Батаменен ер көгерер
Қазақ халқы батаны ақ тілек пен ізгі ниеттің, үлкеннің өнегесі мен ұрпаққа аманат еткен рухани мұрасының көрінісі деп қастерлеген. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген нақыл сөздің өзінде батаның ел өміріндегі орны терең аңғарылады. Ақ бата жас ұрпақты адалдыққа, адамгершілікке, үлкенді сыйлауға және елін құрметтеуге үндейді.
Уақыт алға жылжып, тұрмыс пен өмір салты өзгерген сайын ұлттық дәстүрлердің мәнін түсіндіру, оның өзегінен ажырап қалмау – бүгінгі ұрпақ алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Бата беру дәстүрін жас буынға танытып, оның тәрбиелік маңызын ұғындыруға бағытталған тағылымды кездесулер осы міндетті жүзеге асыруға жол ашады.
Осы мақсатта Домалақ ене атындағы орта мектебінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Ұрпақтар сабақтастығы – ұлттық құндылық» бағыты бойынша «Батаменен ер көгереді» атты сынып сағаты өтті. 6 «Ә» сыныбының жетекшісі Ж.Қонақбаева ұйымдастырған кездесуге ауылдың аталары қатысып, оқушылармен ой бөлісті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – балаларға бата беру дәстүрінің мәні мен мазмұнын түсіндіру, үлкенге құрмет көрсетуге, ұлттық мұраға сүйіспеншілікпен қарауға тәрбиелеу. Кездесу барысында батадағы ақ тілек, ізгі ниет, адалдық пен адамгершілік қағидаларының бала тәрбиесіндегі орнына назар аударылды. Аталардың өнегелі сөздері мен өмірлік тәжірибесі оқушыларға ұлттық құндылықтарды жақыннан танып, олардың мәнін тереңірек ұғынуға мүмкіндік берді.
Аға буынның батасын тыңдап, өнегесін үлгі ету – ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтатын тағылымды дәстүр. Мұндай жүздесулер жас ұрпаққа халқымыздың асыл мұрасын танытып қана қоймай, үлкеннің сөзін тыңдауға, ақылын қадірлеуге және сол өнегені өмірде ұстануға баулиды. Ұлттық дәстүрді ұлықтап, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын осындай тәрбиелік кездесулердің маңызы зор. Өйткені батаның қадірін түсініп, оның өнегесін бойына сіңірген ұрпақ елдік мұратты, ізгілік пен адамдық қасиеттерді бағалай біледі.
Айсауле Уатаева,
Домалақ ене атындағы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Бірлікүстем ауылы.