«Шабыт шуағы — өнерлі ұрпақ»
Мәдениет – ұлттың рухани байлығы, ал өнер – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын асыл мұра. Ауылдық мәдениет үйінің басты міндеті – тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамыту, ұлттық өнерімізді насихаттау және өнерге деген қызығушылығын арттыру. Өнерлі ұрпақ – елдің ертеңі. Ал сол ұрпақтың талабын ұштап, талантына жол ашу – мәдениет саласының басты міндеттерінің бірі.
Шу аудандық мәдениет үйіне қарасты мәдени ошақтарда «Шабыт шуағы – өнерлі ұрпақ» атты шығармашылық үйірмелердің 2026 жылы атқарған жұмыстарының жылдық қорытынды есеп беру концерттері бастау алды. Үйірмелердің негізгі мақсаты – балалардың бойындағы табиғи талантты ашу, шығармашылық қабілеттерін шыңдау, өнерге баулу және олардың мәдени ортада еркін дамуына мүмкіндік жасау.
Жыл бойы үйірме жетекшілері бекітілген жоспарға сәйкес сабақтар өткізіп, балалардың шығармашылық ізденісіне бағыт-бағдар берді. Әрбір сабақ жас өнерпаздардың шеберлігін арттырып, сахна мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті. Жыл көлемінде мәдениет үйінде түрлі мерекелік, танымдық, тәрбиелік және шығармашылық бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарына мәдени қызмет көрсетілді.
Бекітілген кестеге сәйкес, 18 қараша күні Қонаев ауылдық мәдениет үйі есеп беру концерттерінің шымылдығын ашты. 19 қарашада Шоқпар ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған үйірмелер өз өнерлерін ортаға салса, 20 қараша күні Абай ауылдық мәдениет үйінде кезекті шығармашылық есеп беру концерті ұйымдастырылды.
Концерт барысында үйірме қатысушылары жыл бойы меңгерген өнерлерін көрерменге ұсынып, ән, би, көркемсөз және сахналық қойылымдар арқылы шығармашылық қабілеттері мен ізденістерін көрсетті. Әрбір өнер нөмірі жас таланттардың шабытын, өнерге деген сүйіспеншілігін және үйірме жетекшілерінің тынымсыз еңбегін айшықтады.
Жылдық есеп беру концерттері – бір жылдық еңбекті қорытындылап қана қоймай, балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін шыңдап, сахна мәдениетін қалыптастыруға, өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды мәдени шара. Көрермендер жас өнерпаздардың өнеріне ризашылықтарын білдіріп, олардың алдағы шығармашылық жолдарына толағай табыс, биік белестер мен жарқын жетістіктер тіледі. Осы орайда, жыл бойы жемісті еңбек еткен үйірме жетекшілеріне, өнерге құштар балаларға, ата-аналарға және мәдениет саласының дамуына қолдау көрсетіп жүрген барша азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз!
«Шабыт шуағы – өнерлі ұрпақ» атты шығармашылық есеп беру концерттері алдағы уақытта ауданның басқа да мәдениет ошақтарында өз жалғасын табатын болады.
Маржан Көпбосынова,
Шу аудандық мәдениет
үйінің мәдени ұйымдастырушысы.