ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ – БІЗДІҢ МІНДЕТ
Еліміздің әрбір облысында, әрбір ауданында ауқымды жұмыс, анағұрлым жауапкершілік те тұрғын–үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тиесілі. Байқағандарыңыздай, біздің бір ғана бөлім үш бағытты қамтып, иығына ауыр жүк артып отыр. Мемлекет аталған салаларға қыруар қаржы құйып, міндеттер мүлтіксіз атқарылуы керек деген талап қояды. Сондықтан осы үдеден шығып, тұрғындардың ең өзекті болған мәселесін шешу бізге жүктелген басты жұмыс.
Шу ауданы әкімдігінің тұрғын–үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі биыл да әдетінше нәтижелі жұмыс атқарды деп нық сеніммен айта аламын. Жыл басынан бері елді мекендерді ауыз сумен қамту, білім нысандарының қазандықтарын табиғи газға қосу, аудандық және көше ішілік жарықтандыру және жолдарын жөндеу, басқа да біздің құзіретке кіретін жұмыстар бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды.
Мәселен, биыл 6 ауылға ауыз су жүргізу жұмыстары басталды. Ауқымды істің бірі – Көктөбе ауылына ауыз су құбырын тарту. Қазіргі таңда 31,0 шақырым көше ішілік құбырлары мен 71 дана құдықтар салынған. Сонымен қатар су жинайтын 300 текше метрлік қос резервуар салынып бітіп, топырақпен жабу жұмыстары ғана қалды. Одан бөлек, 50 текше метрлік су мұнарасы тұрғызылып, су шығару нысанының аумағын қоршау жұмыстары аяқталды. Бүгінгі күнде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыстарды соңына дейін жеткізуге «Мелиоратор» ЖШС жауапты болып отыр. Осы бағыттағы жұмыстар Сауытбек, Көкқайнар, Ақтөбе, Еңбекші ауылдары мен «Қант зауыты» мөлтек ауданында жүргізілуде. Соның ішінде Сауытбек ауылында ауыз су құбырының ұзындығы 5,7 шақырымы, көше ішілік ауыз су желілері және үйлерге баратын желілер толығымен салынып бітті. Осы жылы жасалынатын жұмыстар толығымен тәмамдалып, бөлінген қаражат игерілді. Қазан айының басында құрылыс жұмыстары тоқтатылды.
Биылғы жылдың жемісті жұмыстарының бірі – білім нысандарының қазандықтарын табиғи газға қосу болғаны ақиқат. Ағымдағы жылы аудандағы 6 мектептің жылу жүйесу көгілдір отынға қосылып, қатты отынның әлегінен құтылған. Оларды атап өтсек, Алға ауылдық округіндегі Сауытбек орта мектебі, Төле би ауылындағы Е.Бекмаханов, М.Әуезов, М.Мақатаев атындағы орта мектептері мен «Айналайын» балалар бақшасы және Қонаев атындағы орта мектебі. Барлығының газға қосылу жұмыстары қазан айында аяқталып, қазіргі таңда жылу жүйелі пайдаланылуда.
Жыл сайынғы аудан әкімінің есебінде тұрғындардың жиі көтеретін мәселесі көшелерді жарықтандыру екені белгілі. Үстіміздегі жылы ауданымызда 16 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген. Оның ішінде Шу қаласынан екі көше, Алға және Өндіріс ауылдық округтерінен екі көше, аудан орталығынан 12 көше енгізілген. Аталған көшелердің тұрғындары таңертең мен кешкісін кедергісіз қозғалып, жарықтың игілігін көруде.
Сондай-ақ тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін сұрақтың басым бөлігі автомобиль жолдарын жөндеу болып табылады. Осы жылы Шу қаласының үш көшесінің жабынына орташа жөндеу, Жаңа жол, Бөлтірік, Бірлік, Ақтөбе ауылдарынан бір-бір көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Барлығы сегіз шақырымнан асатын жол ретке келтірілді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын айтқым келеді.
Қазіргі таңда «Қант зауыты» мөлтек ауданында, Алға, Жаңа жол, Бірлікүстем ауылдық округтеріне ауыз су мұнарасы орнатылған. Ендігіде іске қосылу жұмыстары күтілуде. Сонымен бірге Ақтөбе, Мойынқұм, Еңбекші, Далақайнар ауылдарында кіші футбол алаңшаларының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Халықтың сұранысына сай қызмет көрсету – біздің жұмысымыздың негізгі бағыты. Әрине, аудан аумағына сай шешімін күткен шаруалар көп. Оған ең алдымен қыруар қаржы, уақыт қажет. Барлық мәселелер – біздің тұрақты назарда. Оларды рет-ретімен қарастыру жоспарға енгізілген.
Жадыра КАЛИКОВ,
аудан әкімдігі тұрғын–үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.