттеріне тек спорттық әдіс-тәсілдерді үйретіп қана қоймай, оларды тәртіпке, төзімділікке, өз күшіне сенуге және алға қойған мақсатқа табандылықпен ұмтылуға тәрбиелеп келеді. Оның кәсіби шеберлігі, әр спортшының қабілетіне қарай жұмыс жүргізуі мен тәлімгерлік қолдауы жас спортшылардың жетістіктеріне негіз болып отыр.
Спорттағы жеңіс бір күнде келмейді. Оның артында күн сайынғы жаттығу, маңдай тер, жеңілістен сабақ алу және қайта талпыну бар. Әрбір жарыс – спортшы үшін жаңа тәжірибе, ал әрбір жеңіс – келесі белестерді бағындыруға берілген үлкен мүмкіндік. Бүгінде Батырхан мен Махназ осы жолда өздерінің қайсар мінездері мен табандылықтарын танытып келеді. Олар халықаралық жарыстарда Қазақстанның атынан өнер көрсетіп қана қоймай, туған жері Шу қаласының да абыройын асқақтатуда.
Жас спортшылардың жетістігі – ата-анасының қуанышы, бапкерінің еңбегінің жемісі және туған өлкенің мерейі. Ең бастысы, олардың жеңіс жолы кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі болып, балаларды спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға және биік мақсаттарға ұмтылуға жігерлендіреді.
Батырхан мен Махназдың бағындырар белестері әлі алда. Бүгінгі жеңістер ертеңгі үлкен жетістіктердің бастауы болсын! Жас чемпиондарға жаңа жеңістер, ал бапкері Әділет Манашевке шәкірттерінің биік тұғырлардан көрінуіне тілектестік білдіреміз.
Б.ЖЕЛДЕН.

Жауап қалдыру

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.